Қоғам

Азаматына деген құрметі айрықша еді

Менің анам Жібек Өсімқызы тірі болғанда биыл 91 жасқа толатын еді. Өкінішке қарай, 66 жасында өмірден озып, бақилық өмірге кетті.

Уақыт өткен сайын анамның өміріне қайтадан баға беріліп, жаңа көзқарас қалыптасуда. Анам 1934 жылы жетінші қарашада (Кеңес одағында ең басты мереке – Ұлы Октябрь революциясы күні) қасиетті Баянауыл өңірінде мекендеген Арғын тайпасының Сүйіндігінен тарайтын Айдабол руынан шыққан Аққозы бабаның ұрпағы.

Анамның дүниеге келген жері Баянауыл өлкесі, суы мол, ауасы шипа, шөбі шүйгін, Жаратушының ақжарылқап бере салған қазақ жерінің бір тамаша өңірі. Осындай сұлу табиғат аясында анамның балалық шағы өтті. Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың орта мектебін бітіріп, оқуда зерек болған талапты жас Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетіне оқуға түседі.

ҚазПИ – Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орны. Студенттік жылдары уақыттың қиыншылығына қарамастан, оқу-ізденіске, сондай ақ жалындаған жастыққа тән романтикаға толы болады. Қызығы мол сол жылдардың ең бір бақытты шағы әкеміз бен анамыздың Алматыда кездесуі еді. Ол туралы әкемнің досы Абай Жолдасов кейін былай деп еске алады: «Сол кезде «Тарзан» деген киносеанстың «Алатау» кинотеатрында жүріп жатқан кезі, билет жоқ. Бір кезде кинотеатрға келген екі қыздан «артық билеттеріңіз жоқ па?» – дегенімізде, жүздері жылы жымиып: «бізде артық екі билет бар», – деп күлді. Әйтеуір ебін тауып біз де киноға кірдік те, қайтарда жаңағы екеуінің соңынан жүріп отырып, ҚазПИ-дің жатақханасына келдік. Жөндерін сұрап таныстық.

Бірер күн өткен соң сабақтан кейін Нұрғали екеуміз тротуармен келе жатып, Комсомольская (қазіргі Төле би) көшесімен жүретін №4 трамвайдың терезесінен кешегі екі қызды көріп қалдық. Сол трамвайға жүгіріп келіп мінгенімізде, олар тез түсіп кетті. Сол күні ҚазПИ-дің жатақханасынан іздеуге келістік. Алғашқы танысқандағы бізге айтқан есімдері группаларындағы қыздарының аттары екен. Сонымен «Бұйырған кетпес, жүгірген жетпес» дегендей аты жоқ қыздарды ерінбей іздеп жүріп тапқанымыз – осы Жібегіміз еді... Сол кезде Нұрғалидың афоризмге айналған: «Айналайын Жібекжан, менің қалқам, Сен үшін Павлодарды етем талқан», – деген әзіл сөзі әлі есімде».

Студенттік жылдардың қызығын бірге өткізген досы Абай Жолдасов айтпақшы, бұйырған қашпады. Сезімдері мен ойлары тоғысып, бір арнада бір тілек-ниеттен табылған екі жас студенттік той жасады. Сонымен Түлкібас пен Баянауылдың арасында «алтын көпір» орнады. Бір жағынан, халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқан «Түлкібас – тұлпарлар тұрған, сұңқарлар қонған жер», екінші жағынан, «бақ қонған елім – Баяным».

Әкем мен анамның 1956 жылы Алматыда түскен суретіне қарап, олардың жастық шақтағы бейнелерін көзге елестетуге болады. Анамның бойынан жинақылық, пысықтық байқалады. Әкемнің толқындана бұйраланған қалың қара шашы оңға қайырылған, аққұба, көз шарасы үлкен, жанары жалындаған жас жігітті қай ару болмасын менің жарым болса дегендей-ақ екен. Костюмнің жағасының сыртына көйлектің жағасын шығару сол кездің сәні болса керек. Күлімдеп қарап қалған көзден өмірдің дүниеге келмей жатып тосқан қиындығына мойып, қажудан гөрі болашаққа үміт-сенімі жоғары жастың отты, жігерлі жүзі байқалады.

1956 жылы әкеміз ҚазГУ-ды, анамыз ҚазПИ-ді бітірді. Екеуінің арманы – ауылға барып еңбек ету. Түлкібас ауданының мектептерінде орын болмай, ата-анамыз алғашқы еңбек жолын Қазығұрт тауының баурайындағы Абай орта мектебінен бастады. Әкеміз география, астрономия, биологиядан сабақ берсе, анамыз математика мұғалімі болып жұмысқа қабылданды. Жас жұбайларды ауыл адамдары ерекше қадірлеп, көпшілігі ерулік беруге шақыратын. Сондықтан да болар ата-анамыз ауыл өмірін, тыныс-тіршілігін тез танып, ауылмен бір отбасыдай араласып кетті. Ел ағаларын сыйлап, ерекше құрметтеді. Әсіресе, мектеп директоры Керімқұл Төлеуовпен ағайынды адамдардай сыйласып, тату көршілікте болды.

Ауыл өмірі жас ұстаздар үшін алғашқы өнеге мектебі болды десек жаңылыспаймыз. Анамыздың нағыз педагогке тән қасиеттері алғашқы қадамнан-ақ танылды. Ол балаларды ерекше сүйетін, олардың әрбір қасиеттерін жоғары бағалайтын. Мектеп бағдарламасында математика қиын пәндердің бірі болып саналады. Математиканы білу – бір мәселе, ал оны оқушыларға жеткізу – екінші мәселе. Осы жылдары анамыздың ұстаздық шеберлігі әріптестерінің және оқушыларының арасында ерекше көзге көрінді. Ол кезде мұғалімдердің көпшілігі институтты сырттан оқып бітіргендіктен әрі екі жас маманның сабақтарының сапасына тәнті болған ұжым мүшелері: «Күндіз оқып бітіргеннің аты күндіз оқыған екен», – деп қызығатын.

Қазығұрт ауданындағы Абай мектебіндегі жинаған 3 жылдық тәжірибесі кейін Түлкібасқа көшіп келгенде өз пайдасын тигізді. Ұлағатты ұстаз Жібек Өсімқызы Түлкібас ауданындағы Абай мектебінде мыңдаған жасты «өмір қақпасынан» жетелеп, оларға тәлім-тәрбие берді. Анамызбен қызметтес болған әріптестері Жібек Өсімқызының жеке басындағы адамгершілігі, қарапайымдылығы, жолдасына деген адалдығы, жандүниесінің кеңдігі және өзім деген жанға тек жақсылық жасағысы келетіні туралы жиі айтып отыратын.

1968 жылы біздің отбасымыз Тараз қаласына көшіп келді. Жаңадан педагогикалық институт ашылып, әкеміз, жас ғылым кандидаты Нұрғали Сарыбеков жұмысқа шақырылды. Анамыз да педагогикалық институттың «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасына аға оқытушы болып қабылданып, сол ұжымда 32 жыл өмірінің соңғы күніне дейін абыроймен ұстаздық қызметін атқарды.

«Математиканы оқыту әдістемесі» деген пәннің негізгі мақсаты – болашақ ұстаздарды мұғалім-әдіскер ретінде дайындау. Осы бағытта Жібек Өсімқызы толағай табыстарға қол жеткізді. Оның шәкірттері: «Жібек апай сияқты болғым келеді», «Осындай ұстаздардың болатыны – бақыт», «Жібек апайдың оқыту әдістемесі», – деген ойларын жиі айтатын. Ұстаз үшін шәкірттерінің бағасынан артық баға жоқ қой!

Біздің әкеміз бен анамыздың бірге ғұмыр кешкен 42 жылдың шежірелі шындығын түгел ашу мүмкін болмас. Қай адам болмасын – жазылмаған роман.

Жылжып бара жатқан ғұмырдарияны, уақытты тоқтататын күш жоқ. Зырлап өткен уақыт тарихқа айналса, хатқа түспеген қаншама ғұмырдың сыры мен шындығы ешкімге жетпей сол күйінде ұмыт болды десеңші. Жарқырап өткен талай жанның өзі дүниеден өткен соң, уақыт өте келе бәрібір ұмыт болады. Сондықтанда болар анамыз әкемізге арнап «Бәйтерек» деген кітапты құрастырып шығарды. Бұл кітап – анамыздың әкемізге қойған рухани ескерткіші, мәңгілік махаббатының белгісі деп қабылдаймыз. Жүректің терең түкпірінен тебіреніп шыққан мына өлең жолдары, арнайы іздеген жоқтауы да анамыздың азаматына деген мәңгілік сүйіспеншілігін білдіргендей:

«Атпаған таңдарыңды атыратын,

Ұрпағыңмен мәуелеп жапырағың,

Нұражан жатқан жерің пейіш болсын,

Торқа болсын төсенген топырағың.

Айналайын атыңнан,

Нұр дидарлы затыңнан,

Сарғайдым да сағындым,

Рухыңа табындым,

Шуақ еді-ау жан-жағың,

Хош, аяулы жан-жарым».

Әкеміз Нұрғали Сарыбеков – елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Акмеология және Қазақ Халық Экология Академиясының академигі. Қазақстанда «экологиялық педагогика» деген ғылымның негізін қалаушы.

Ғылым жолы ауыр екені белгілі. Кедір-бұдыры көп өмір жолындағы әкеміздің қиындықтарды жеңіп шығуда анамыздың атқарған қажырлы еңбегі айрықша.

Анамыз Жібек Өсімқызының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Артында ұл-қыздары, 18 немересі мен 25 шөбересі, көптеген бауырлары мен достары, өзінен білім алған мыңдаған шәкірті қалды. «Орнында бар оңалар» дегендей, Құдайға шүкір, анамыздың өмір жолын жалғастырушы ұрпақтары тұрғанда, анамыздың нұрлы бейнесі жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор