«Бір сырым бар айтатын саған, күнім...»
Әлсейіт Әлменұлы... Бір басына жеті өнер бақ болып қонып, қалың көпшіліктің ортасында қарапайым қалыпты мінезі мен әуелгі жаратылыс-болмысынан өзін ешқандай өзгертпей-ақ жүріп, парасаттың биігінен аласармай, бүтін қазақ баласына қадірі асқан құрметті жан еді.
Шындығында, марқұм Әлсейіт Әлменұлының бір басындағы елден ерек қасиет-қабілеттерін санайтын болсақ, сол жеті киелі өнерге де жетеқабыл болып қалады. Біріншіден, қарапайым адамдардан артық жаратылыс егесі - туабітті ақын еді. Екіншіден, әрбір ойын шапшаң өлең сөзге ұтымды ұйқастырып сөйлейтін айтыскер ақын ретінде танылды. Үшіншіден, көне заманнан келе жатқан аңыз әңгімелердің қаймағын қалқып қағазға түсіріп, ірі тарихи тұлғалардың ерлік істерін қарасөздің нарқы мен парқын аша отырып қаһармандық деңгейде халыққа жеткізе білетін аса дарынды жазушы болатын. Төртіншіден, сонау кеңес өкіметі жылдары мен тәуелсіз Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатын санасында тоқайластыра білген, жоғары білімді, қаламы жүйрік, аса мол тәжірибелі, кәсіби журналист еді. Бесіншіден, табиғаттың таңғажайып көрінісін, сұлу қыздың жымиып күлген бейнесін, ер жігіттің батырлығы мен бойжеткен аруға махаббатпен қараған қымбат бағалы сәтін секундында қалт жібермейтін сезімтал, елгезек мінезімен айналадағы құбылысты осылай тез байқағыш, әсершіл, ерен фототілшілік қабілеті бар. Алтыншыдан, өзінің және көптеген ақындардың жазған өлеңдеріне музыкалық әуен-ән шығарған талантты композитор ретінде ізі қалды. Жетіншіден, өзі шығарған әндерінің алғашқы орындаушысы, құлаққа жағымды қоңыр дауысы бар керемет әнші еді. Қазақ баласы тамсанып айтатын жеті өнердің бір адамның бойынан табылуы - бұл ғажап құбылыс қой. Ақыл - есі дұрыс қалыптасқан адам баласы дәрежесін көтеріп, бағасын асыра мақтап айтуына лайықты жан осындай болмай ма?
Иә, осындай талантты адам өз бойындағы ерекше қасиет- қабілеттері үшін ешбір адамнан, тіпті, билік өкілдерінен, мемлекет тарапынан ештеңе сұрамастан, артық бағалы сый-қүрмет тіленбестен, жоғары лауазымды қызметтің жұмсақ креслосын дәметпестен, әуелде адам болып жаратылған кеудесіндегі жұмыр жүрегінде тұрған қанағатшылдық мінезімен бұл дүниеден ақырын өтіп кетті. Жаны жәннатта болсын дейміз. Ақын өзі өмірден өтіп кеткенімен, артында өлмейтұғын әдеби шығармалары мен бірнеше кітабы мұра болып қалды. Сол кітаптардың ішінде, «Күн махаббат» атты таңдамалы жыр жинағын атап айтуға болады. Бұл кітапты ақын көзі тірісінде баспадан шығарып, оқырмандарымен таныстырып, халықпен көзайым етіп үлгергені- көңілге жұбаныш ұялатады.
Бағамдап қарасақ, әдебиетте әрбір ақын өзінің өмірге келуі, туған жері мен өскен ортасы, ата-анасы, тарихи ірі тұлғалар туралы шабыттана жырлайды. Бұл тұрғыда Әлсейіт Әлменұлы да қалыс қалған емес. Ол өзінің «Өмір- өлең» атты өлеңінде былай толғайды:
Желтоқсанда біздің үй кеңістігін.
Нұр-шуақтың жылытып ең ыстығы.
Мен келіппін шыр етіп дүниеге,
Соғыс біткен..., қырық бес..., жеңіс жылы.
Туған жерім!
Тұғырым! Биіктедім!
Төбем көкке өзіңде тиіп менің!
Балғын шағым сенде өтті.
О, Саудакент!
Жерұйығым! Не деген сүйікті едің?!
Осы орайда оқырман назарына ақынның өмірбаянын ұсынғанымыз жөн болар.
Әлсейіт Әлменұлы Шахантегі 1945 жылы 12 желтоқсанда Сарысу ауданының Жаңаталап ауылында жарық дүние есігін ашқан. Қазіргі Саудакент ауылындағы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепті өте жақсы деген бағамен бітірген. Мектеп қабырғасынан кейін Шымкент қаласында Әл-Фараби атындағы мәдени-ағарту институтының мәдени-ағарту жұмыстары факультетінде оқиды. Мұнан соң Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің журналистика факультетінде білімін жалғастырған.
Еңбек жолын кеңес өкіметінің кезінде Сарысу ауданының орталығы болып саналған Саудакент (ол кезде Байқадам) ауылында Ықылас Дүкенұлы атындағы жеті жылдық саз мектебі мен Б. Адамбаев атындағы мектепте қарапайым мұғалім болып бастаған. Кейін «Сарысу» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Сарысу аудандық әкімдігінде бөлім меңгерушісі, аудан әкімінің көмекшісі, ішкі саясат және тіл басқармасының бас маманы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының жауапты көмекшісі болды. Өмірінің соңғы жылдарында Жаңатас қаласынан шығатын «Сарысу» газетінің жауапты хатшысы болып еңбек етті. Қазақстан Журналисттер Одағының мүшелігіне көп жылдар бұрын қабылданған. Сондықтан болар Әлсейіт Әлменұлының қара сөздің қасиетін алтыннан қымбат дүниедей бағалайтын, сөз зергері атанған, озық ойлы ақын-жазушылар мен журналистердің арасында өзіндік биік беделі мен абыройы бар еді.

Менің Әлсейіт Әлменұлы жайлы жақсы білетін себебім, ол жастықтың жалыны бойымда шалқып тұрған қанқызулы шағымда мәні зор ақыл айтып, жанашырлық ниетімен тәлім-тәрбие беріп, құшағы кең ағалық пейілімен қамқор болған, менің өнердегі-өмірдегі парасатты, ұлағатты, жоғары саналы, аса кешірімшіл, кемеңгер ұстазым еді.
Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп айтқан даналық сөздері мен үшін Әлсейіт Әлменұлына арнап айтылғандай болып көрінеді. Бұл ойды ақын ағамыз «Ұстаз монологы» атты өлеңінде нықтай түседі:
Мен ұстазбын!
Ақындарға арқау боп жыр еткенде.
От берем лүп-лүп еткен жүректерге!
Құштармын шуағы мол көктем болып,
Шәкірттердің жанына гүл еккенге!
Мен ұстазбын!
Жалынсызға көңілім көншімеген.
«Сегіз қырлы, бір сырды» еншілегем.
Ел алдына шығамын, үлгі алсын деп,
Маңайымда арманшыл өршіл өрен.
Көңілдері алып- ұшып тұрған жас шәкіртеріне өлең өнеріне арнаған өмір жолдарының ауыр тұстарынан қалай өтуі керектігі жөнінде ақыл-кеңес беруден жалықпайтын ақын осы «Ұстаз монологы» атты өлеңінде өзінің ұстаздық ұстанымынан оқырманға ұғынықты мағлұмат беріп тұрғаны анық.
Әлсейіт Әлменұлының жастарға қамқорлықпен қорған болатын ашық мінезі- біраз өреннің өз бойындағы қабілет- қарымы мен дүниетанымын өзгертіп, талаптың тау басына қызықтыра жетеледі, талантының ашылуына, өзін- өзі толық тануына себепкер болды. Сол балауса жастардың бойындағы асыл қасиеттері тұншығып қалмаса екен деген адал ниетімен Сарысу ауданының төңірегінен бірнеше жас ақын-жазушылар мен журналистерді тәрбиелеп шығарды.
Сол жастардың бірі Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, асқақ ақын Маралтай Райымбекұлы болатын. Әлсейіт Әлменұлы «Күн махаббат» атты кітабында шәкірті Маралтай Райымбекұлына арнап өлең жазыпты. Ұстаз көңіліндегі шәкіртіне деген құрметті сезімнің ағыны былай ашылыпты:
Ақын інім, мен сені ақ жүрегіммен сүйемін.
Ізгілігіңді ұмытпай көңіліме түйемін.
Әр уақытта үйіме есігімді қақпай кел!
Дастархан жайып алдыңа, барымды төгіп- үйемін!
Ұсынып саған сонан соң тәу етер Кәрім-Құранды.
Домбырамды шертіп салармын әсем бір әнді.
Жадыратып жаныңды ойыңнан шығып діттеген,
Ақтарамын алдыңа бар қазына, мұрамды.
Қатар қонған ауылдай, қанат жайып, тел өсіп.
Жүзімізден шаттықтың мамыражай лебі есіп.
Шекарасыз отырсақ, о, дариға- ай, арман не?
Қайғы-мұңсыз екеуміз, күліп- ойнап, кеңесіп.
Таң атқанша көз ілмей, сергек сезім ұйқы ашып.
Алмасып жыр жолы, оқылып жатса ұйқасып.
Тебіреніп, толғанып, шалқар сезім басылмай,
Кеудемізде керемет күмбірлейді-ау, күй тасып.
Түн түңлігі түріліп, шығар сәтте нұрлы күн.
Бақтарымды арала! Төсіңе тақ қыр гүлін!
Дұшпанымыз күйінсін! Достарымыз сүйінсін!
Қос жүректің пайымдап қуанышын, бірлігін!
Күні ертең қоштасып, сағынарсың, шөлдерсің!
Пейілімді кең даладай, көңілімді көл дерсің!
Айдынымда еркін жүз, ақ қанатты аққуым,
Жарасымды достықтың құдіретін ел көрсін!
Саудакент ауылында ғұмыр кешкен Әлсейіт Әлменұлының ақын інісі Маралтай Райымбекұлына арнап жазған сағынышты бұл өлеңі шығармашыл тұлғалардың сүйіспеншілік сезімі мен бірін- бірі жоғары құрметтеген достық ниеттері ретінде тарихтың тақтасында алтын әріптермен жазылып тұр.
Сарысу аудандық «Сарысу» газетінің редакциясы Жаңатас қаласындағы 1-ықшамаудандағы 22-үйдің артында болатын. Бір қабатты жатағандау соғылған шағын ғимарат көзге онша елене қоймайтын. Бірақ ол нысан кемел ақыл- ой мен биік пайым- парасаттың, құдіретті қарасөздер мен отты тілгілеген жасын- өлең шіркіннің қайнап жатқан ордасы еді.
Бір жолы ерке жастықтың желбуаздай желіктірген желімен желпініп «Сарысу» газетінің редакциясына жетіп бармаймын ба? Сыртқы есікті шалқасынан ашып тастап, соғыстан қайтқан әкесін сағынған жас баладай тапырақтап басып Әлсейіт ағаның кабинетіне баса- көктеп кіріп келдім. Қолымда түні бойы жазған «ыстық булы» бір бума өлеңдерім бар. Әлекедей жалаңдатып арғымақ ат мінген байырғы болыстардың әпербақан шабармандары сияқты, ентіге кіріп, еркінси сөйлеп, бірден қол алып амандаса салып, қорғасынды шоқпен балқытқан жас кеудеме симай тасып тұрған бақыт- қуанышым, түні бойы жазған өлеңдерімді Әлсейіт Әлменұлының алдына асығыс, сарт еткізіп қоя салдым. Ақын ағам үстелден басын шалт көтеріп алды да, жылы жүзбен жымиып маған қарады.
– Ассалаумағалейкум, ақын бала!- деп әдеттегідей қолын ұсынып, жылы амандасты,- Сен үшін мен ұятты болып отырмын.
Мен аң- таң қалып «Не бүлдірдім?» деп іштей ойланып тұрмын. Сосын:
Орнымнан атып тұрдым.
– Ақын бала, орныңа отыра ғой, – деді ақырын дауысын жұмсартып. – Сен албырттықпен асығыстау бір болмашы әдепсіздік көрсетті деп салқын қарап, менмендікпен кек сақтайтын болсам, менің адамгершілік қасиетімнің қандай болғаны? Жауқазын гүлдей жайқалып өсіп келе жатқан жас жігітсің. Сен жастықпен бір әдепсіздік жасады деп сол уақытта сені тоқтатып, ақыл айтудың орнына жерге басым жеткенше кек сақтауым үлкен аға болып туғандағы менің абыройыма сәйкес келетін кісіліктің жөні ме? Онда менде жастық желігі басылмаған албырт жастың бірі болғаным да.
– Баланың тәлім-тәрбиесі үшін тек ата-ана ғана кінәлі деп саған кім айтты? Үйдегі тәрбие мен тәртіп бір бөлек. Мектептегі ұстаздың тәрбиесі мен тәртібі бір бөлек. Өскен ортаның тәрбиесі мен тәртібі бір бөлек. Сыртқы айналадағы адамдар мен қоғамдық ортаның тәрбиесі мен тәртібі бір бөлек. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» деп ұлы Абай атамыз тектен-тек айтты ма? Мына жаһандану деген жұтқыр бәлекет қатты белең алып бара жатқан заманда сендей өршіл жастарға дер уақытында дұрыс бағыт-бағдар бермегеніміз үшін біздің кешірілмейтін кінәміз бар. Саған сын айтып, кінә артуымызға өзіміз лайықтымыз ба? Біздің ақыл-біліміміз сені кінәлауға толық жете ме? Өзіміз ата-бабамыз туралы тарихты жарытып білеміз бе? – деді.
Бір сырым бар айтатын саған, күнім,
Төмендетпе басқадан бағаңды тым.
Қолдың кірі – қызмет, мансабыңнан,
Тұрсын биік үнемі адамдығың.
Болу керек азамат зайырлы аса,
Жауың сыйлар жақсыңды пайымдаса.
Мықтылықтың жөні осы – баю деме,
Қиналғанға көмектес, қайыр жаса.
Тағы да айтар бір сөзім, саған, күнім,
Білінбесін ісіңнен жамандығың.
Тырнақ асты кір іздеп жүрме ешқашан,
Мінезіңнен көрінсін адалдығың.
Алла өзі жар болсын саған, күнім,
Тілейтінім тірлікте амандығың.
Жан жылытар, өзіндік шуағы бар –
Ісі болсын ісіңде табандының!
Ол уақытта Әлсейіт Әлменұлы «Сарысу» газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқаратын. Ал басылымның бас редакторы – белгілі журналист Жаңабай Миллионов болатын. Сол кезде «ақын бала» деп еркелетіп, қос қанатымнан демеп, ағалық қамқорлықпен қолдау білдіріп, салмақтап оқыған осы өлеңі мен ақыл сөздері жас жүрегімді ұзақ уақыттан бері жылытып келеді. Бұл сәт мәңгілік есімде ұмытылмастай болып сақталып қалды.
Осы кездесуден кейін бір албырт жастың жастықтың желігімен сәл әдепсіздеу жасаған қылығын көрсем, ең алдымен, ағалық көңілмен ақылымды айтып, байыппен сабырға шақыруға тырысатын болдым. Ол жасқа жөн- жоралғыны дұрыс түсіндіріп, достық жәрдем беру ағалық парызым екенін түсіндім. Бәлкім, «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейтін даналық сөздің ақиқат шындығы осы шығар?
2000 жылдың тамыз айында Жаңатас қаласындағы мәдениет үйінде аудандық ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасына жанашыр ұстазым, қамқор ағам, ақын Әлсейіт Әлменұлының демеуімен мен де қатыстым. Шыны керек, бұл – менің сахнадағы үлкен мінберге шығып, мәдени ортада алғаш рет өлең оқыған іс-шарам.
Мүшәйрада ең бірінші болып өлең оқыған Әлсейіт Әлменұлының даусы мәдениет үйінің кең залын жаңғыртып, жырсүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Сол іс-шарада ақын ағамыздың шығарған жаңа бір әнінің тұсаукесері болып, оны аудандық мәдениет үйінің жас әншісі нақышына келтіріп орындап шыққаны есімде.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар. Сол айтпақшы, Әлсейіт Әлменұлының ақындық пен адамгершілігінің асқақ болуының бірі сыры – арғы атасы, яғни әулие Шахан атасыың асыл қасиеттерімен астасып жатқаны ақиқат. Бұл тұрғыда ақын «Шахан-Ата» атты метапоэма жазып, тарихи тұлға туралы тың деректерді ұсынғанын да айта кету керек.
Сонымен қатар тума талант қасиетті Қаратауды жайлап жатқан елдің ардақтысы Шоқай датқаны үлкен жырына арқау еткен – «Ескерткіш алдындағы толғаныс» атты баллада кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Бұдан бөлек Шоқай датқаның туғанына 200 жыл толу мерейтойына байланысты тарихи драма жазып, ол айтулы іс-шарада сахналанды. Мұның бәрі де тынымсыз ізденіс пен еселі еңбектің жемісі.
Өзім рухани ұстаз ретінде жоғары құрметтейтін Әлсейіт ағамен 2004 жылдың күз айының соңғы күндерінің бірінде жолықтым. Нақтысын айтқанда, келіншегім екеуміз ол кісіні Тараз қаласынан Алматыға қатынайтын автобусқа шығарып салуға келдік. Сол жерде інілік көңілімнен жайылған дастарқанда шалқып отырып Әлсейіт ағама арнап жазған «Ұстаз ұлағаты» атты өлеңімді оқуды жөн көрдім.
– Аға, сіз мені әрдайым «ақын бала» деп еркелетіп атайсыз ғой. Осы сөзіңіз мені әрдайым қанаттандырып, ерекше қуаттандырып тұрады. Ақындық шабытымды арқаландырып, тыныс-демімді ашып тұрады. Осы жақсы сөзіңізге борыштар секілденіп жүретін едім, сол қарызымнан жеңілдейін. Сізге арнаған «Ұстаз ұлағаты» атты өлеңімді оқып берсем деп тұрмын, қалай қарайсыз? – дедім.
– Әй, бәрекелді! Оқи ғой, жақсылап тыңдап көрейік, – деп, қараторы жүзі нұрланып сала берді. Мен тамағымнан бір жөткірініп алдым да:
«Ақын бала, сен ұғын, терең зерек,
Өлең керек өмірге, өлең керек.
Қазақтың қара өлеңінің бағы тайса,
Қасиеті бар қазақтың төмендемек!» – деп, ұстазыма арнаған жеті шумақ өлеңімді оқуды бастап кеттім.
Өлеңімді оқып болғанымша Әлсейіт Әлменұлы түн қойнынан дыбыс баққан үкі секілді үнсіз, байыпты ақыл-санасымен өлең сөздерін ойымен сараптап, ақырын тыңдап отырды. Өлең оқылғанда үнсіз отырып тыңдау – ағаның ешкімге ұқсамайтын ерекше бір әдеті.
– Ой, бәрекелді! Рақмет! Ақын бала, мына өлеңіңдегі сөздерді тура менің өз сөзімдей етіп жазыпсың, менің шәкірттеріме айтатын ақыл-кеңесімді айнытпай, сөзбе-сөз жеткізіпсің. Иә, менің саған «Ақын бала, өлең керек!» деп талай рет айтқаным да рас қой, барлығын әдемі ұйқаспен өлеңге келтіріпсің, үлкен рақмет! – деп ұстазым көңілденіп, риза болып қалды. Қызу әңгімеміз ары қарай жалғасты. Біраздан соң, Алматыға жүретін автобусқа мінетін уақыт жақындағанда қасымда тұрған келіншегіме бұрылып:
Сол жерде ұстаз ағама сәтті сапар тілеп, күліп тұрып қоштастық. Көп ұзамай гүрілдеген автобус Алматы қаласына қарай жүріп бара жатты. Артынан қол бұлғап қала бердік. Бұл Әлсейіт Әлменұлымен ең соңғы рет жүзбе-жүз кездесуіміз екенін мен бейбақ сол жолы білмеппін. Тіпті естелік ретінде суретке де түспеппіз.
Мұнан кейін ұстазыммен қайтадан жүзбе-жүз кездесудің сәті түсе қоймады. Мен көп ұзамай Алматы қаласына, одан кейін Астанаға қоныс аударып, жұмыс бабымен көршілес шет мемлекетке өтіп кетіп жүрдім. Әйтеуір пенденің өмірі бітпейтін тіршілік қамымен жүріп жанашыр ағаммен біраз уақыт хабарласа алмай қалдым.
Сөйтіп жүргенде жаны жайсаң, асқақ ақын Әлсейіт Әлменұлы 2007 жылдың 13 желтоқсан күні көлік апатынан мезгілсіз қайтыс болғанын да кеш естідім. Әкемдей қорған болған, өлең өлкесіне жетелеп әкелген ұстазымның қазасын есту маған өте ауыр болды. Ол зейнетке де шығып үлгермей, алпыс екі жасында өмірден өтіп кетті. Тағдырдың жазғанына шара бар ма? Алматы қаласынан келіп, Жаңаталап ауылының қасындағы ата-бабалары жатқан жердегі зиратына барып Құран оқып қайттым. Бейіт басында ұстаз рухымен осылай үнсіз отырып сырластым. Егер көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толған мерейтойын ел-жұртымен бірге дүркіретіп тойлар еді. Амал қанша...
Бекбосын КЕНЖЕҒАРАЕВ,
ақын, тарих зерттеушісі,
Тараз қаласы