Сан емес, сапаға көңіл бөлінеді
Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралып, баяндамалар жасалды.
2025 жылы мемлекеттік отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалу барысы туралы облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық дамыту басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы алғаш сөз алды.
Одан кейін облыстық мәслихаттың депутаты, «Аmanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Ашимованың баяндамасы тыңдалды.
Отбасын қолдауға қатысты әлеуметтік жобалар қоғамға пайдасын тигізуі керек. Миллиондаған қаражат бөлінген кейбір іс-шаралардың нақты нәтижесі аз. Облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы комиссия отырысында осындай ескерту жасады. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермей, саннан гөрі сапаға мән беру керектігін баса айтты.
Комиссия төрағасы әлеуметтік жобалар шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларға комиссия мүшелерінің де қатысу қажеттігіне баса көңіл аударды.
Жиында сондай-ақ «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының өту барысы туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкері, майор Анар Мұсаева баяндама жасады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Шолпан Кариева өз ойын ортаға салды.
Жиын барысында әлеуметтік жобаларды іске асыруда нақты нәтижеге бағытталған сапалы жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді. Алдағы кезеңде аталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, өңірлік деңгейде нақты оң өзгерістерге қол жеткізу міндеті қойылды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ