Жаңалықтар

Яндекс басымызға шықты: депутаттар такси монополиясына қарсы заң әзірлеуде

«AMANAT» партиясының депутаттары такси саласын қатаң әрі тиімді реттейтін заң жобасын әзірлеуге кірісті, деп хабарлайды arainfo.kz

Екі жыл бұрын ҚР Көлік министрі Яндекс такси монополиясын жоямыз деп уәде бергенімен, бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Такси нарығында шынайы бәсекелестік қалыптаспай, жүргізушілер 20–25 пайызға дейін комиссия төлеуге мәжбүр.

Бұл туралы депутат Мұрат Әбенов мәлімдеді. Оның айтуынша, такси саласындағы монополия жүргізушілердің де, тұтынушылардың да құқығын шектеп отыр.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясының депутаттары такси саласын қатаң әрі тиімді реттейтін заң жобасын әзірлеуге кірісті.

Заң жобасының негізгі бағыттары:

такси қызметін қауіпсіз әрі қолжетімді ету;

таксистердің еңбек құқықтарын қорғау;

нарықта шынайы бәсекелестік орнату;

агрегаторлардың комиссиясын төмендету;

отандық такси платформаларын қолдау.

Мысал ретінде депутаттар Әзербайжанды келтіріп отыр: бұл елде 6 такси агрегаторы бар, ал комиссия мөлшері 10 пайыздан аспайды. Қазақстанда да балама компаниялардың кіруіне жағдай жасалуы тиіс.

Сондай-ақ, отандық «Апару» платформасының тәжірибесі атап өтілді. Өскемен қаласында жұмыс істейтін бұл сервис жүргізушіден бір рейс үшін небәрі 50–60 теңге ғана алады, негізгі табыс тікелей таксистің өзіне қалады.

Мұрат Әбеновтің айтуынша, шетелдік монополист компанияларды заң аясында тәртіпке келтіріп, лоббистік ықпалға тосқауыл қою қажет. Заң жобасын партия фракциясының басшылығы толық қолдаған.