Әлеумет

Қызыл баскиім

Жаңа жыл мерекесіне орай, арнайы қызыл бас киім сатып алдым. Оған түсі сәйкес белдемше киіп, оны өзіме зор санап, көкірегіме нан пісіп, аялдамада отырмын. Бірақ өзімді аялдама орындығы емес, хан сарайының тағында отырғандай сезінемін. Қасымда автобус күтіп тұрғандарға көмекшілерім іспетті паңдана, менсінбей қараймын. Шаштарын үш күн тарап, төрт күн өрген баяғының ханшайымдары сияқты тұрысымда мән бар.

Жаңа киімімнің буы әкетіп барады. Оның үстіне есік алдындағы кептерлерге жем шашып жүрген шал сығырая қарап, сап-сары тістерін ақсита күліп, бұйралана бетін жауып, көзіне түскен жирен шаштарын үрлеп тұрып «Слушай, ты такая клёвая» демегенде, қазір көптің бірі боп тұра беретін едім. Ал қазір сол шалдың бір ауыз «комплименті» қайта туғандай әсер етіп, ойыма дейін өзгертіп, өзгеше етіп жіберді.

Қасымдағы бес адам бірдей бір бағыттағы автобусқа мініп кетті. Аялдамада өзім-ақ қалдым. Енді байқадым, қара жолмен зулаған көліктер дәл қасыма келгенде кілт тоқтайды! О, құдірет! Мен расында әлгі жирен шашты шал айтпақшы «клёвая» болып тұр екенмін-ау. Мүмкін «Instagram» немесе «Facebook» парақшамдағы оқырмандарым танысуды армандап, тамсанып жатыр ма екен? Не де болса жұртшылықтың тоқтап тұрып бір қарап өтіп жатқанына қарап атты адам түсіп карайтындай, жаяу адам жатып карайтындай сұлу болып тұрғаныма көзім жете түсті.

Дереу сөмкемнен «Mary Kayдің» қызыл далабын алып, ерніме сүйкедім. Одан сайын маңғазданып барамын. Әне бір көліктің ішіндегілер бала-шағасымен бірге шулап, маған қол шапалақтап өткендей болды. Тағы бір жүргізуші әйел терезесін ашып тұрып қарады. Тіпті бір ауыр жүк көлігінің өзі дәл алдыма келіп тоқтап, жәйлап жүріп кеткенде өз көзіме өзім сене алмадым.

Сонда да мұндай құрметке сене алмай, бәлкім түр-басым біртүрлі болып тұрған шығар деген оймен сөмкемнен айнамды алып, қайта-қайта қарадым. Жоқ, бәрі дұрыс. Сонда шынымен-ақ жүргізушілердің бәрі расымен маған айрықша ілтипат білдіріп, жаппай тоқтап жатқаны рас па? «Ойпырмай» деп іштей марқайып, «міне, құрмет деген осы» деп күбірлеп қоямын.

...Кенет көзім жолдың ортасындағы «лежачий полицейскийге» түсті. Сөйтсем, жұрттың тоқтауы маған деген құрмет емес, жай ғана көлігінің астын ұрып алмас үшін сақтанғаны екен ғой...

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ