2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы өседі
Келесі жылдан бастап зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар 10%-ға өседі, деп хабарлайды arainfo.kz
«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақылар ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сай 10%-ға арттырылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ына дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені(күнкөріс деңгейінің 70%-ы) құрайды. Ал ең жоғары мөлшері бұрынғы 110%-дан 118%-ға дейін өсіп, 60 005 теңгеге жетеді.
Мысал ретінде, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан, бүгінде 70 жастағы азаматтың бюджеттен төленетін зейнетақысы 2025 жылы 171 588 теңге болған. Оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жоспарланған өсімді ескерсек, оның жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл соманың ішінде базалық зейнетақы 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы 132 811 теңге болады. Аталған есепке БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де айтарлықтай өседі. Атап айтқанда:
Бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы 1–3 балаға – 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге, 4 және одан көп балаға – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды;
Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге, 10 баласы бар отбасыларға 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін өседі;
Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақылар: I топта – 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге, II топта – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге, III топта – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін артады.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10%-ға ұлғайтылады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде төленеді.
Айта кету керек, МӘСҚ-тан берілетін төлемдердің нақты мөлшері азаматтың соңғы екі жылдағы орташа табысына, әлеуметтік аударымдарға, еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейіне, асырауындағы адамдар санына және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты жеке есептеледі.