Қазақстандық жас ғалым цикорийдің диабетке қарсы қасиетін дәлелдеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы, аға оқытушы Айжамал Байсейітова цикорий өсімдігінің диабетке қарсы тиімді әсері бар екенін ғылыми зерттеу арқылы дәлелдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Зерттеу барысында цикорий құрамындағы биологиялық белсенді заттардың қандағы қант деңгейін төмендетіп, зат алмасу процесін реттеуге оң ықпал ететіні анықталған. Сондай-ақ өсімдіктің адам ағзасында стресс әсерінен пайда болатын еркін радикалдарға қарсы антиоксиданттық белсенділігі бар екені дәлелденді.
Ғалымның айтуынша, жоба аясында халықаралық ғылыми журналдарда екі мақала жарияланған. Қазіргі таңда цикорийдің фитохимиялық және фармакологиялық қасиеттері терең зерттеліп жатыр.

Аталған инновациялық жоба бойынша ҚазҰУ ғалымдары патент алған. Болашақта цикорий негізінде биологиялық белсенді қоспалар мен емдік шайлар өндіріліп, отандық нарыққа шығарылады деп жоспарлануда.
Айжамал Байсейітова ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультетінде дәріс береді, сондай-ақ университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында қызмет атқарады. Ол Оңтүстік Кореядағы Кёнсан ұлттық университетінде магистратура мен докторантурада білім алып, докторлық дәрежесін қорғаған.