Домбыра үйірмесінің үйретері көп
Қазіргі таңда оқушылардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына ықпал ететін маңызды құралдың бірі – үйірме жұмыстары. Үйірмелер – оқушыларға мектеп бағдарламасынан тыс қосымша білім беріп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын анықтауына, жеке қабілетін жетілдіруіне мүмкіндік беретін орта.
Білім мен тәрбиенің қатар өрілген кең өрісінде әр баланың бойындағы талант пен қабілетті дер кезінде байқап, дұрыс бағытқа жетелеу – ұстаздың да, қоғамның да басты міндеті. Осы жолда үйірме жұмыстары – оқушының ішкі әлеуетін ашып, оны болашаққа сеніммен жетелейтінін ерекше атап өткен жөн.
Мәселен, Қордай ауылындағы «Bilim-Dos» мектебіндегі домбыра үйірмесі оқушыларға ұлттық музыкалық мұраны үйретіп қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарып келеді. Ерекше атап өтерлігі, үйірмеге үшінші сыныпта оқитын орыс ұлтының өкілдері қызығушылықпен қатысып, қазақтың қара домбырасына шын көңілмен ден қойып, ұлттық өнерге құрмет көрсетуде. Бұл игі істің бастамашысы – музыка пәнінің мұғалімі Райхан Байбетова.
Домбыра үйірмесінің қатысушылары мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленуде.
Үйірмеге белсенді қатысатын оқушылардың бірі – Ульяна Чепурных.
Ал Злата Коростелева үйірмеге қатысып, ұстазының арқасында көп нәрсе үйренгенін айтады.
Василина Аляева болса домбыра үйірмесіне құрбыларына еріп барған екен. Алғашында үлкен қызығушылығы болмаса да уақыт өте келе домбыраға деген аңсары ауып, үйренуге құлшынысы артқан.
Осы орайда музыка пәнінің мұғалімі Райхан Маратқызымен де тілдесіп, үйірме жұмысына қаныға түстік.
Ұлттық өнердің қадірін өзге ұлт өкілдерінің жүрегіне жеткізу – нағыз тәрбиенің көрінісі. Сондықтан да Райхан Маратқызының еңбегіне табыс тілеп, болашақта шәкірттерінің шідер үзген шексіз талантты өнерпаздардың қатарынан көрінуіне тілектеспіз.
Мадина ӨЗБЕКОВА,
журналист,
Қордай ауданы