Халықаралық байқауда күміс жүлде иеленді
Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «Н» сынып оқушысы Сырым Уали халықаралық деңгейдегі беделді зияткерлік сайыста ел абыройын асқақтатты. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 12 300-ден аса қатысушының арасынан оза шығып, халықаралық астрономия және астрофизика байқауында күміс жүлдеге ие болды.
«The International Astronomy and Astrophysics Competition» (IAAC) – астрономия мен астрофизика саласындағы білімді терең бағалайтын, логикалық ойлау мен ғылыми талдауды талап ететін әлемдік деңгейдегі жарыс. Байқау үш кезеңнен тұрады: іріктеу, финалға дейінгі кезең және қорытынды финал. Сырым үшін бұл жарыс бастапқыда өзін сынап көру мүмкіндігі ретінде басталғанымен, үлкен ғылыми тәжірибеге айналды.
Дайындық барысында білімді өрен «ilectureonline.com» және «nineplanet.org» сынды халықаралық ғылыми платформалардағы материалдарды кеңінен пайдаланған. Осылайша ол астрономия мен астрофизиканың түрлі тақырыптарын өздігінен меңгеріп, білімін тереңдеткен.
Болашақта білімді өрен өзін инженер ретінде елестетеді. Мектепті аяқтаған соң шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуды мақсат етіп отыр. Оның айтуынша, оқу орнын таңдаудағы басты талап – инженерлік бағдарламалардың сапалы аккредитациясы мен жоғары деңгейдегі білім беру жүйесі.
Сонымен қатар, жас зияткер Қазақстандағы ғарыш саласының дамуына қатысты өз көзқарасын да білдірді. Оның пікірінше, еліміздің бұл бағытта әлеуеті зор. «Байқоңыр» ғарыш айлағы, географиялық орналасу және халықаралық ынтымақтастық – үлкен артықшылық. Дегенмен, салада білікті мамандардың жетіспеушілігі, жастардың астрономияға қызығушылығының төмендігі, қаржыландыру мен технология тапшылығы сынды түйткілдер бар екенін де жасырмайды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ