Тұлпардай тебініп, тек алға ұмтылайық!
Жаңа жыл – уақыт әлі ештеңе жазып үлгермеген, үміт пен арманға толы таза ақ парақ іспеттес. Бір беті күннің нұрымен жарқыраса, екінші беті қараңғы түннің құшағында қалады. Сол ақ пен қара қатар жүретін өмір дәптерінің беттері ешқашан таусылмаса екен дейсің. Сондықтан да алға ұмтылып жылжисың. Әр әріпті мән-мағынамен әрлей отырып, әр күніңді әсемдеп жазуға тырысасың. Жазған әр сөзің ізгілік пен жақсы ниетке толғанын қалайсың. Бірақ шын мәнінде, өмір дәптерінің әр бетіне тағдыр өзі таңдап, мөрін басып қойған сиқырлы сөздер жазылатыны белгілі. Сол сәттердің әрқайсысы өз кезегімен, өз дәуірінде ғана ашылады.
Көгорай көктемде қабат-қабат дәптердің парақтары ашыла бастайды. Бірде жазира даланы гүлге көмкерген жаздың әуені естілсе, енді бірде алтын түске боялған жапырақтардың сыбдыры жаныңды нұрландырады. Ал енді бірде айналаны ақ қырау басып, терезені өрнектей жөнелген аяздың аяқ алысы суреттеледі. Дәл осы мезгілде ақ қанат көбелекке айналған әппақ қар жауған мезгілдің төрткүл дүниенің төрт бұрышын түйістірер ең ғаламат тылсымға толы жаңа бақыт, жаңа күн, жаңа жыл алып келетінін күтесің. Айналаны ақ ұлпамен көмкеріп, асу-асу белестерді бағындырар күннің суық райын жып-жылы мейірім мен жылылыққа толтырып жеткен жаңа күнге, жақсы дәуірге бастар жаңа жылды қалай күтпейсің, қалай сүймейсің?!
Иә, жаңа жыл өткенді ой елегінен өткізіп, жаңа бастамаларға жол ашатын сәт. Адамдар бір-біріне жақсылық жасауға ұмтылар күн. Жанға қуаныш, жүрекке үміт, болашаққа сенім беретін шақ. Аяз ата мен Ақшақардың бейнесі балалардың арман мен қуанышқа қол созуына ықпал етеді. Тіпті аспандағы әр жұлдыз жаңа үміттің белгісі сияқты жарқырай түскендей сезімге бөлейді.
Әрбір жүрек осы мерекеде мейірім мен достыққа ұмтылып, жыл бойы басынан кешкен ауыртпалықтарын ұмытады. Мерекелік дастарқан жанға ләззат сыйлайды. Ең ғажабы бұл мереке адамды жақсылық жасауға, армандарын іске асыруға ынталандырады.
Осындай ғажап та шуақты сәттерді жұдырықтай жүрекке сыйдырып жеткен жаңа жыл мерекесінің тарихына көз жүгіртсек, оның көне дәуірден бастау алғанына куә боламыз. Алғашқы адамдар жаңа жылдың басын табиғаттың жаңаруымен байланыстырған. Ғалымдардың айтуынша, жаңа жылды көктемде тойлау шамамен біздің дәуірімізге дейін 3000 жылы алғаш рет Месопотамияда басталған. Өйткені бұл кезең егін егу уақытымен сәйкес келген. Тіпті ежелгі Римде де бастапқыда жыл басы наурыз айы болған екен. Кейін біздің заманымызда дейінгі 46 жылы Рим императоры Юлий Цезарь күнтізбені өзгертіп, 1 қаңтарды жылдың басы деп бекіткен. Осылайша жаңа жылды қыста, қаңтар айында қарсы алу дәстүрі қалыптасқан. Бұл дәстүр кейін Еуропаға таралып, григориан күнтізбесі енгізілгеннен кейін де сақталып қалған.
Жаңа жылда шыршаны ортаға қою да терең мағынаға ие. Сол уақытта өмір сүрген жандар күн суықта жапырағын түсірмейтін, әрі мәңгі жасыл түске боялып тұратын ағаштарды өмірдің, үміт пен мәңгіліктің белгісі деп санаған. Қыс мезгілінде табиғаттың реңі кетіп, тал-дарақтардың сиқы қашып жатқанда да, жалғыз өзі жап-жасыл болып тұратын шырша расында болашаққа сенім берген. Уақыт өте келе бұл сенім христиан мәдениетімен ұштасып, XVI ғасырда Германияда Рождество мерекесінде үйге шырша қою дәстүрі пайда болған.
Жаңа жылдың тағы бір белгісі – шам жағу. Бұл да өте көне наным-сенімдерден бастау алады. Ежелгі замандарда адамдар от пен жарықты жамандықтан қорғанудың белгісі деп түсінген. Қыс мезгілінде күн қысқарып, түн ұзара түскен кезде жарық адамдарға үміт пен қауіпсіздік сезімін берген. Мәңгі жасыл ағашқа жарық жағу арқылы олар табиғат қайта оянады, күн қайтадан ұзарады деп ұққан. Кейін бұл дәстүр Еуропада, әсіресе Германияда христиандық мәдениетпен ұштасып, шыршаға шам қою түрінде кеңінен қалыптасты.
Негізі шам қараңғылықтың жеңілуін білдіретін белгі ретінде қабылданған. Уақыт өте келе бұл мағына діни шеңберден шығып, жалпы жаңа жылдың символына айналды. Мұның түбінде «Шырағың сөнбесін» деген ойды тарқатып тұрған жақсы ырым жатыр. Оның үстіне ескі жылдың қараңғылығы артта қалып, алда жарық, үмітке толы жаңа жыл келе жатыр деген түсінік те пайда болды. Қауіпсіздік мақсатында ХХ ғасырда алауы бар шын жанып тұрған шамдардың орнына электр шамдары қолданылып, олар бүгінгі таңда жаңа жылдық көңіл күйдің ажырамас белгісіне айналды. Сол сияқты кейінгі уақытта табиғи әшекейлердің орнына арнайы ойыншықтар қолданыла бастады.
Бұл үрдіс Қазақстанға Ресей арқылы XIX-XX ғасырларда жеткен. Кеңес дәуірінде шырша діни мағынасынан айырылып, балаларға арналған зайырлы жаңа жыл мерекесінің символына айналды. Сол кезеңде Аяз ата, Ақшақар, сыйлық тарату сияқты дәстүрлер қалыптасқан.
Ерте замандарда адамдар қыстың ортасында жиналып, ән айтып, би билеп, түрлі ойындар ұйымдастырған. Бұл олардың бір-біріне деген қуанышын білдіріп, жақсылық пен береке болсын деген тілектен туындаған үрдісі. Кейін шырша жаңа жылдың негізгі белгісіне айналып, балалар оның айналасында тақпақ айтып, ән салып, би билей бастады. Осылайша шыршадағы өнер көрсету дәстүрі қалыптасты. Ал Аяз атаның сыйлық таратуы үлкендердің балаларды жақсы мінез-құлқы мен еңбегі үшін қуантудан шыққан дәстүр. Уақыт өте келе мұндай құбылыс Аяз ата бейнесімен байланыстырылып, ол жаңа жылда ғана келіп, балалардың өнерін тамашалап, сыйлық беретін кейіпкер ретінде танылды. Баланың өлең айтып, өнер көрсеткеннен кейін сыйлық алуы тәртіпті, өнерлі болуға ынталандырудың бір жолы болды. Осылайша шыршадағы мереке, балалардың өнері мен Аяз атаның сыйлығымен толықтырылып, жаңа жылды көңілді де мәнді ететін біртұтас дәстүрге айналып шыға келді.
Өткен 2025 жылға байыппен көз тастап, одан алған сабағымызды көңіл таразысына салайық. Табалдырықта қош айтысып тұрған 2026 жылан жылы адамды сабыр мен сақтыққа, терең ой мен парасатты шешімге үндеді. Асығыстықтан аулақ болуды, ақыл мен төзімді алға шығаруды талап етті. Сондықтан жаңа кезеңде бірлік пен байыптылықты ту етіп, берекелі бастамаларға жол ашу керек.
Келе жатқан Жылқы жылы табандылықты талап етеді, ал табандылық нәтижеге бастайтын басты қасиет. Сондықтан 2026 жыл жауапкершілік пен сенім жылы болмақ. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, батыл идеялар қолдау тапса екен деген игі тілек бар. Әр таң жаңа күш пен жаңа мақсат сыйлайды. Тұлпардай тебініп, тек қана алға ұмтылайық!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ