«Әулиеата мақамдары» кітабы жарық көрді
Әулиеата өңірінің ән, терме, жыршылық өнері терең тамырлы, тарихы бай рухани мұра екені белгілі. Ғасырлар бойы ел арасында айтылып, біртұтас ғылыми айналымға түсе қоймаған осы өнер үлгілерін жинақтау, зерттеп-зерделеу – ауқымды әрі жауапты жұмыс. Бұл игілікті істі облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы қолға алды.
Облыс әкімінің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жарық көрген «Әулиеата мақамдары» атты жаңа кітапқа облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы қолдау білдірген. Жинақтағы материалдарды топтастырып, баспаға әзірлеген – облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы.
Кітаптың алғы сөзін танымал әнші, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков жазған. Өнер майталманы жинақтың ерекшелігіне тоқталып: «Бұл еңбекте тек мәтіндер ғана емес, мақамдардың интонациялық, әуездік құрылымы толық сақталған. Әр мақамның саздық табиғаты нота арқылы бейнеленіп, оның рухани мазмұны терең ашылған. Сонымен қатар Жетісу өңірімен сабақтас мақам дәстүрлері қамтылып, екі аймақ өнерінің тоғысы көрсетілген», дейді.
Жинақтың тағы бір құндылығы – мақамдардың нотаға түсірілуі. Бұл бағытта музыка мамандары Панабек Ахметов пен Төрехан Көрпебаев ауқымды еңбек сіңірген. Кітапқа Жамбыл Жабаевтың «Жыр бастау» термесінен бастап, Сүйінбай, Майлықожа, Сауытбек ақындардың жыр-термелері нотасымен енгізілген. Сондай-ақ Кенен Әзірбаев пен Аяз Бетбаевтың шығармалары, Әулиеата өңірінен шыққан өзге де танымал өнерпаздардың туындылары топтастырылған.
Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімін облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы өткізді. Алғаш болып орталық директоры Ахметжан Өзбеков пен Байзақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов сөз сөйлеп, жинақтың мазмұны мен жас өнерпаздарға берер тағылымы туралы ойларын ортаға салды.
Кітаптың тұсауын Мәдениет саласының үздігі Қасқырбай Нарбатыр мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков қиды. Салтанатты іс-шарада «Кенен сазы» ансамблінің әншісі Айдын Тілепалдиева Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Музыкалық бағдарлама барысында жетіген мен домбыра дуэті Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасын орындап, кештің көркін аша түсті.
Кейін ортаға кітап авторлары Панабек Ахметов пен Төрехан Көрпебаев шақырылып, жинақтың мақсаты мен мазмұны жайында кеңінен баяндады.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Әбілханқызы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сатыбалдиева, ақын Берік Қалиев, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров, облыстық мектеп олимпиадаларын ұйымдастыратын мекеме басшысы Балдай Төленқызы, Байзақ аудандық мұражайының директоры Артық Үкібаев, Байзақ аудандық кітапхананың директоры Нұржамал Сапаралиева, орталықтың аға ғылыми қызметкері Ербол Қамбатыров сөз алып, кітаптың маңыздылығына тоқталды.
Қорытынды концерттік бөлімде Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Музыка және көркемдік білім беру» кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Мақашова Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Насихат» термесін орындады.
Сондай-ақ халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, республикалық домбырашылар бірлестігінің облыс бойынша төрағасы, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның күйшісі Дидар Басықараев арнау тарту етті.
Іс-шара «Кенен сазы» ансамблінің орындауындағы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен түйінделді.
«Әулиеата мақамдары» – дәстүрлі музыка саласы үшін ғана емес, ұлттық руханиятты зерттеп, үйренемін деген жас өнерпаздар мен оқырман қауым үшін үлкен олжа.
Фариза КЕНЖЕБАЕВА,
Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер
орталығының «Қоғаммен байланыс және айтыс
өнерін дамыту» бөлімінің меңгерушісі