Қазақстанда 2026 жылдан бастап күрделі ауруларды тегін диагностикалау енгізіледі
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында 11 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туған жағдайда тегін диагностика жүргізіледі.
Аталған аурулардың қатарына туберкулез, созылмалы вирустық гепатит пен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі ісіктер, жіті миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), орфандық аурулар, эпилепсия, инсульт және өзге де ауыр дерттер кіреді.
Салыстыру үшін айтсақ, қазіргі уақытта ТМККК шеңберінде диагностика тек туберкулез бен АИТВ инфекциясы бойынша ғана жүргізіледі. Ал басқа әлеуметтік мәні бар ауруларды анықтау міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жүзеге асырылып келеді.
Жаңа өзгерістердің нәтижесінде сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмектің негізгі пакетіне қол жеткізе алады. Оған емханаларға алғашқы жүгіну, бірқатар ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтер мен вакцинация, өмірге қауіп төндіретін жағдайларда жедел медициналық көмек, инфекциялық аурулар кезіндегі ем, паллиативтік көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап әлеуметтік мәні бар 13 аурудың төртеуі — қант диабеті, церебральдық сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы және ревматизм — МӘМС жүйесіне ауыстырылады. Бұл аурулар динамикалық бақылауды қажет ететін жағдайлар тізбесіне енгізіліп, медициналық көмек толық көлемде МӘМС аясында көрсетіледі.