Бишілер бәсекесінде бірнеше жүлде бұйырды
Жуырда «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының «Ерке сылқым» би үйірмесі «Дарынды 1000 бала – 2025» онлайн байқауына қатысып, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете алды.
Республикалық «DARYN.KZ» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен байқаудың қорытындысы бойынша үлкен топтың биші қыздары қазақтың ұлттық «Киіз басу» биін орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Ал орта топтың биші қыздары өзбек халқының «Қызыл алма» биін билеп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ кіші топтың биші қыздары қазақтың «Гүлдер» биімен І дәрежелі дипломға қол жеткізді.
Айта кетерлігі, аталған байқау «Ерке сылқым» би үйірмесі үшін онлайн форматта өткен алғашқы республикалық сайыс болды. Соған қарамастан, биші қыздар өздерінің жоғары кәсіби дайындық деңгейі мен қалыптасқан сахналық мәдениетін айқын танытып, қазылар алқасының оң бағасына ие болды. Үйірме тәрбиеленушілері бұған дейін де офлайн форматта ұйымдастырылған қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген тәжірибелі өнерпаздар ретінде танылған.
Бұл жолғы жетістік – үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі. Жеткен жетістіктердің барлығы би үйірмесінің жетекшісі Шолпан Мұхтарқызының кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің, сондай-ақ шәкірттеріне деген жанашырлығының айқын көрінісі. Ол әрбір баланың бойындағы қабілетті ашып, би өнеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді.
Бағжан БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ,
«Анаға тағзым» облыстық отбасылық
даму әлеуметтік орталығының баспасөз хатшысы