Жамбыл жаңалықтары

Әрбір ұсыныс ескерусіз қалмайды

Билік өкілі елмен етене жақын болса, ауыл-аймақ арасындағы кез келген түйткілдің түйіні дер кезінде тарқатылады. Сондықтан да бұл бүгінде жергілікті басқару жүйесінде көрініс табуы тиіс басты талаптардың біріне айналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығының мәні де осында.

Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Аудандық мәдениет үйінде өткен жүздесуде халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды. Аймақ басшысы 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, алда жүзеге асырылатын жоспарлы жұмыстар жөнінде баяндады.

Аймақ басшысы өз сөзінде экономиканың барлық негізгі салаларында өсім бар екенін жеткізіп, нақты көрсеткіштерге тоқталды. Ағымдағы жылдың қаңтар-қарашасында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,4 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 16 пайызға, құрылыс жұмыстары - 20,4 пайызға, байланыс - 9,5 пайызға, ауыл шаруашылығы - 1,4 пайызға, көлік - 2,9 пайызға артқан.

Сондай-ақ жыл басынан бері 1,2 триллион теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 16,0 пайызды құрады. Жыл басынан облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 33 пайызға ұлғайды.

Ағымдағы жылы өңірде өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Сондай-ақ облыста іске асырылуы 2029 жылға дейін қарастырылған,   62 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды, оның 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады. Бұл тұрғыда 8,3 мың жұмыс орны құрылатын болады.

Жалпы, 2025 жыл басынан 27,5 миллиард теңгеге 21 жоба іске асырылып, 550 жұмыс орны құрылған.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзге де бағыттар бойынша да осындай оңды істерді тілге тиек етіп, алда ауқымды міндеттер күтіп тұрғанын айтты.

Кездесуде аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының баяндамасы тыңдалған соң шешімін күткен өзекті мәселелерге назар аударылды. Осы орайда облыс әкімі Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтен Тоғызтарау, Жаңа Өткел, Құмсуат елді мекендерінің  магистралды газбен қамту жобасы мен осы елді мекендердің ауылішілік газ желісіне қосу жұмыстары қашан аяқталатынын, тұрғындар көгілдір отынның пайдасын нақты қай кезден көре бастайтынын сұрады. Сондай-ақ аймақ басшысы: «Тағы бір мәселе, 2023 жылы Аса ауылындағы «Шаңырақ» тұрғын алқабындағы жер телімдері азаматтарға таратылып берілген. Бүгінгі күні азаматтар тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізіп жатыр. Дегенмен тұрғындар электр энергиясына және ауызсу жүйесіне қосылу мәселесін жиі көтереді. Инженерлік жүйелердің «қолды болған» фактілері де кездесіп жатыр. Мәселені шешу бойынша қандай шара қабылданды? Әлеуметтік желіде былтыр ғана пайдалануға берілген темір жол үстінен өтетін көпірдің жеделсатысы жұмыс істемей тұрғаны көтерілді. Мүгедектігі бар азаматтар үшін бұл қолайсыз жағдай. Мәселе шешілді ме, мердігерге кепілдік мерзімі шегінде қандай шара қабылданды?», – деді.

Нұрлан  Күдербайұлының айтуынша, аталған елді мекендерді бүгін газға қосу арқылы аудандағы ауылдар толық көгілдір отынмен қамтылмақ.

Облыс әкімі Аса ауылы тұрғындарының «Амангелді» газ өңдеу зауытынан шығатын жағымсыз иіске наразылығы бар екеніне, бұл бағытта зауыт басшылығымен бірлесіп қандай шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқашев пен аталған зауыт директоры Ғабит Дүйсеновтен, облыс бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Байбатыр Мұсабектен жауап алды.

Ербол Шырақпайұлы аудан әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Мақпал Досымбековадан оқушылар арасында суицид, әлімжеттік және ерте жүктіліктің алдын алу бойынша берілген тапсырма бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын, нендей нәтиже шығарғанын сұрап, білді.  

Жиында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Мәселен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев аудандық аурухана 20 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін тілге тиек етіп, осы мәселенің шешілуіне  ықпал етуді сұрады. Аса ауылының тұрғыны Гүлсім Саурықова мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығы және  18 жастан кейін еңбекке бейімдеу орталығы ашылса деген ұсынысын жеткізді.

Бесағаш ауылдық округінің тұрғыны Әбдікәрім Ахметов жергілікті тұрғындарға жеке үй салу үшін жер телімі мәселесін шешіп беруді сұрады. Бүгінде аталған округте үй кезегінде 1100 адам тұр екен.

Ал Аса ауылының тұрғыны Сәрсенбай Түзелбаев аудан орталығында интернет желісі мен байланыс сапасы нашар екенін сынға алды.  Тұрғындар тарапынан көтерілген осы секілді сұрақтарға сала басшылары жауап берді.

Кездесуден кейін Ербол Шырақпайұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бұдан соң облыс әкімі Т. Рысқұлов ауданына жол тартып, ондағы тұрғындармен де кездесті. Бұл жерде де өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы сөз болып, алдағы міндеттер айқындалды.

Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде ауылшаруашылығы, өңірлерді дамыту, әлеуметтік қамтамасыз ету, тағы да басқа салалар бойынша  мәлімет берді.

Жалпы, облыс бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 485,4 миллиард теңгені құраған.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 640 мың гектарға жетіп, 3,3 миллион тонна өнім жиналды, оның 230 мың тоннасы - қант қызылшасы. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 6,9 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге күтілуде. 

Сонымен қатар 858 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Нәтижесінде, ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 6,3 пайызды құрап отыр.

Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт – 1,7 пайызға артты. 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды.  Тағы бір айта кетерлігі, 61,8 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы бағытындағы жер телімі қайтарылды.

Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард  теңгеге 437 жоба қаржыландырылды.   

Жұртшылықпен жүздесуде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауапқа берілді.

Жиын барысында облыс басшысы тұрғындар көтерген мәселелерге қатысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кейбір түйткілдер бойынша алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданатын болды.

Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Аталған басқосу  жергілікті халықтың көкейіндегі мәселелерін дер кезінде шешуге және билік пен бұқара арасындағы ашық диалогты нығайтуға септігін тигізгені анық.

Нұрым Сырғабаев