Жастар

Жастар жылан жылын табысты түйіндеді

Облыстық жастар ресурстық орталығы үшін жылан жылы айтулы белестер мен толағай табыстарға толы берекелі кезең болды. Өңір жастарының басын біріктіріп, олардың әлеуетін арттыру жолында аянбай еңбек еткен ұжым жыл соңын жоғары көрсеткіштермен түйіндеп отыр. Осыған орай облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевпен сұхбаттасып, жыл ішінде атқарылған іс-шаралар, жастар саясатына қатысты мәелелер, келер жылға арналған жоспарлар жайында әңгіме өртбіттік.

– 2025 жыл аяқталуға жақын. Биыл облыста жастар саясатында атқарылған жұмыстардың ең басты нәтижесі деп нені атар едіңіз? Тарихи-танымдық, құқықтық, әдеби-мәдени, экологиялық бағыттарда қандай іс-шаралар өткізілді?

– Осы жыл жастар ресурстық орталықтары үшін мазмұны терең, нәтижесі жоғары, үлкен жетістіктерге толы айрықша жыл болды. Жыл бойы атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған бастамалар жастар саясатын жаңа деңгейге көтеріп, орталықтардың әлеуетін жан-жақты айқындады.

Әдеби-мәдени бағытта сан алуан форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың рухани дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға кең мүмкіндік берілді. Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығы 2025 жылы өңір жастарының рухани және шығармашылық деңгейін көтеру бағытында мазмұнды жобаларды іске асырды. Оның ішінде ең маңызды оқиғаның бірі ретінде ұлы ақын, хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кешті атауға болады. Аталған әдеби кеш аясында облыстың жас таланттары Абай шығармашылығын жаңа қырынан танытып, ақынның әндері мен қара сөздерін орындаудан шеберлік байқасты. Сонымен қатар өңірде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ауқымды іс-шаралар легі өтті. Бұл бастама аясында жастар арасында түрлі челлендждер, кітап талқылаулары мен үздік оқырманды анықтауға арналған зияткерлік сайыстар ұйымдастырылды. Жоба жастардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, Әулиеата өңірінің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталды. Бұған қоса, жастардың сүйікті жобасы – «Jaidarman» облыстық кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тартысты бәсекеде өңірдің ең үздік командалары өнер көрсетіп, жастардың сахналық мәдениетін, әзіл мен тапқырлығын паш етті.

Маңызды көрсеткіштердің бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы аясындағы индикаторлардың артығымен орындалуы болды. Биыл 2 000-нан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылып, еңбекке баулу, жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды нәтижелерге қол жеткізілді. Маусымдық еңбек жасақтарының жұмысы нәтижесінде 185,5 тонна күл-қоқыс шығарылып, 20 690 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде жастар ресурстық орталықтары мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен барлығы 1 299 іс-шара ұйымдастырылып, акция аясында 29 283 адам қамтылды.

Тарихи-танымдық бағыттағы жұмыстар да айтарлықтай күшейтілді. Бұл саладағы іс-шаралар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылып, студент жастар Тараз қаласы мен өңір аумағындағы Меркі қалашығы, Құлан қалашығы, Меркі үңгірі сынды тарихи-мәдени нысандармен танысты. Экспедиция аясында екі-үш күндік экскурсиялар өткізіліп, жастардың туған өлке тарихына деген қызығушылығы артты.

Волонтерлік бағыт та белсенді түрде дамытылды. Кәсіптік-техникалық мамандықтарда оқитын белсенді волонтер жастар жазғы кезеңде ұйымдастырылған жастар ресурстық орталықтары мамандарымен бірлескен «Вolashaq jastar quaty – 2025» бейресми оқыту лагеріне жолдама алып, азаматтық белсенділік, көшбасшылық және командалық жұмыс дағдыларын жетілдірді. Бұл ортада жастар өзара тәжірибе алмасып, белсенді әрі жауапты қоғам мүшесі болудың маңызын терең түсінді.

Спорттық жетістіктер де биылғы жылдың жарқын көрсеткіштеріне айналды. Қызылорда облысында өткен жастар ресурстық орталықтары арасындағы кіші футбол турнирінде бірінші орын иеленіп, жоғары дайындық пен ұйымшылдықты көрсеттік. Түркістан облысында өткен кіші футбол турнирінде жүлделі бірінші және үшінші орындарға қол жеткіздік. Сонымен қатар республика көлемінде өткен жастар ресурстық орталықтары арасындағы спартакиадаларда екі дүркін чемпион атанып, екі мәрте үшінші орын жүлдегері болу – ұжымның табанды еңбегі мен бірлігінің айқын дәлелі.

Жылды қорытындылай отырып, «2025 жыл біз үшін қарқынды даму, нақты нәтиже және үлкен табыстарға толы, тарихи маңызы бар жыл болды» деген ойға келдім. Бұл жетістіктер алдағы уақытта да жастармен атқарылатын жұмыстың жаңа белестерге жетуіне берік негіз қалайды.

– Орталық биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылын» қалай қорытындылады? Бастама жастар арасында техникалық және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға нақты әсер етті ме?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылының» кәсіби-техникалық бағытта білім алып жатқан студенттердің, құрметке лайықты еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттырудағы ықпалы зор болды. Биыл жастардың мамандық таңдауда және еңбек адамдарын ерекше құрметтеу мақсатында кәсіпорындар мен зауыттарға экскурсиялар, әртүрлі саладағы еңбек адамдарымен кездесулер, байқаулар, тарихи-танымдық, спорттық және тағы басқа шараларды қамтитын барлығы 567 іс-шара өткізіліп, оған 22 332 адам қамтылды. Жыл ішінде жастарға өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, зауыттардың жұмысы, техникалық құрал-жабдықтары мен жұмыс барысын кеңінен таныстыру және жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту мақсатында «Alashprom», «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыттарына экскурсиялар ұйымдастырылды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және оларды насихаттау бойынша «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыптарында еңбек адамдарымен кездесулер ұйымдастырылды. Жұмыстар тек кездесулермен шектелмей, жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан жастарды қолдауға бағытталған нақты жобалармен жалғасын тапты. Атап айтқанда, «Кәсіби маман – 2025» байқауы ұйымдастырылып, тігін және қолөнер шебері, дәнекерлеуші, аспаз секілді сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша аудандық деңгейде іріктеу кезеңдері өткізілді. Байқауға қатысқан жастар өз шеберліктерін көрсетіп, жүлделі орындар үшін бақ сынады. Аудандық іріктеуден өткен үздік қатысушылар облыстық кезеңге жолдама алып, бұл деңгейдегі іс-шараларға облыс әкімінің орынбасары арнайы қатысып, жастарға сәттілік тілеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттады.

Жыл қорытындысы ретінде кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша оқитын студент жастар арасында облыс әкімінің кубогы үшін кіші футбол турнирі ұйымдастырылды. Турнирдің жүлде қоры жоғары деңгейде белгіленді. Бірінші орынға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге, сондай-ақ әрбір номинация бойынша 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл бастама студент жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, командалық рухты нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар кәсіптік-техникалық мамандықтарда білім алып жатқан жастарды маусымдық жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Жас жұмысшы мамандарды түрлі бағыттар бойынша еңбекке тарту арқылы олардың тәжірибе жинақтауына және табыс табуына мүмкіндік жасалды.

– Облыстық жастар ресурстық орталығының өз ғимараты жоқтығы және аудандардағы ресурстық орталықтардың техникалық базасының ескіруі маңызды мәселенің бірі. Өз нысаны жоқ орталықтар мен тозған техника мәселесін шешу үшін биыл қандай нақты қадамдар жасалды? Аудандарға жаңа техника қашан беріледі? Сонымен қатар жалақы мәселесі  күрделі болып тұрған аудандық ресурстық орталықтар жайында да айтып өтсеңіз...

– Жастар ресурстық орталықтарының 2025 жылға дейінгі кезеңінде бірқатар аудандық орталықтарда жеке ғимараттың болмауы өзекті мәселелердің бірі болып келгені белгілі. Оның ішінде облыстық деңгейдегі орталықтың да жеке ғимаратсыз жұмыс істеп келгені жасырын емес. Осы түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында Серік Жақсылықұлының бастамасымен кеңес отырыстарының арнайы алқалы жиындарында нақты хаттамалық тапсырмалар беріліп, нәтижесінде биылғы жылы ауқымды әрі өте маңызды жұмыстар атқарылды.

Аталған хаттамалық тапсырмалар негізінде Т.Рысқұлов, Талас және Сарысу аудандарындағы жастар ресурстық орталықтарына жеке ғимараттар беріліп, бұл аудандарда көптен бері қордаланып келген мәселе толықтай шешімін тапты. Жеке ғимараттардың берілуі орталықтардың жұмысын жүйелеуге, жастармен жүргізілетін іс-шаралардың сапасын арттыруға және мамандар үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға зор мүмкіндік берді. Нәтижесінде осы үш аудан жастар саясатын жүзеге асыруда жаңа деңгейге көтерілді.

Сонымен қатар биыл жүргізілген кешенді зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жастар ресурстық орталықтарын материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету бағытында да қосымша хаттамалық тапсырмалар берілді. Аталған тапсырмалар 2026 жылдың негізгі жоспарларына енгізіліп, алдағы жылы жаңадан берілген ғимараттар мен бұрыннан қолданыстағы орталықтар заманауи техникалық құрал-жабдықтармен, сондай-ақ қызметтік жиһаздармен толық қамтамасыз етілетін болады. Бұл іс жастармен жұмыс жүргізудің тиімділігін арттырып, орталықтардың функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Биылғы ең ауқымды нәтижелердің бірі – дәл осы үш ауданның жеке ғимаратпен қамтылуы болып отыр. Бұл – аудандық жастар ресурстық орталықтарының институционалдық тұрғыдан нығаюына жасалған нақты әрі маңызды қадам. Бұдан бөлек, Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің еңбекақысы бойынша да өзекті мәселе назардан тыс қалмады. Аталған орталықта айлық жалақының ең төменгі деңгейде болуы арнайы талқыланып, нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар айынан бастап хаттамалық тапсырмаға сәйкес қызметкерлердің жалақыларына 30 пайыздық үстемеақы қосу жөнінде нақты шешім қабылданды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, мәселе толықтай бақылауға алынды.

Жалпы алғанда, барлық аудандық жастар ресурстық орталықтарының мамандарына кезең-кезеңімен 30 пайыздан бастап 50, 60 және 75 пайызға дейінгі аралықта жалақыға үстемеақылар тағайындау тетіктері енгізіліп, нәтижесінде орталық қызметкерлері лайықты әрі тұрақты еңбекақымен қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде кадр тұрақтылығын сақтауға, мамандардың жұмысқа деген ынтасын арттыруға және жастар саясатын сапалы жүзеге асыруға оң әсерін тигізеді. Аталған өзгерістердің ішінде облыстық жастар ресурстық орталығы да бар екені ерекше атап өтіледі.

Қазіргі таңда облыстық жастар ресурстық орталығының негізгі мәселелері ретінде жеке ғимараттың жоқтығы мен еңбекақы деңгейі қарастырылып отыр. Дегенмен, қабылданған шешімдерге сәйкес, бұл мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін табады. Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап облыстық орталықтың жалақы мәселесі де, жеке ғимаратпен қамтамасыз ету жайы да нақты қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Осылайша, жастар ресурстық орталықтарының материалдық, техникалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, саладағы оң өзгерістер өз жалғасын табады.

– Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша нақты неше жас баспаналы болды? Халық арасында «Келер жылы бұл бағдарлама тоқтайды» деген сыбыс бар, осы ақпарат қаншалықты рас? 2026 жылы бағдарламаға қаржы бөліне ме?

– «Әулиеата жастары» бағдарламасы облыс жастарын қолдауға бағытталған ең нәтижелі әлеуметтік жобалардың біріне айналды. Игі бастама ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және өзге де әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек етіп жүрген жастардың өңірде тұрақтап қалуына және өмір сапасын арттыруға бағытталды. «Отбасы банк» акционерлік қоғамының қолдауы арқылы жүзеге асырылып жатқан бағдарлама ресми түрде 2022 жылы іске қосылып, бастапқы кезеңнен-ақ үлкен сұранысқа ие болды. Оның басты артықшылығы – жылдық мөлшерлеменің небәрі 5 пайыз болуы және бастапқы жарнаның 10 пайыздан басталуы. Нарықтағы ипотекалық өнімдермен салыстырғанда бұл жастар үшін аса тиімді шарт болып саналды. Жоба іске асқан жылдар ішінде тұрақты түрде дамып, жыл сайын нақты нәтижелер көрсетті. Мәселен, 2022 жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылса, 2023 жылы да бұл бастама қолдау тауып, тағы да 144 жас отбасы үйлі болды. Ал былтыр 140 жас маман қоныс тойын тойлады. Бұл кезеңде бағдарламаға қатысушыларды іріктеу кезінде баллдық жүйе енгізіліп, ең қажетті сала мамандарына басымдық берілді. Осылайша, 2022-2024 жылдар аралығында «Әулиеата жастары» бағдарламасы арқылы барлығы 400-ге жуық жас отбасы тұрғын үй мәселесін шешті. Бұл көрсеткіш бағдарламаның өңір үшін қаншалықты маңызды әрі сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді. Ал биыл жоба аясында 90 жас баспана бақытын сезінбек.

Дегенмен, халық арасында «келесі жылы бұл бағдарлама тоқтайды» деген түрлі сыбыстардың таралуы да жасырын емес. Айта кету керек, «Әулиеата жастары» бағдарламасына облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жауапты болғандықтан, оның нақты тоқтайтыны немесе жалғасатыны жөнінде кесімді түрде айту қиын. Бұл сыбыстардың пайда болуына басты себеп – қаржыландыру мәселесінің әлі де 2026 жылдың еншісінде қарастырылып жатуы. Яғни, бағдарлама тағдыры алдағы жылғы бюджет мүмкіндіктеріне тікелей байланысты болмақ.

Соған қарамастан, «Әулиеата жастары» жобасы бүгінге дейін өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға, жастардың әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға және олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Осы себепті бағдарлама алдағы уақытта да қолдау тауып, өз жалғасын табады деген үмітіміз бар.

– «NEET» санатындағы жастардың мәселесін шешу үшін қандай жобалар іске асырылуда?

– Жұмыссыз жастар мәселесі – қазіргі таңда өзекті бағыттардың бірі. Жастар, әсіресе оқуын аяқтағаннан кейін алты айға дейін жұмысқа орналаса алмағандар «NEET» санатындағы жастар ретінде қарастырылады. Бұл бағытта біз жүйелі түрде жұмыстар атқарып келеміз. Бүгінде өңірдегі «NEET» санатындағы жастардың үлесі 2025 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 22 215 жасты құрады. Облыс бойынша осы жылға 20 903 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Биыл 35 жасқа дейінгі 26 072 жас жұмыспен қамту мәселелері бойынша өтініш білдіріп, оның ішінде 19 414 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Нәтижесінде 17 924 жас тұрақты жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 1 537 өрен жұмыспен қамтуды жалғастырушылар қатарына енгізілді.

Сол секілді жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен ақпараттық-кеңес беру алаңдары тұрақты түрде ұйымдастырылып, еңбек нарығындағы сұраныстар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Биыл 105 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, оған 1 492 жұмыс беруші мекеме қатысып, 4 700 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 6 887 жұмыссыз жас қатысты. Оның ішінде уақытша бос жүрген «NEET» санатындағы жастар – 1 762, пробация қызметі есебінде тұрғаны – 288 жас.  Нәтижесінде 2 183 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 452-сі кәсіби оқытуға, 333-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 780-і «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жолданды. 3 010 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасқан болса, 4 810-ы консультациялық кеңестер алды.

Тағы бір айта кетерлігі, аудандық деңгейде, оның ішінде ауылдық жерлерде жастар ресурстық орталықтары арқылы арнайы адрестік түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алайда бұл салада бірқатар өзекті мәселелер де бар. Атап айтқанда, оқуын бітіргеннен кейін тіркеуде бір елді мекенде тұрғанымен, іс жүзінде басқа өңірлерде жұмыс істеп жүрген жастар кездеседі. Олар зейнетақы қорына тіркелмеген, салық төлемейтін, яғни ресми есепте жұмыссыз жастар санатында қалып қояды. Осындай жастармен де тікелей байланыс орнатылып, жеке жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда оларды ресми түрде еңбек қатынастарына тарту мақсатында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеу бойынша адрестік шаралар атқарылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл «NEET» санатындағы жастардың үлес салмағы айтарлықтай төмендеді.

Тараз қаласы мен шалғай аудандардағы жастардың мүмкіндіктеріндегі алшақтықты жою үшін не істеліп жатыр?

Жалпы облыстық жастар ресурстық орталығының басты миссиясының өзі – өңір жастарын, мейлі ол облыс орталығында немесе ең шалғай ауылда тұрса да, бір арнаға тоғыстырып, ортақ мәселелерді шешуге жұмылдыру. Бұл бағытта орталықтар тек ақпараттық хаб емес, жастардың әлеуметтік, экономикалық және құқықтық белсенділігін арттыратын бірегей институционалдық алаңға айналды.

Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жоюдың негізгі тетігі — жастарды мемлекеттік бағдарламалармен тең дәрежеде қамту. Осы мақсатта «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарды ауылдық елді мекендерге тартуға және оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жастарға арналған жеңілдетілген несие беру тетіктері енгізіліп, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға кең мүмкіндік жасалуда. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастардың инновациялық және шығармашылық бастамаларын дамытуға бағытталса, кәсіби жастар арасындағы «Профи» байқауы олардың кәсіби құзыреттерін арттыруға ықпал етуде. Аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде коворкинг орталықтары, түрлі тренингтер, шығармашылық және кәсіби іс-шаралар арқылы жастардың әлеуеті арттырылуда.

– Қазіргі уақытта жастар арасындағы лудомания мен есірткіге тәуелділік секілді дерт белең алып тұрғаны белгілі. Құқықбұзушылықпен күресте орталықтың нақты нәтижелері бар ма?

– Шынында да соңғы уақыттарда жастар арасындағы құқықбұзушылықтың артуы қоғамды айтарлықтай алаңдатып отыр. Биыл Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыс жастарының қатысуымен 2 066 іс-шара өткізіліп, оған 67 940 жас қатысты. Сонымен қатар өрендердің құқықтық санасын арттыру және қоғамда құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 80 738 жасты қамтыған 2 248 іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, жастарды есірткі және басқа да қауіпті заттардан қорғау, қоғамдық орындарда заңсыз жарнамаларға жол бермеу мақсатында «QORGAN» жобасы аясында үйлер мен ғимараттардың қабырғаларынан есірткі заттарды жарнамалайтын кодтық сөздер мен байланыс нөмірлері бар 268 граффити өшірілді.

Сонымен қатар кәмелет жасына толмаған жастардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алу және құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында «Қоғам сақшысы» жобасы аясында волонтер жастардың қатысуымен 394 түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 150 хаттама толтырылып, 85 жасөспірімнің ата-анасына ескертулер жасалды.

Жастар арасындағы лудоманияның алдын алу мақсатында «Құмар ойын -қоғам дерті», «Құмар ойынның қасіреті», «Интернет ойындарына тәуелділіктің алдын алу жолдары» тақырыптарында 3 720 жастың қамтылуымен 152 іс-шара өткізілді. Нашақорлықтың алдын алу мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ», «Есірткісіз қоғам», «Электронды темекінің зияны» тақырыптарында 5 423 жастың қатысуымен 272 іс-шара ұйымдастырылды. Жастар арасындағы буллинг және кибербуллингтің алдын алу мақсатында «Қоғам кибербуллинг пен буллингке қарсы!», «Әлімжеттікке және бопсалауға жол жоқ!» тақырыптарында 4 775 жас белсене араласқан 222 іс-шара өтті.

– Келер жылға арналған жоспарлар жайын баяндап өтсеңіз. Жамбыл жастарын қандай жаңа жобалар күтеді? Алдағы жыл – Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы орайда нақты қабылданған іс-шаралар тізімі бар ма?

– Алдағы жылға деген үміт зор, өйткені биыл жастар саясаты саласында бірқатар қуантарлық нәтижелермен аяқталды. Бүгінде облыс аумағындағы он аудандық және ауылдық жастар ресурстық орталығының барлығы толықтай жеке ғимараттармен қамтылды. Бұл – көптен бері көтеріліп жүрген маңызды мәселенің нақты шешімін тапқанын білдіреді. Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы он үш жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, оның ішінде Шу қаласындағы орталықтар мен облыстық жастар ресурстық орталығы да бар. Бұл құрылымдардың барлығы енді тұрақты, жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізуге толық мүмкіндік алып отыр.

Келесі жыл волонтерлік бағытқа айрықша мән берілетін кезең болмақ. Алдағы жылды Волонтерлер жылы ретінде атап өту жоспарланып, бұл бастама халықаралық деңгейге дейін ұлғайтылмақ. Атап айтқанда, көктем айларында облысымызда республикалық емес, халықаралық деңгейдегі волонтерлер форумын өткізу жоспарланып отыр. Бұл форумға дайындық жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті. Форум аясында тәжірибе алмасу, волонтерлік қозғалысты дамыту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру бағытында мазмұнды кездесулер мен алаңдар ұйымдастырылмақ.

Аталған халықаралық форумды өткізуге облыс басшылығы тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп, арнайы қаржы бөлінуі де жоспарланған. Форум бірнеше күнге созылып, оған шетелдік және отандық волонтерлер, сарапшылар мен сала мамандарының қатысуы көзделіп отыр. Бұл шара облыстың ғана емес, жалпы елдегі волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналмақ.

 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ