Әлеумет

Сән үлгісі де уақыт талабымен үндесуде

Жаңа жылға деген қызығушылық тек күнтізбелік өзгеріспен шектелмей, адамдардың қалай киінетініне, қандай түстерді таңдайтынына, стиль арқылы нені айтқысы келетініне тікелей әсер етуде. Осы тұрғыда «Pantone Color Institute» жариялаған 2026 жылдың басты түсі қоғамдағы көңіл күйді, жаһандық өзгерістерге деген ішкі реакцияны дәл сипаттайды. Келесі жылдың реңкі – «Cloud Dancer» немесе «Бұлт биі» деп аталған бейтарап ақ түс.

«Pantone Color Institute» сарапшыларының айтуынша, бұл түс тыныштық пен сабырды, ойдың айқындығын және ішкі тепе-теңдікті білдіреді. Институттың атқарушы директоры Литрис Айсман бұл реңкті жаңа бастамалармен, барлығын қайтадан бастауға деген ниетпен байланыстырады. Оның сөзінше, әлем тұрақсыздыққа үйреніп кеткенімен, адамдар саналы түрде тыныштық пен сенімділікке бет бұрып келеді. Ал «Pantone Color Institute»-дың әлеуметтік желідегі сипаттамасында «Cloud Dancer» қауырсын секілді жеңіл, шығармашылыққа шабыт беретін, қарбалас әлемге тыныс сыйлайтын түс ретінде ұсынылған.

Бұл реңктің басты артықшылығы – колористикалық бейтараптығында. Ол суық та емес, жылы да емес, дәл осы қасиеті арқылы кеңістікте де, киімде де әмбебап қолданыс табады. Институт вице-президенті Лори Прессман тым қанық ақ түстер кейде стерильділік пен оқшаулануды еске салатынын, ал «Cloud Dancer» керісінше, адамды жайлылыққа шақыратынын атап өтеді. Бұл таңдау – тек сән шешімі емес, тез өзгеріп жатқан әлем жағдайында қоғамның ортақ тыныштыққа деген талпынысының көрінісі. Бұған дейін «Pantone Color Institute» 2025 жылға «Mocha Mousse», ал 2024 жылға «Peach Fuzz» реңктерін таңдағаны да түстердің психологиялық мәніне басымдық беріліп келе жатқанын аңғартады.

Түстен кейінгі басты мәселе – образ. 2026 жылдың көктем-жаз маусымы сән сахнасында эклектика мен контрастылардың дәуірі болмақ. «Tagwalk» платформасының қорытындысына сәйкес, алдағы маусым батыл шешімдерге, жарқын реңктер мен әртүрлі стильдердің еркін тоғысына толы болады. Сәнқойлар іш киім стилін күнделікті образдың бір бөлігі ретінде қолданудан қорықпайды, ал маскулиндік пен феминдіктің шекарасы бұрынғыдан да көмескілене түседі.

Минимализм өз орнын сақтағанымен, ол бұрынғыдай суық әрі қатаң емес, мінезі бар, айқын формаға негізделген бағытқа айналады. Колорблокинг те сән сахнасынан кетпей, керісінше бейтарап түстермен үйлескен жаңа деңгейге көтеріледі. Блейзер 2026 жылы гардеробтың басты элементіне айналып, ресми де, күнделікті де образға оңай бейімделетін әмбебап киім ретінде ұсынылады.

Фактуралар мәселесінде дизайнерлердің қиялы кеңігені анық. Подиумдарда желбіршектер, шашақтар, қауырсындар, гүл өрнектері мен күрделі текстуралар қатар көрінеді. Былғары кез келген маусымға жарамды материал ретінде өз позициясын тағы да дәлелдеді. Ал негізгі реңктер қатарында сары, күлгін және қызғылт сары түстер ерекшеленіп, маусымның эмоционалдық палитрасын айқындап отыр.

Маталар мен материалдар да жаңа деңгейге көтеріледі. 2026 жыл «ақылды» текстильдің уақыты болмақ. Терморегуляциясы бар маталар, биоматериалдар, ауадай жеңіл нео-талшықтар және жұмсақ мөлдір текстуралар сәннің жаңа тілін қалыптастырады. Материал енді тек фон емес, образдың көңіл күйін, тіпті философиясын жеткізетін басты құралға айналады.

Келесі жылы силуэттерде айқындық пен тәртіп басым екенін айта кеткіміз келеді. Тік пішімдер, архитектуралық сызықтар, артық әшекейден бас тарту – мұның бәрі визуалды шудан шаршаған қоғамның сұранысына жауап. 2026 жылғы стиль – сән үшін сән емес, мағына әрі ыңғайлылық үшін таңдалған форма. Айта кетейік, ыңғайлылық, қарапайымдылық сәннен ешқашен кетпесі анық.

Сөмкелер геометриялық мүсінге ұқсап, әшекейлер ірі, индустриялық әрі архитектуралық сипат алады.

Ерлер сәнінде де айтарлықтай өзгеріс бар. Яғни, агрессия мен қатаңдықтың орнын «жұмсақ күш» басады. Бұл дегеніміз, кең костюмдер, жұмсақ маталар, қабаттасқан образдар арқылы сенімділік пен интеллект алдыңғы қатарға шығады. Бұл – ересек, саналы ер адамның образы.

Аяқ киімде технология айқын сезіледі. Гибридті кроссовкалар, барлық аяққа бейімделгіш табандар, қайта өңделген материалдардан жасалған, тігіссіз үлгілер сәннің жаңа стандартын қалыптастырады. Сонымен қатар, Y2K стилі де қайта оралады, бірақ бұл жолы ностальгия үшін емес, ойластырылған әрі жинақы интерпретацияда. Жеңіл жылтыр фактуралар, дене бітімді нәзік айқындайтын силуэттер сәнге поэтикалық сипат береді.

2026 жылғы сән үлгісі – жай ғана трендтер жиынтығы емес. Ол – көзқарас, болашақпен диалог болмақ. Персонализация, экология, мағынасы бар киімдер, AI-дизайн және саналы таңдау арқылы сән адамды айғайлатпай-ақ, өз ойын анық жеткізуге үйретеді. 2026 жылдың стилі таза, технологиялық, терең әрі шынайы болмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА