Тамақты талғаммен тұтынған жөн
Әне-міне дегенше Жылан жылы да артта қалды. Бүгін 2025 жылдың соңғы күні. Ел-жұрт Жылқы жылын лайықты қарсы алу үшін қызу дайындыққа кіріскені маңайдағы адамдардың іс-әрекетінен оп-оңай аңғарылады.
АШЫҒАН ТАМАҚ АҒЗАҒА ЗИЯН
Жаңа жыл қарсаңында сағат тілі түнгі 00.00-ді соққаннан кейін туған туыс, көрші-қолаң, дос-жаран бір-бірін мерекемен құттықтап, әрқайсысының үйінен дәм тататыны бар. Әр үйде түрлі тағамнан бастап, салаттың, тәттінің, ет өнімдерінің неше түрі дастарқанда самсып тұратыны анық. Мұндай аста-төк тағамды бір күнде тауысу мүмкін емес. Сондықтан артылған тағам екі-үш күнге дейін тоңазытқышта сақталатыны шындық. Жоқтықтан емес, «обал болады» дейтін қазақ күмәнді тағамды қоқысқа тастауға қимай, ашып кеткеніне анық көзі жетпесе, ары қарай да тұтына беретіні белгілі.
Мамандардың айтуынша, тамақтан уланудың басым бөлігі жаз мезгілінде және дәл осындай мереке күндері тіркелетін көрінеді. Мерекелік көңіл күйдің соңы әуре-сарсаңға ұласпас үшін үй жағдайында дайындалған, ұзақ уақыт тұрып қалған салаттарды, әсіресе ет өнімдерін байқап тұтынған жөн.
– Осыдан оншақты жыл бұрын қаңтардың екісі күні досымның үйіне Жаңа жылмен құттықтап бардым. Әйелі дастарқан жайды. Өзі пысық келіншек еді, көп кідірмей тоңазытқыштан жылқының жілігін шығарып, оны майдалап турап, майға қуырып әкелді. Жаңа жылдың «символы» саналатын оливье салаты да үстелге қойылды. Ол кезде аздап ащы су ішетін әдетіміз бар еді. Бір кезде күйеуі асүйде жүрген келіншегін шақырып алып: «Мына салатың ашып кетіпті ғой, үйге келген қонақты өлтірейін деп жүрсің бе?» – деді.
Мен де арасында сол салатты шетінен түртіп жеп отырғанмын. Маған ашығандай көрінбеді. Салаттың бұзылмағанын айтқанымда досым бір ыдыстағы салаттың өзі жеп отырған бөлігінен ауыз тигізді. Сол сәтте жүрегім көтеріліп кетті. Шынында салат ашып кеткен екен. Өзім де аң-таңмын. Бір ыдыста тұрған астың бір шеті ашып кеткен, ал екінші жағы әлі қалпында.
Сол күні мен мына нәрсені анық түсіндім. Тағамды бактерия бір шетінен бастап бүлдіреді екен. Сондықтан екі адам бір ыдыстан ас ішіп, біреуі уланып, екіншісіне ештеңе болмауы әбден мүмкін. Абайламаса қиын, – деді Марат есімді бір таныс жігіт.
Жалпы қоғамдық тамақтану орындарында, тіпті үй жағдайында дайындалған тағамды тұтынарда да сақтыққа мән берген абзал. Одан бөлек, кейбір дүкендердің сөрелерінде сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлік өнімдері тұра беретіні де жасырын емес. Тұтынушы тауардың қаптамасына мән бермей өнімді ала салса, оның соңы денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан қай кезде де сапаға мән берген артық болмайды. Тамақты талғаммен тұтыну арқылы әркім өз денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.
Осы орайда біз облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаеваға хабарласып, биыл тамақтан уланудың қанша дерегі тіркелгенін, улану оқиғаларының қанша пайызы үй жағдайында, қанша пайызы қоғамдық тамақтану орындарында, қаншасы мектеп немесе басқа да мекеме асханасында орын алғанын сұрап білдік.
ӨТІНІШТЕРДІ ҚАРАУДЫҢ ӨЗ ТӘРТІБІ БАР
Жақында әріптесім Ақтоты Жаңабай облыстық көпбейінді ауруханаға қарама-қарсы орналасқан «Санал» дүкенінен «печенье сатып аламын» деп әуреге түскені бар. Айтуынша, сатып алған өнімінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен екен.
– Сол сәтте асығып жүргендіктен, өнімнің жарамдылық мерзіміне қарауға мұршам болмады. Жұмысқа келіп, шәй ішіп отырып әлгі печеньененің біреуін жеп алдым. Бірақ дәмінде бір өзгешелік барын сездім, тіпті тілімді ұйытып жібергендей болды. Басында оған аса мән бермей, жұмысыма алаңдап отырып, екіншісін жедім. Міне, сол кезде ғана бір шикіліктің барын анық түсіндім. Печеньененің түрі қап-қара болып кеткен, ал дәмі тілге тым жағымсыз еді. Қаптамасын мұқият қарап шықсам, өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткеніне екі ай болыпты, яғни қазан айында-ақ аяқталған екен. Осы жайтты білген соң, бірден дүкенге қайта барып, жарамсыз тауарды өткізіп, ақшамды қайтарып алдым. Денсаулыққа қауіпті мұндай жағдайдың орын алғаны өте өкінішті, сондықтан басқаларға да алған затының мерзіміне мұқият болуды ескерткім келеді. Мен де сатып алып жатқан тауарымның жарамдылық мерзіміне әу баста мән бермегендіктен екі рет әреге түстім, – дейді Ақтоты Бекенқызы.
Бір жолы мен де Қ.Тұрысов көшесі 5у мекенжайындағы «Дәмді себет» сауда орталығынан екі бөлке нан сатып алғанмын. Үйге келген соң, балам «Мына нанның дәмі қышқыл» деді. Мен нан сатып алғанда целлофан қалтаға жеке-жеке салынғандықтан, нанның көгеріп кеткенін байқамаған екенмін. Балам өзі кесіп жегендіктен нанның ақ шалған, көк шалғанына мән бермеген. Дұрысы нанның көгеретінін осы уақытқа дейін ол көріп-білмеген болып тұр. Дереу түбіртекті қолыма алып, әлгі сауда орталығына бет алдым. Сатушылар сөзге келмей ақшамды кері қайтарып берді.
Нанның сыртында жарамдылық мерзімі көрсетілмейтіні баршаға белгілі. Дегенмен дүкен әкімшілігі сөреден неге мұндай жарамсыз өнімді алып тастамайды? Олар мұны өздері зерделемей ме? Жалпы мұндай жағдайда не істеу қажет, қандай шара қолданылады және осыған ұқсас шағымдар тіркелген жағдайда қандай жұмыс атқарылады? Міне, біз осы сауалдарға да жауап алдық.
Салтанат Әлібаеваның айтуынша, өтініштерді қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі шеңберінде жүзеге асырылады екен. Аталған департамент пен оның аумақтық басқармаларына осы жылдың 11 айында барлығы 980 өтініш келіп түсіпті. Оның ішінде заңды тұлғалардан – 145, жеке тұлғалардан 835 өтініш түссе, олар заңда белгіленген мерзімде қаралған. Оның ішінде қоғамдық тамақтану және сауда объектілеріндегі санитариялық талаптарды бұзу бойынша 225 өтініш түскен, яғни бұл барлық өтініштің 22,9 пайызына тең.
ТАУАР САПАСЫ ҮНЕМІ БАҚЫЛАУДА
Негізінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары кейде дүкенге, базарға немесе қоғамдық тамақтану орнына барып, бірқатар азық-түлік өнімін сатып ала алады. Ондағы мақсат – саудада тұрған өнім талапқа сай ма, әлде заңбұзушылық бар ма, осыны анықтау. Яғни, олар «тауардың жарамдылық мерзімі өтіп кетпеген бе, таңбалануы дұрыс па, сақтау шарттары сақталған ба, сапасы күмәнді емес пе?» деген мәселемен тексеру жүргізеді. Олар негізі алдын ала белгіленген тауарды ғана сатып алады. Бұл іс Кәсіпкерлік кодекс пен қолданыстағы заңнамаға сай жүзеге асырылады екен. Зерделеу жұмысы басталмас бұрын олар сауда орнын мемлекеттік құқықтық статистика органы мен Бас прокуратура белгіленген тәртіп бойынша алдын ала хабардар етеді. Сатып алынған өнім міндетті түрде зертханаға жіберіледі. Онда оның қауіпсіздігі, құрамы, санитарлық талаптарға сәйкестігі жіті тексеріледі. Зерттеу нәтижелері ресми түрде рәсімделеді. Өнімнің нақты қай жерден, қашан, қандай түбіртек негізінде алынғаны да құжатпен дәлелденеді. Егер зертхана қорытындысы бойынша заңбұзушылық анықталса, жедел шаралар қолданылады.
Сонымен қатар 51 нысанға тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Оның қорытындысы бойынша 37 нысанда кемшіліктер анықталған екен. Ашығын айтқанда, олқылықтың орын алуына тамақ өнімдеріне, тауарға ілеспе құжаттардың ұсынылмауы, декларацияларының болмауы және басқа да жайттар себеп болған. 33 нысанға жалпы сомасы 3 миллион 273 мың 390 теңге айыппұл салыныпты. Ал 4 нысанға өнімді кері қайтарып алу түрінде жедел ден қою шаралары қолданылған.
Маманмен тілдескенімізде үй жағдайында дайындалып және ұзақ уақыт тұрып қалған тамақты тұтынбау, сауда сөрелеріндегі тауардың сапасы мен жарамдылық мерзіміне мұқият қарау маңызды екенін баса айтты. Қоғамдық тамақтану орындарында да қайдан, қалай дайындалғанына көз жеткізіп барып қана ас ішкен жөн екен. Осындай қарапайым сақтық шараларын ұстанған кезде ғана келеңсіз жағдайдың алды алынатыны анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ