Әлеумет

Ата керек, атақ!

– Ассалаумағалейкум, балам.

Уаликумассалам!

Келіңіз, отырыңыз.

– Рақмет айналайын.

– Қандай шаруамен жүрсіз?

– Шаруа болғанда, той жасайын деп едім.

– Той?

Той деген, керемет қой.

Иә, қашан?

– Жақында 63-ке толам,

Соған балам,

Құда-жекжат, туған-туыс,

жора-жолдас, ауылдас,

Бәрінің басын қосып,

Той берсем бе деп отырмын.

Пайғамбар жасына келгенде

Той қызығын көрсем бе деп отырмын.

– Өте орынды.

– Соған былай ел алдына шыққанда

Бір атақ керек боп тұрғаны.

– Атақ?

– Иә, атақ.

Елдің алдына шақыратын атап.

Мәселен «Қазақстан қаhарманы»!

– Ой, ата, ол қиындау.

– Онда «Еңбек Ері!»

– Кішкене түссеңізші.

– Жоқ, түспеймін.

Мен елден ерек.

«Қаһарман» не, «Еңбек Ері» болуым керек!

– Өзіңіз қай салада істедіңіз?

– Қарауыл ғой.

– Оның алдында?

– Моторист.

– Одан бұрын?

– Тракторист.

– Жоқ,бір «нормально» жұмыс істедіңіз бе деймін?

– Не, ана жұмыстар тақияңа тар келіп тұр ма?

– Онда «Үздік механизатор» деген атақ берсек қайтеді?

– Ой, құрып кетсін.

– «Құрметті қарауыл» деген ше?

– Болмайды.

Маған ел елең ете қалатын,

Республикалық дәрежедегі атақ керек.

Анау-мынауыңның қажеті жоқ.

– Түсіндім.

Бірақ ол атақтың ақшасы да «айқайлап» тұрады ғой.

Ол жағынан қам жеме,

Балам бизнесмен.

«Дүрілдетіп той жасап берем» деген.

Міне, сол тойда елден ерек,

Атағым да ерекше болу керек!

– Себеп?

Себеп көп,

Мәселен бір құрдасым облыс,

Тағы бірі аудан әкімінің алғыс хатын алыпты.

Тіпті, Өңгербай құрдасым,

Биыл Жаңа жылда жарыпты.

Омырауына «Ерен еңбегі үшін» деген,

Медальді тағыпты.

Мен олардан кеммін бе?

– Болды, түсіндім, қатырам.

Дәрежеңізді олардан асырам.

Сіз ауыл, аудан, тіпті облыс емес,

Мемлекеттік атақ аласыз.

– Аузыңа май. Астыңа тай.

– Тай емес, тұлпар!

– Жарайды тұлпар.

– Темір!!

– Не темір?

– Темір тұлпар деймін.

– А?

– Енді сізге анау-мынау емес,

«Қазақстанның құрметті азаматы» деген атақ береміз.

– Қазақстанның?

– Иә, Қазақстанның!

– Оның медальі бар ма?

– Бар.

Медалі, тағатын лентасымен болады.

Ондай атақ,

ауыл, аудан тұрмақ,

Облыста да ешкімде жоқ әлі.

Келістік пе?

– Келістік.

– Онда болды.

Әкеңіз қолды!

 

PS: Сарт-сұрт еткен қол.

Атаққа ашылған жол.

Үкіметтік болмаса да,

Коммерциялық атақ бар.

Қам жемеңіз,

Толып жатыр атақтар!

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ

журналист