Жамбыл жаңалықтары

Асқар Тоқпанов театрына академиялық атақ берілді

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры көптен күткен академиялық мәртебеге ие болды. Айтулы оқиғаның салтанатты сәтіне орай театр ғимаратының маңдайшасына «Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театры» деген жаңа атау ресми түрде орнатылып, шамы жағылды. Бұл қуанышты шараға облыс басшылығы, театрдың ардагерлері, жас өнерпаздар және қала тұрғындары қатысты.

Жиын театр сахнасында жалғасын тапты. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Кеш барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев те сөз алып, театр ұжымын тарихи жетістігімен құттықтап, естелік сый-сияпаттарын табыс етті.

Салтанатты сәтте  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан да өнер ордасының адам жанына рухани тыныс беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі айрықша рөлін атап өтті. Мазмұнды кеш театр ұжымы арнайы әзірлеген «Сөз бен саздың тоғысуы» атты театрландырылған композициялық қойылыммен толықтырылып, көрермен қауымға әсерлі сәттер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ