Жамбыл спортында жетістік жетерлік
Уақыт өз еншісіне тағы бір жылды алып, 2025 жыл тағылымы мен табысы мол кезең ретінде ел жадында қалды. Бұл жыл қоғам өмірінің көптеген саласына серпін беріп, жаңғыру мен жаңарудың айқын көрінісіне айналды. Соның ішінде спорт саласының дамуы ерекше қарқын алып, жарқын жеңістерімен жұртшылықты қуантты.
Тарихы терең Әулиеата өңірі спорт саласында да өзіндік орны бар, талай дарынды спортшыларды түлеткен аймақ ретінде кеңінен танылған. ХХ ғасырдың соңынан бастап-ақ жамбылдық спортшылар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге жетіп, өңірдің спорттық әлеуетін айқын дәлелдеп келеді.
Былтырғы жыл да әулиеаталық спортшылар мен сала мамандары үшін табысты кезең болды. Өңірде спортты дамытуға бағытталған кешенді шаралар мен ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, сондай-ақ кәсіби спортшыларды даярлау бағыттарында нақты жұмыстар атқарылған.
Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 57 спорт мекемесі бекітілген жоспарлар аясында өз қызметтерін толық көлемде орындапты. Аталған мекемелерде спорттық инфрақұрылымды нығайту, материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру мәселелеріне басымдық беріліп, нәтижесінде спортшыларды даярлау сапасы жақсарып, жарыстарда қол жеткізілген жетістіктер саны артқан.
Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, былтыр 3 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, 2 спорт мекемесі спорт клубы ретінде қайта құрылыпты. Сондай-ақ Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Жамбылдық спортшылар еркін күрес, грек-рим күресі және дзюдо спорт түрлерінен де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Сала басшылығы ұсынған мәліметтерге сәйкес, еркін күрестен Рахат Қалжан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, Жамашбек Бекжан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында үшінші орынға ие болыпты. Сонымен қатар Нұрданат Айтанов U20 жас санаты бойынша өткен Азия чемпионатында күміспен күптелсе, әлем чемпионатында қола жүлдені еншілепті.
Грек-рим күресінен де жамбылдық балуандардың жетістігі көңіл қуантады. Атап айтқанда, Юсуф Ашрапов әлем чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтса, жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Марлен Мейірбекұлы үшінші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ дзюдо спортынан да облыс спортшылары халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетуде. Нұрқанат Серікбаев Дүниежүзілік Универсиадада қола медаль иеленсе, Іңкәр Құралбай жастар арасындағы Азия чемпионатында чемпион атанған.
Әрине спорт саласының дамуы ең алдымен заманауи әрі қолжетімді спорттық инфрақұрылымның болуына тікелей байланысты. Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облыста спортты дамыту мақсатында бірқатар жаңа спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп, кезең-кезеңімен ел игілігіне берілуде. Атап айтқанда, 2025 жылы өңірде 21 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Жыл қорытындысы бойынша оның жетеуі пайдалануға берілсе, қалған 14 спорт нысанының құрылысы 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар облыс аумағында 103 спорт алаңшасы пайдалануға беріліп, тұрғындардың күнделікті спортпен айналысуына кең мүмкіндік жасалған. Нәтижесінде бүгінде облыс бойынша барлығы 2 465 спорт нысаны тұрақты жұмыс істеп тұр. Аталған нысандар өңір тұрғындары үшін толықтай қолжетімді. Осындай кешенді әрі жүйелі жұмыстардың арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 75,4 пайызды құраған.

Жалпы алғанда облысымызда спорт саласын дамытуға бағытталған жүйелі саясат оң нәтижесін беріп отыр. Алдағы уақытта да саладағы жетістіктерді еселей түсу, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау және спорт инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ