Жаңалықтар

Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды arainfo.kz

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2024–2025 жылдар аралығында Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға инвестиция салу арқылы жоғары табыс табуға уәде берген. Сондай-ақ әртүрлі тауарларды көтерме сатып алып, кейіннен сату арқылы бірлескен кәсіп жүргізуді ұсынған.

Алайда ол алған қаражатты мақсатты түрде пайдаланбай, өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Нәтижесінде оның қылмыстық әрекеттерінен Қазақстанның 6 азаматына 100 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ағымдағы жылдың тамыз айында ол Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілеу арқылы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.