21 жасқа жетпеген мыңдаған қазақстандық микроқаржы ұйымдарына қарызға кіріп кеткен
Жастардың шамадан тыс қарыздануын тежеу үшін шағын несие нарығына бірқатар қатаң шектеулер енгізілді, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстанда жастардың шағын несиеге тәуелділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 21 жасқа дейінгі 36,2 мың азаматтың микроқаржы ұйымдарынан алған несиесі бар. Соның 19 мыңы қарызын үш айдан астам уақыт бойы төлей алмай жүр.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Мемлекеттік кредиттік бюро деректеріне сәйкес, 18–21 жас аралығындағы 136 мыңнан астам азамат микрокредит алған, олардың 18,6 мыңының берешегі 90 күннен асып кеткен.
Жастардың шамадан тыс қарыздануын тежеу үшін шағын несие нарығына бірқатар қатаң шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, мерзімі өткен қарызы бар азаматтарға жаңа микрокредит беруге тыйым салынды, интернет арқылы несие рәсімдеу үшін биометриялық сәйкестендіру міндеттелді. Сонымен қатар микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 46 пайызға дейін төмендетілді.
Агенттік дерегінше, қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастады. Соңғы уақытта жастар арасында шағын несие алушылардың саны біртіндеп азайып келеді.