Білгім келген бір сұрақ?

ҚазМУ қалашығы қалай салынды?

ҚазМУ-дің қалашығы – Көздерімнің тұңғиық қарашығы. Сезімдерім секілді мөлдірейді – Шалғында – дала шығы. Қ. Бегманов

Көптеген адамдардың өмір жолының  бағдарындай болып, сағынышына айналған, заманауи сәулет өнерінің бай өрнектерімен үндескен ҚазМУ қалашығы ТМД елдеріндегі келбеті көңілден шығатын келіскен құрылыстардың озық үлгісі екендігі сөзсіз. ҚазМУ қалашығындағы алғашқы құрылыс нысаны- биология факультеті  ғимаратының негізіне бетон қоспасы 1972 жылы 19 сәуірде құйылған.

Әлбетте, осы құрылыстың басында қазақтың біртуар ұлдары Д.А.Қонаев пен Ө.А. Жолдасбековтің тұрғаны мәлім.

1958 жылы Қазақстан үкіметінің басшылығы жаңа ғимаратқа  көшті де,  ескі Орталық алаңдағы Киров (қазіргі Бөгенбай батыр) көшесінің бойындағы Үкімет үйі ҚазМУ-ге берілді. Әрине, бұл ғимараттың архитектуралық бағыты мен бағдары оқу орнына арналмағандықтан студенттер мен оқытушылар үшін қолайсыз болғаны даусыз.  Оның үстіне студенттер санының  жыл сайын өсіп келе жатқаны жаңа, кең, зәулім ғимараттар мен зерттеу лабороторияларына деген қажеттілікті туындатты. Ең бірінші болып осы мұқтаждықты шешуге ректор Асқар Закарин кірісті. Лауазымына байланысты бір сапарында Швейцарияда студенттер қалашығын аралаған Асқар ағамыздың Алматыда да осындай қалашық болса деген арманы асқақ, мұраты биік еді. Оның үстіне ҚазМУ-ге екі рет ректор болған А.Закариннің сол аралықта Білім министрі, Министрлер Советі төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарғандықтан өз ойын Үкіметке өткізе алатын мүмкіншілігі мол болатын. 1930 жылдары М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде білім алған Асқар Закариннің сол кезде Түсті металлдар институтында оқып жүрген Д.А.Қонаевпен таныстығы, елін сүйген екі азаматтың тең қатар жүріп қызмет жасауы олардың арасындағы үлкен достық пен сыйластықты жоққа шығара алмасы  белгілі.  Торғай өңірінің түлегі, Орынбордағы жұмысшы факультетін Ғабит Мүсірепов секілді ұлы тұлғамен бірге бітірген А.Закарин мен Д.Қонаевтың алаш ардақтыларымен байланыста болуы да күмән туғызбайды. Өйткені 1934 жылы алғашқы қазақ математигі, Алашорда партиясының белсенді өкілі  Әлімхан Ермековтың Москвадан бір студент арқылы жұбайына хат беріп жібергені, ол студенттің Д.А.Қонаев екендігі баршаға аян. Соңынан Орталық комитеттің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың  50 жылдардың аяғында  түрмеден келген Ә.Ермековты жеке қабылдап, толық ақталмағандықтан Қарағанды қаласында баспанамен, қызметпен көмектескені  де тарихи шындық. Ал Москвада математика факультетінде оқып жүрген жас Асқар Закариннің алғашқы қазақ математигі Әлімхан Ермековты білмеуі мүмкін емес.

Д.А.Қонаев сияқты А.Закариннің де жастық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. Ол Мәншүк Мәметова, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов секілді қазақтың ардақты перзенттерімен қатар Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер-ғалым.

Қазақтың алғашқы математик ғалымы соғыстан кейінгі жылдары мыңдаған жоғары білімді мамандарды тәрбиеледі, өзін толықтай ғылымға арнады, әртүрлі лауазымды қызметтерде болды. 1950-1953 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында директор, 1953-1955, 1961-1970 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ректор, 1958-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі міндеттерін атқарды. Асқар Закарин ағартушылық қызметтері барысында өз заманының озық өнер және әдебиет қайраткерлерімен тығыз байланыста болған. Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Қ.Сәтпаев, М.Әуезов секілді белгілі тұлғалармен дәмдес, тұздас болып, етене араласқан.

Сондықтан сапалы ұлт, білімді ұрпақ қағидасын ұстанған ғалымның университет қалашығын салу туралы арманы  оның қазақ білімі мен ғылымына деген  жанашырлығы мен ағартушылық мақсатынан туындағаны белгілі.

Бірде ол өзінің студенттік әрі қызметтегі әріптесі, Үкімет басшысы Д.А.Қонаевты Ботаникалық баққа серуенге шақырады. Әңгіме барысында ҚазМУ қалашығын салуға таңдалған Розыбакиев көшесінің аяғындағы 17 линияның жоғары жағынан бөлінуге тиіс жобамен келіспейтінін айтып, қалашық үшін Ботаникалық бақ пен Есентай өзенінің аралығындағы Алатаумен астасып жатқан көркем жердің нағыз лайық орын екенін жеткізеді. Болашақ қазақ ғылымы мен білімі Алатаудай асқақ болатынына сендірген болар, Д.А.Қонаев бірден келісімін береді.

1966 жылғы 17 маусымдағы Қазақстан Орталық комитеті мен Министрлер Кеңесінің С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқу-шаруашылық және тұрғын жай ғимараттары құрылысы туралы №421  қаулысы ресми түрде студенттер қалашығы құрылысының басталуының негізі болды.

Ол қаулыда, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқу- материалдық базасын нығайту үшін 10 мың күндізгі бөлім студентіне арналған оқу-өндірістік ғимараттары, 8 мың студент тұратын жатақханалар және оқытушыларға арналған 300 пәтер кешенді құрылысын салуды, Қазақ КСР-і Жоғары және арнайы орта білім беру министрлігіне 1966-67 жылдар аралығында ҚазМУ кешенді құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын дайындау міндеттелген.

Көп кешікпей 1966 жылы 6 тамызда Қазақ КСР-і Министрлер Кеңетінің №550 қаулысымен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті кешені құрылысына жер телімдерін бөлу туралы шешім қабылданды.  Онда «Алматы облыстық атқару комитетінің Алматы қалалық атқару комитетіне  Іле ауданының «Горный Гигант» совхозына тиесілі 60 гектар жер телімін  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқу-өндірістік және тұрған жай салуға бөлу туралы ұсынысы қабылдансын, бөлінген жер телімдері Алматы қаласы аумағына енгізілсін» делінген.

Алайда осы құрылысты ары қарай жалғастыру 1970 жылы А.Закариннің үздік оқушыларының бірі, әрі әріптесі ҚазМУ-дің жаңа ректоры Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтың еншісіне тиді. Ө.Жолдасбековтың ұйымдастырушылық таланты мен іскерлігінің арқасында ҚазМУ қалашығы құрылысының алғашқы кезеңі едеуір жетістіктермен жүзеге асты.

Әйтсе де жұмыс қарқыны өте баяу жүрді, екі жылда бар болғаны ҚазМУ қалашығының биологиялық факультетінің іргесі қаланған, 1972 жылы құрылған «Университетқұрылыс» арнайы құрылыс-монтаж басқармасында екі жыл бойы үш рет бастық алмасқан, олардың көбі 50-60 жас аралығындағы құрылыс ардагерлері. Жұмысшы кадрлары жетіспегендіктен құрылыста көбіне әртүрлі қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылып, кейін халық шаруашылығында жұмыс істеу арқылы жазасын шартты түрде атқарып жүрген жандар көп болды. Азаттығын аңсап, күндерін санап жүрген, бостандықтары шектеулі жандардан еңбек өнімділігі мен жұмыс тәртібін талап ету мүмкін емес болатын. 

Сондықтан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросында ректор Ө.Жолдасбековтың ұсынысымен ҚазМУ қалашығының құрылысына байланысты арнайы отырыс болып, Республикалық екпінді комсомол құрылысын жүргізу қарқыны едеуір сынға ұшырады. Орталық комитет жас  кадрлармен жұмыс жасап, құрылыс қарқынына жаңа серпін беруді міндеттеді.

Осыған байланысты Республикалық екпінді комсомол құрылысы болып жарияланған құрылысқа жастарды, әсіресе қазақ жастарын тарту, олармен  құрылысқа мұқтаж кәсіптерді игеруге бағытталған жұмыстар қолға алына бастады. Әрине, жастарды жұмысқа тартудың тиімді жолдары тұрмыстық-әлеуметтік  жағдай екендігі белгілі. Ал қазақ жастары тұрғынжай мен өте қиын шаруаның бірінен саналатын есепке қою (прописка) мәселесінен зардап шегетін. Бұл мәселені шешуде ҚазМУ ректоры Ө.Жолдасбековтің еңбегі ересен болды. Аталған жайлар ол кісіге белгілі болғандықтан, құрылыс басшыларының ұсыныстары үнемі қолдау тауып тұрды. Осы ретте ҚазМУ қалашығының ішіндегі бір қабатты 40 адамдық  жатақхана-барагының жоғарыдағы мәселелерді шешуге жеткіліксіз екендігін аңдаған ректор Ө.Жолдасбеков сөзге келместен студенттеріне тиесілі бес қабатты жатақхана ғимаратын «Университетқұрылыс» арнайы құрылыс-монтаждау басқармасының жұмысшыларына беру туралы шешім қабылдады. Бұл бір мезетте 400-ге жуық жұмысшы жастың осы құрылысқа келуінің әлеуметтік шешімі болғаны анық.

Ө.Жолдасбековтың Республикалық екпінді комсомол құрылысында екі жыл табысты еңбек еткен жастарды ҚазМУ-ге іріктеусіз оқуға қабылдау туралы шешімі, әртүрлі жағдаймен оқудан шығып қалған студенттерді бір жылдан екі жылға Қаз МУ қалашығында жұмыс жасауға міндеттеуі бригадаларды қосалқы жұмыс күшімен қамтамасыз етті, олардың  жұмысқа деген ынтасы мен қоғамдық белсенділігі одан сайын арта түсті. Жас жұмысшылар «Алматыорталыққұрылыс» тресінің жанындағы оқу комбинаттарында әртүрлі құрылыс мамандықтарын игерді, комсомол жастар арасында электр дәнекерлеуші, тас қалаушы, ағаш ұсталары сияқты құрылысқа қажет мамандық иелері көптеп шыға бастады. Осы кезеңде жұмысшы қолы тапшылағы жойылды, тіпті кейде жұмысшыларды іріктеп-таңдаумен қабылдайтын дәрежеге қол жетті.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың құрылыс қарқынын үнемі бақылауда ұстауы бұл жұмыстың мәні мен бағасын еселеп арттырды. Орталық комитеттің құрылыс бөлімінің басшылары мен Құрылыс министрі Коркинді, «БасАлматықұрылыс» тресінің  басшысы Бейсеновті аптаның кез келген күнінде, кез келген сағатта құрылыс алаңынан кездестіруге болатын.

Ал Алматы қалалық партия комитетінің бюро мүшесі, ҚазМУ ректоры Ө.Жолдасбеков әрбір дүйсенбіде «Университетқұрылыс» құрылыс-монтаж басқармасының кеңсесінде жиын өткізіп, апталық жұмыс қорытындыларымен танысып, жаңа талаптар мен тапсырмаларды нақтылайтын. Осы орайда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың тарапынан жасалынған қамқорлық өз жемісін берді. Нәтижесінде өткен ғасырдың 70-80 жылдары аралығында ҚазМУ қалашығының негізі қаланып, көптеген құрылыс нысандары пайдалануға берілді.

1975 жылдары биология, география мен заң факультеттерінің оқу корпустары қоныс тойын тойласа, бір жыл өтпей тіл әдебиеті, журналистика және заң факультеттерінің оқу корпустары пайдалануға берілді. Соңынан 1978-1979 жылдары 17 қабатты жаңа ректорат үйі, Есентай өзені жағасындағы  футбол, теннис алаңдары мен жүзу бассейндерінен тұратын спорт кешені, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы Алатау баурайындағы Алматының әсем нүстесіне айналды. Бұл шын мәнінде ғылым мен білімдегі «тың игеру» кезеңі болатын.

Қазіргі уақытта студенттердің құтты мекеніне айналған ҚазМУ қалашығы Алматы қаласының көрікті де сұлу бөлшегі  ғана емес, қазақ ғылымы мен білімінің асқақ мәртебесіне айналып отырғаны анық. Сондықтан осы құрылысқа қатысушылар үшін бұл қымбат әрі  болашақтарының бағдаршамына айналған абыройлы іс екені даусыз.

Ал комсомолдық шақырумен келіп, абыройлы еңбектерінің арқасында жолдамамен ҚазМУ-де оқып жоғары білім алған азаматтар өздерін ҚазМУ қалашығы құрылысынан алшақ қоя алмайды.

Мың жолдың ішінен тура жолды таңдау тапқырлық немесе пысықтық емес. Бұл – адамның болмысы мен тілегінің, мінезі мен тағдырының үйлесуіне қатысты дүние. Міне, сол үйлесім мен арман-тілектері орындалып, сүйікті оқу ордасынан алған білімдерін Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік өміріне арнаған ардагерлер үшін ҚазМУ қалашығы өмірлерінің бөлінбес бөлшегіне айналған.

Расында да ұлт дамуы мен білімді ел болашағын ойлаған азаматтардың еңбектері еленбей қалуы үлкен қиянат болар еді. Қазір әлемдік білім кеңістігінде ойып тұрып орын алған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унииверситетін ҚазМУ қалашығынан бөле жарып айту мүмкін емес. «Казгуград» Алматы қаласында ресми географиялық терминге айналды.  Әлемде ҚазМУ мәртебесі білім мен ғылым сапасы арқылы әйгіленсе, оның негізі ҚазМУ қалашығы.

Ендеше, бастауында Д.А.Қонаев, А.Закарин, Ө.Жолдасбеков сияқты ұлт тұлғалары тұрған ҚазМУ қалашығының 50 жылдық тарихын жаңғыртып студенттер мен болашақ жастардың санасына сіңірудің, олардың бойында отаншылдық сезімін нығайтудың маңызы зор. Тарих тағылымы да соған меңзейді. 

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,

прокуратура ардагері