Қоғам

«VIP» нөмір алу қанша тұрады?

Жыл басы қазақстандық жүргізушілер үшін үлкен жаңалықпен басталды. Жаңа Салық кодексі аясында мемлекеттік нөмірлерді тіркеу тәртібіне енгізілген өзгерістер қоғамда үлкен резонанс тудырды. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік нөмірді таңдау құқығы берілгені сол еді, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында адам қарасы күрт көбейіп, ұзын-сонар кезек пайда болды.

Түсінікті етіп айтсақ, халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген кез келген қажетті цифрлық және әріптік белгілермен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін  еркін таңдауды көздейтін нормалар әзірленді. ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызының айтуынша, азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы таңдай алады. Бұл ретте, кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоғары сұранысқа ие номерлерді қоспағанда құны 10 айлық есептік көрсеткіш және 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болады.

Расында да көлігіне таңдаған нөмірін таққысы келген қазақстандықтар «автоЦОН»-дарға ағылды. Өйткені жүргізушілердің көбі өзінің туған күнімен, жылымен, тіпті анасының атымен байланыстыруға болатын мемлекеттік нөмірлерді бар-жоғы 43 мың теңгеден алу үшін асыққан. Оның үстіне, әдемі әріптер тізбегі таусылып қалса өзгертуге тура келеді. Сондықтан қалаған нөміріне қол жеткізгісі келгендер күні ұзаққа иық тірескен кезекке тұрды.

Биылғы алғашқы жұмыс күні-ақ мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары адамға лық толды. Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің сөзінше, тұрғындардық орталыққа ағылуына жаңа қызмет қана емес, мерекелік демалыстардан кейінгі жиналып қалған жұмыстар да әсер еткен.

Вице-министрдің бұдан басқа «Азаматтарға арналған үкімет» те өз сервисін дайындап жатқаны белгілі болды.

Нөмір таңдағандардың көбі үш әріпті есімімен, сандарды туған күнімен байланыстырып жатыр. Қалаған нөмірге өтінішті онлайн да беруге болады. Алайда жүргізушілердің айтуынша, порталдың  жұмысы тежеліп тұр. Сондықтан да мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келгендерін айтады. Әзірге «әдемі» нөмірге жаппай өтініш қабылдау жүріп жатыр.

Облыста да жағдай дәл осындай. Облыс жүргізушілері «VIP» санатындағы әдемі нөмірлерді алып қалу үшін белсенділік танытып, «автоЦОН»-табалдырығын тоздыруда. Көпшілігі сұраныс жоғары болғандықтан, қалаған нөмірді өткізіп алмауға тырысып жатыр. Мамандардың айтуынша, алдағы күндері де «әдемі» нөмірлерге қызығушылық бәсеңдемеуі мүмкін.

Кезек күтіп, өз қалауындағы нөмірге қол жеткізген жамбылдық жүргізушілердің бірі – Кеңесбай Сұлтанов. Ол «VIP» нөмір алу үшін ұзақ уақыт күтіп, қазір көлігіне көңіліндегі нөмір белгісін тағып үлгерген.

Тағы бір тараздық тұрғын Нұргелді Әжіханов жақында ғана көлік сатып алған. Енді ол өз талғамына сай, мағынасы бар нөмірге қол жеткізгісі келеді.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция бөлімінің процессинг орталығының бастығы, полиция подполковнигі Айбек Кушековтың айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енген ҚР жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұл мемлекеттік қызметтің құны 667-баптың 3-тармағының 7-тармақшасымен бекітілген.

ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстандағы ең жоғары сұранысқа ие «престижді» сандар – 001-ден 009-ға дейінгі жиынтық және 777 нөмірі. Олардың базалық құны – 228 айлық есептік көрсеткіш көлемінде.  Ал бұл сандарды бірдей әріптермен мысалы, 001 AAA деп толықтырсаңыз, баға 285 айлық есептік көрсеткішке, яғни 1 232 625 теңгеге дейін барады. Бұл – 2026 жылғы мемлекеттік нөмірлер үшін белгіленген ең жоғары баға.

Айта кетерлігі, жаңа заңнама аясында VIP-нөмірлер қымбаттағанымен, таңдау мүмкіндігі кеңейе түскен. Сонымен қатар, көлік иелеріне тиімді бір жеңілдік сақталып қалды: автокөлікті сатқан жағдайда «әдемі» нөмірді өзіңізде қалдырып, келесі жаңа көлігіңізге тағуға болады. Мұндай нөмірлер мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында бір ай бойы тегін сақталады, ал одан әрі алты айға дейін сақтау үшін айына 2,8 айлық есептік көрсеткіш немесе 12 110 теңге мөлшерінде ақы төлеу қажет. Бұл ретте салық заңнамасының өзгеруі мемлекеттік бюджетті толықтырып қана қоймай, автокөлік нарығындағы сұранысты заңды әрі ашық түрде қанағаттандыруға бағытталған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ