Жасөспірімдер қауіпсіздігі – басты назарда
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі №11 комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пиротехниканы қауіпсіз пайдалану, құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары талқыға салынды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Керебаев баяндама жасады.
Аталған фактілер бойынша кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Баяндамадан соң облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан қала орталықтарындағы дүкендердің алдында және орталық стадион маңында арнайы дүңгіршектерде пиротехникалық өнімдердің ашық сатылып тұрғанын атап өтіп, олардың заңдылығы жөнінде сауал қойды.
Сондай-ақ Серік Жақсылықұлы пиротехникалық өнімдерді сатып алушыларға жас ерекшелігіне байланысты шектеулердің бар-жоғы жөнінде сұрақ қойды.
Бұл сауалға Нұржан Серікұлы: «Пиротехникалық өнімдерді сатып алуға заңнамалық тұрғыда жас шектеуі жоқ. Алайда, 18 жасқа толмаған кәмелетке толмағандар пиротехникалық бұйымдарды сатып алып, қолданған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес олардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады», – деп жауап берді.
Жиын барысында Серік Жақсылықұлы мереке қарсаңында және демалыс күндері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары мен Тараз қаласы әкімінің орынбасарына пиротехникалық өнімдерді сату, пайдалану тәртібі, сондай-ақ заңсыз әрекеттер үшін көзделген айыппұлдар туралы телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы ескерту хабарламаларын жариялау жүктелді. Сонымен қатар, полиция департаментінің өкілдеріне бұл бағыттағы бақылау жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Келесі кезекте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Әтенов баяндама жасап, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта облыс әкімдігі, полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп әзірленген «Жол картасын» іске асыру жұмыстары жалғасып келеді.
Сондай-ақ жиын барысында күн тәртібіне сәйкес аудан әкімдерінің орынбасарларынан атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат алынды. Комиссия отырысын қорытындылаған Серік Сәлемов кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Айжан ӨЗБЕКОВА