Жаңа жыл түніндегі алапат өрт: Оқыс оқиғаға не себеп?
Жаңа жылға санаулы сағаттар ғана қалған шақ. Қала көшелері әсем шамдармен жарқырап, әр үй мерекелік думанға барынша дайындалғаны сезіледі. Адамдар бір-біріне ақ тілектерін арнап, дастарқан жайып, шат-шадыман күйде жаңа жылдың келуін күтіп жатқан сәт еті бұл. Алайда осы қуанышты сәтті аяқ астынан болған қайғылы оқиға бұзды. Біз облысты дүрліктірген сол бір төтенше жағдайдың мән-жайына үңілген едік.
АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Тараз қаласының «Қарасу» (5) шағынауданында орналасқан №15 көпқабатты тұрғын үйден кенеттен алапат өрт шығып, қызыл жалын мен қою түтін бүкіл аумақты шарпыды. Әп-сәтте тыныштықты дабыл дауысы, адамдардың үрейлі айқайы басты. Тұрғындар абдырап, кейбірі балаларын қолына алып, енді бірі қарттарды сүйемелдеп, сыртқа шығуға асыға бастады. Мерекелік шаттықтың орнын қорқыныш пен алаңдаушылық басты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген сәтте тұрғын үйдің бесінші қабатындағы қылтима (балкон) мен шатыр қызыл жалынға оранып жатқан.
Дәл сол түні құтқарушылар тағы бір өрттің алдын алып, Тараз қаласындағы «DR Watson» мейрамханасын тілсіз жаудан сақтап қалды. Жамбыл даңғылы бойында орналасқан екі қабатты мейрамхана ғимаратына жапсарлас салынған жаздық алаңшада өрт шыққаны анықталды. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар мейрамханадан шамамен 100 адамды эвакуациялады. Жедел және үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде өрттің мейрамхананың негізгі ғимаратына және жанында орналасқан жанармай құю бекетіне таралуына жол берілген жоқ. Өрт 300 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Зардап шеккендер тіркелген жоқ, өрттің шығу себебі анықталуда.
ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНМЕН АРПАЛЫСҚАНДАР
Сол түні ғимаратты шарпыған «тілсіз жауды» ауыздықтауға үлкен үлес қосқан құтқарушылардың бірі – Ертай Райымбеков. Азаматтық қорғау подполковнигі 2025 жылдың шілде айынан бері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары лауазымын атқарып келеді.
Е.Райымбеков оқиға орнына келген кезде үйдің шатыры толықтай жалынға оранып жатқанын көреді. Сол сәттен-ақ өртті тез арада сөндіру мүмкін болмайтынын, алда өте ауыр әрі күрделі жұмыс күтіп тұрғанын іштей сезеді. Шынында солай болды, өртті ауыздықтау ұзақ уақытты алды. Дәл сол түні сағат 00.00-де, көпшілік отбасымен жаңа жылды қарсы алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың телеарналардан берілген құттықтауын тыңдап отырғанда, құтқарушылар жалынмен арпалысып, өртпен күресіп жатты.
Жаңа жылды жұмыс сәтінде қарсы алған Ертай Құрманбекұлының отбасына сағат түнгі 00.00-де жаңа жылды отағасынсыз қарсы алуға тура келді. Құтқарушыға да сол сәтте хабарласып, жақындарын құттықтауға да мүмкіндік болмады. Тек кейін, сағат түнгі 03.00 шамасында ғана байланысқа шыққан екен. Жолдасы өмір мен өлімнің ортасында жүрген соң үйдегі жұбайы да отағасының амандығып ойлап, уайымнан көз іле алмаған екен. Себебі әлеуметтік желілерден өрт туралы ақпаратты көріп, алаңдап, ұйықтай алмай шыққан көрінеді. Тек Ертай Райымбеков телефон арқылы қауіпсің сейілгенін, өзінің де, әріптестерімнің де аман екенін айтып, жаңа жылмен құттықтаған кезде барып көңілі орнына түсіпті. Осындай сәттерде бұл мамандықтың тек қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен құрбандықты талап ететінін тағы бір мәрте терең сезінесің.
Бейбіт күннің батыры осы жылдар ішінде сан түрлі құтқару операцияларына қатысқан. Қызмет барысында ауыр кезеңдер де аз болған жоқ. Әсіресе Ертай үшін Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған өрт кезінде жақын достарының қаза табуы – жүректе жазылмас із қалдырған ауыр оқиғалардың бірі. Кейіпкеріміз осындай сан түрлі құтқару жұмыстарына белсене қатысқаны үшін ведомстволық марапаттарға ие болған. Ең жоғары марапаты – Президент Жарлығымен берілген екінші дәрежелі «Айбын» ордені.
Ал «Dr Watson» мейрамханасынан шыққан өртті сөндіруге алғаш жеткен құтқарушыларды бірі – №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Қуанышбек Көпбосын. Ол азаматтық қорғау саласында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Алғаш еңбек жолын Жаңатас қаласында өрт сөндіруші болып бастаған.
Бір айта кетерлігі, аталған нысанның жанында жанармай құю бекеті орналасқан болатын, бұл жағдай өрттің қауіптілігін одан әрі арттырды. Сол себепті бір мезетте жанармай бекетіне де су беріліп, өрттің таралуына жол бермеу үшін барлық күш жұмылдырылды. Әр өрттің өзіндік қиындығы мен қауіпті тұстары болады. Бұл жолы да жағдай өте күрделі болды. Дегенмен бөлімше жеке құрамының үйлесімді әрі батыл әрекеттерінің арқасында үлкен апаттың алдын алды.
Қуанышбек үшін құтқарушы – тәуекелі мол, бірақ саналы түрде таңдалған мамандық.
БҮЛІНГЕН ШАТЫР ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛУДЕ
Қыстың қақ ортасында баспанасынан айырылған тұрғындардың жағдайы көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Жаңа жылға санаулы сағаттар қалғанда болған бұл өрт бір емес, бірнеше отбасының тағдырын астан-кестен етті. Мерекелік көңіл күйдің орнын үрей мен қорқыныш басты. Көпқабатты үйдің тұрғындары үшін 31 желтоқсан ұмытылмас, әрі ауыр күнге айналды. Сол сәтте-ақ әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты бейнежазбалар тарап кетті.
Өрт шыққан бесінші қабаттағы пәтердің тұрғыны Альбина Ратхан қайғылы жағдай жаңа жылға шамамен екі сағат қалғанда болғанын айтады. Сол кеште бүкіл отбасы бір шаңырақ астына жиналып, мерекені қарсы алуға дайын отырған.
Альбинаның айтуынша, бұл пәтерге отбасы небәрі бір жыл бұрын ғана көшіп келген. Үмітпен басталған жаңа өмірдің күлге айналуы жас ананың жанын жаралағаны анық.
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, жалын көз ілеспес жылдамдықпен тараған. Қауіп төнген сәтте басты мақсат – адамдардың амандығы болған. Ал өрттен кейінгі жағдайды көргендер үшін пәтерлерді тану мүмкін емес. Үй ішін түтін мен су басып, құрылыс материалдары жарамсыз күйге түскен.
Туындаған ахуалға байланысты арнайы зерделеу комиссиясы құрылып, орын алған жағдай аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев пен қала әкімдігінің тұрақты бақылауына алынды. 1 қаңтар күні аймақ басшысы Тараз қаласындағы «Қарасу» (5) шағынауданындағы шатыры өртенген №15 көпқабатты үйді аралап, тұрғындарының жағдайымен танысты.
Аймақ басшысы зерделеу комиссияның жұмысына тұрғындарды да тарту қажеттігін баса айтып, қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ тұрғындарды сабырлық танытуға, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров те 1 қаңтарға қараған түні өрт шыққан көпқабатты тұрғын үйге барып, жағдайын біліп қайтты.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабековтің айтуынша, қызыл жалынға оранған бес қабатты тұрғын үй 1972 жылы салынған, 90 пәтерлі.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылғы 1 қаңтар күні сағат 08.00-де басталды. Алдын ала есеп бойынша жөндеу жұмыстарының жалпы құны 150 миллион теңгені құрайды. Қалпына келтіру шараларына 60 адам, 2 жүк көтергіш, 2 автокөтергіш (вышка), 2 жүк тасығыш көлік және 1 трактор тартылған. Қазіргі уақытта шатырды демонтаждау жұмыстары толық аяқталып, монтаждау кезеңі жүргізілуде. Сонымен қатар барлығы 12 пәтерде, атап айтқанда, №45, №46, №58, №69, №89, №29, №83, №90, №9, №20, №60 және №88 пәтерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр екен. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың тұрмыс жағдайы тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Жергілікті атқарушы органдар мен жауапты құрылымдар тарапынан жағдайды тұрақтандыру және тұрғын үйді толық қалпына келтіру бағытындағы жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
ОТШАШУДЫ ОРНЫМЕН ПАЙДАЛАНҒАН ЖӨН
Тұрғындар арасында өрттің шығуына себеп болуы мүмкін деген нұсқалардың бірі – отшашуды қолдану. Осыған байланысты пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелеріне қатысты мән-жайды нақтылау мақсатында облыстық полиция департаментіне сауал жолдаған едік.
Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қанат Құрманалиевтің айтуынша, зерделеу жұмыстары аяқталып, ресми себебі анықталғанша «өрттің шығуына отшашу ұшқыны себеп» деп кесіп айтуға әлі ерте. Дегенмен құқық қорғау қызметкері жаңа жыл қарсаңында пиротехникаға қатысты профилактикалық жұмыстар тұрақты бақылауда болғанын жеткізді.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сол түні тәртіп сақшылары да тұрғындар қауіпсіздігін сақтау үшін барын салып баққан.
Түйін: Қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанша, зардап шеккен тұрғындар облыс пен қала басшыларының жеке бақылауында болады. Дегенмен қыс ортасында сәбиін құшағына алып, туған шаңырағынан жырақта күн кешу кімге болса да оңай соқпайтыны анық. Барлығы сәтімен аяқталып, бұл сынақтың артынан үлкен жақсылық келсін деп тілейміз. Жөндеуден өткен әр шаңырақта тек береке мен тыныштық орнасын. Десе де бұл жағдай бәрімізге сабақ болуы тиіс. Облыстың өзге де тұрғындарын құтқарушы мамандар айтып өткен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ