Әлеумет

Панажайда сегіз-ақ ит бар

Қандай жағдай болмасын, ветеринария саласында кемшілікке жол берілмеуі керек. Себебі мал-жанның амандығы нақ осы салада атқарылған жұмыстың нәтижесіне тікелей байланысты. Алайда кей аудандарда аталған салаға қатысты орын алған олқылықтар бар екені жасырын емес.

Оқырмандарымыздың есінде болса, өткен жылдың соңына қарай облыстық Қоғамдық кеңестің ауылшаруашылығы, табиғи ресурстар және жер қатынастары жөніндегі комиссиясының төрағасы Амангелді Карентаевтен сұхбат алып, газетімізде жариялаған болатынбыз. Сол сұхбат барысында комиссия төрағасы Қоғамдық кеңес тарапынан Тараз қаласы мен аудандардағы ветеринариялық инспекциялардың жұмысына мониторинг жүргізілгенін айтқан еді. Тарқата айтсақ, тексеріс кезінде бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтсақ, мониторинг барысында Байзақ ауданында екі «Беккер» шұңқырының құрылысы аяқталмағаны және нысан сапасыз салынғаны анықталған. Кеңес ауылында пайдалануға жарамсыз «Беккер» шұңқырына өлекселер тасталғаны да белгілі болған. Сонымен қатар тексеру кезінде қаңғыбас иттерді уақытша ұстауға арналған аудандағы панажай да пайдаланусыз бос тұрғаны анықталыпты.

Осы жағдайға байланысты біз Байзақ ауданындағы иттерге арналған панажай неге бос тұрғанын білу үшін аудандық ветеринария бөліміне хат жолдаған едік. Жолдаған сауалдарымызға аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Еркінбек Оразов жауап берген еді.

Бізге берілген жауапқа назар аударсақ, адамның ойын сан-саққа бөлетін күмәнді сауал туындайды. Байқағанымыздай, өткен жылдың басынан бері Байзақ ауданында 925 ит бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілген екен. Тағы 225 итке кастрация және стерилизация жасалған. Олардың саны көбейіп кетпес үшін осы әдіс қолданылып, қоршаған ортаға қайта жіберілген болуы мүмкін. Алайда осы иттерге панажайда тұрған 8 итті қоссақ, барлығы 1 158 ит шығады. Ал ресми мәліметте былтыр аудан бойынша 1 888 қаңғыбас ит ауланғаны көрсетілген. Сонда қалған пәленбай ит қайда кетуі мүмкін? Ауданда панажай болғанымен, оның нақты жұмыс істеу жүктемесі күмән тудырып отыр. Бір қызығы, мына деректер жауаптылар «панажай бос тұр» деген әңгімеден қашып, бар-жоғы 8 итті ұстап отырғандай әсер қалдырады екен.

Сондай-ақ: «Ауданда мал өлекселерін тастайтын типтік үлгідегі екі биотермиялық «Беккер» шұңқыры бар. Олар – Бурыл және Диқан ауылдық округтерінде. Ауданда 1 мал сою алаңы және Диқан ауылдық округінде 1 мал тоғытатын күпке бар. Байзақ ауданы аумағындағы 7 елді мекенде 8 Сібір жарасы ошағы орналасқан. Сібір жарасы көмінділері ветеринариялық талаптарға сәйкес қоршалған, бетондалған, тақтайшаларда аурудың тіркелген жылы, айы, ауырған малдың түрі, саны, орналасқан жердің координаттары жазылған. Тұрақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп отырады.

Ветеринариялық бекеттермен қамтылуы бойынша, қазіргі таңда ауданда 12 ветеринариялық бекет бар. Бүгінгі күнге дейін 4 ауылдық округте ветеринариялық бекеттердің құрылысы аяқталып, құжаттары рәсімделу үстінде. Атап айтқанда, олар – Көптерек, Байтерек, Жаңатұрмыс және Мырзатай ауылдық округтері. Сонымен қатар Көптерек және Суханбай ауылдық округтері аумағында биотермиялық шұңқырлардың құрылысы жүргізіліп жатыр», – дейді өз жауабында Е.Оразов.

Біз осы аудандағы Көптерек ауылдық округінің әкімі Самат Күсемісовке де хабарласып, Кеңес ауылындағы «Беккер» шұңқырының мән-жайына барынша қанығуға тырыстық. Себебі құрылысы толық аяқталмаған, сапасыз салынған биотермиялық шұңқырлардың бірі осы ауылда.

Ауылдық округ әкімі өзіне қарасты елді мекенде қандай да бір құрылыс жұмыстары жүргізілетін болса, одан хабары болуы тиіс. Сондықтан ауылдық округ әкімінің «хабарым жоқ» дегені ақылға қонымсыз.

Біз ауданның жалпы ветеринария саласында былтыр қандай жұмыстар атқарылғанына да біршама назар аудардық. Ауданда ауылшаруашылық жануарларына эпизоотиялық-энзоотиялық іс-шара жұмыстары 12 айлық жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Вакцинациялау жұмыстары бойынша 1 950 482 ауылшаруашылық жануарына, диагностика жұмыстары аясында 683 910 жануарға манипуляция жүргізіліпті. Оның ішінде тексеру нәтижесінде 11 айдың көрсеткіші бойынша 18 мүйізді ірі қара мен 41 уақ малдан сарып (бруцеллез) ауруы анықталған. Оның құжаттары толық «Садыков Г» жеке кәсіпкеріне өткізілген екен. Аудан бойынша 12 айда 149 850 ауылшаруашылық жануары бірдейлендірілсе, мал егесінің қаражаты есебінен қазіргі таңда 11 545 жылқыға чип салыныпты.

Байзақ ауданы бойынша Конго-қырым гемморагиялық қызбасына қарсы 2025 жылға эндемиялық зонадағы Көкбастау және Абай ауылдарында кенеге қарсы үш кезеңде, яғни сәуір, мамыр және тамыз айларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліпті. Үш кезеңде жалпы көлемі 126 753 шаршы метр қора-жай және 34 200 мал залалсыздандырылған.

Қалай десек те аудан берген деректер ветеринария саласындағы бірқатар түйткілдің әлі тарқатылмағанын айғақтап тұр. Қаңғыбас иттерді ұстайтын панажайдың жұмысы да күмәнді ойға жетелейді. «Беккер» шұңқырларының жай-күйі жөніндегі мәліметтер де нақтылауды қажет етеді. Сондықтан бұл мәселеге жауапты мекемелер әлі де болса дұрыс көңіл бөлгені жөн.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Байзақ ауданы