Заң

Бақылау құрылғысы барымташылардың жолын кесті

Жуалы аудандық полиция бөліміне кешкі уақытта тұрғындардың бірінен жылқыларының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Мал иесі жылқыларға алдын ала орнатылған GPS бақылау құрылғысы арқылы олардың белгісіз бағытқа қарай қозғалып бара жатқанын байқап, дереу 102 нөміріне хабар берген.

Хабарлама түскен сәттен бастап аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына кірісіп, түнгі уақытта қар аралас жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан GPS деректері негізінде күдіктілердің бағытын анықтап, із кесу жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде ұрланған жылқылардың көрші ауыл аумағында жасырылғаны белгілі болып, 11 бас жылқы толықтай табылып, заңды иесіне қайтарылды.

Жүргізілген жедел іс-шаралар барысында мал ұрлығына қатысы бар Жуалы ауданының бір тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау және ұстау бағытында жұмыстар жалғасуда.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі