Облыс әкімі Сарысу ауданының тұрғындарымен жүздесті
Кездесу Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудандық мәдениет үйінде өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектері тыңдалды.
Облыс әкімі ел Президентінің халық игілігін көздейтін басым бағыттары аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Бұдан соң Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов пен оның орынбасарлары атқарылған жұмыстар мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Есептерді тыңдаған өңір басшысы Сарысу әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі екенін атап өтіп, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындап берді.
Сонымен бірге халықты көгілдір отынмен және сапалы интернетпен қамтуды жеделдетуді тапсырды. Бұдан бөлек, полиция бөліміне «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуді ескертті.

Негізгі баяндамалардан кейін тұрғындарға «Ашық микрофон» форматында сөз берілді.
Сарысулықтар Талас өзенінің суын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым және шабындық жерлерге жеткізу, су арналарының тазалығы, ауызсудың сапасын жақсарту, шалғай ауылдардағы жолдарды орта жөндеу, жас мамандарға көтерме және үстеме ақы төлеу, жалақы мәселелері, әлеуметтік дүкен ашу, сондай-ақ өндіріс орындарының экологияға әсері секілді бірқатар өзекті мәселені көтерді.
Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген түйткілдерге қатысты нақты жауаптар берді.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 632 кездесу өткізді. Оған 32 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 981 түрлі сұрақ пен ұсыныс көтерілді. Бүгінгі күнге дейін көтерілген 1 981 мәселенің 912-сі оң шешімін тапса, 524-іне түсініктеме берілді, ал қалған 545-і бақылауға алынды.