WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды: полиция сақ болуға шақырады
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа алаяқтық тәсілдің пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Шетелдік дереккөздерге сүйенсек, кибералаяқтар GhostPairing деп аталатын әдісті қолдануда. Бұл тәсіл пароль бұзуды немесе SIM-картаны ауыстыруды қажет етпейді. Алаяқтар WhatsApp-тағы қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдаланып, аккаунтқа заңды түрде қол жеткізеді.
Сценарий бойынша пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жалған хабарлама жіберіледі. Ол хабарлама визуалды түрде ресми интерфейске ұқсас фейк-парақшаға бағыттайды. Сол жерде телефон нөмірі мен растау кодын енгізген соң, алаяқ жәбірленушінің аккаунтына толық қол жеткізеді. Бұл ретте телефон қалыпты жұмыс істеп, күдік тудырмайды.
Аккаунттың бұзылғанын анықтаудың жалғыз жолы – «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін тексеру. Белгісіз құрылғы анықталса, оны дереу өшіру қажет.
Полиция азаматтарды сақ болуға, күмәнді хабарламаларға сенбеуге, WhatsApp кодын бөгде сайттарға енгізбеуге және екі факторлы аутентификацияны қосуды ұсынады.