Көшпелі малшаруашылығы қайта жандануы керек
Талас ауданы, Қызыләуіт ауылындағы бұрынғы Ильич атындағы кеңшар - кезінде мыңғыртып мал айдаған шаруашылықтың бірі. Осы кеңшардың бір отарын менің әке-шешем бес жыл бақты. Ол кезде оқушыларға берілетін жылдың әр мезгіліндегі демалысты біз мал ауылда өткізетінбіз. Кыркүйек айында отарды Мойынқұм өңіріндегі Көпжасар мал жайылымына бір аптада айдап апарып, күзеуде саулық қашып болғаннан кейін шопан ауылы сол жайылымдағы қыстауға көшірілетін. Көктеуде малшының қараша үйі Талас ауданындағы Бөріқазған мен Тәңірқазған мал жайылымының арасындағы Ортабұлаққа тігілетін. Отар сонда төлдетіліп, ала жаздай осы жайылымдағы жайлауды мекендейтін.
Ол кезде кейбір қойшылар жәрдемшісімен бірге қосынын ат жеккен арба не түйе қомына тиеп, түнетпеге кететін. Үйден безіп, малды иен даланың оты бар деген жерге күндіз-түні жусатып, сыртта 15-20 күн жүріп, үйіне бір-ақ оралатын. Мал күйлі болуы үшін түнетпеге шығу дегеніміз қазір ойлап отырсақ, нағыз азап екен ғой. Өз ісіне берілген, малға да, жанға да, жайлап отырған жеріне де жаны ашитын бұрынғы шопандардың тірлігі осындай еді. Ал қазір ше? Қазір қыстау, күзеу, көктеу дегенді кейбір шопандар ұмытқалы қашан?!
Ілгеріде ауыл тұрғындары да орталықта бір-екі сауын сиыр мен 5-10 тұяқ уақ малдан артық ұстамайтын. Сол себепті ол кезде жайылым тапшылығы қазіргідей өткір мәселе емес еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз бойынша жекешелендіру саясаты жүргізіліп, ауылдардағы кеңшар мен ұжымшарлар таратылды. Техникасы мен мал-мүлкіне дейін пай ретінде ұжым мүшелеріне үлестіріліп берілді. Сол тұста ғұмырын мал соңында өткізген шопан да, техника тізгіндеген механизатор да еңбегіне қарай азды-көпті малға қол жеткізді. Бұған қоса мемлекеттен несие алып, ата кәсіпке бет бұрғандар да пайда бола бастады. Дәл осы кезеңде қолында бір тұяқ малы жоқ азаматтар бірнеше мың гектар жайылымды ұзақ мерзімге жалға алып, иен даланы иемденіп алды. Кейбірі ауыл іргесінен жер алып, шаруашылық құрса, тағы бірі орталықта отырып-ақ қора-қора қой, үйір-үйір жылқы ұстап, аз уақыттың ішінде ауыл маңын қу тақырға айналдырды. Ауылдықтар үшін өріске беттеген, өрістен келе жатқан малдың соңынан көтерілген қоламта сасыған шаңды ертелі-кеш жұтып отыруына тура келді. Осындай жүйесіздік салдарынан ауылдық жерде жайылым тапшылығы туындады. Бұл мәселе елдік деңгейде көтеріліп, осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланусыз жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны шынымен мұқтаж шаруаларға беру жөнінде Үкіметке жүйелі түрде тапсырма берді. Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да агроөнеркәсіп кешенінің жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі керектігін атап өтіп, игерілмей жатқан жерлерді қайтару мәселесіне арнайы тоқталды. Комиссия жұмысы аясында 2,9 миллион гектар жердің мемлекетке қайтарылғанын, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 5 миллион гектарға жетуі тиіс екенін баса айтты. Сол кезде жалпы игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайтын еді. Содан бері ортақ жайылымдардың өзге мақсатқа беріліп кеткен бөлігін кері қайтару барысында елді мекендерден 5 шақырым радиуста орналасқан жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бірқатар бағытта нақты шаралар іске асырылып, өңірде жайылымы тапшы елді мекендердің мәселесі біршама реттелді. Дегенмен ел ішінде өрісі тар, яғни малы көп, жайылымы аз шаруашылықтар әлі де жетеді. Тіпті бір жерді қысы-жазы шиырлап, өрісінің шаңын аспанға шығарып отырған қожалықтар аз емес. Бұл жайында депутат Мейрамбек Дөненбаев: «Жерді тиімді пайдалану үшін қадағалау болуы тиіс. Қазір малшаруашылығымен айналысып отырған шаруашылықтардың көбі алты-жеті ай күзгі және қыстық жайылымды пайдаланады. Мысалы, Мойынқұм өңірінде қазіргі таңда жергілікті және сырттан келген адамдар да жер алып, 100-200 гектарды рәсімдеп, қысы-жазы сол жерде мал ұстап отыр. Бізде де шаруашылық бар. Бірақ біз өз жайылымымызды сақтап, малды қыстатқан соң, көктемде көшеміз. Себебі ол жер қысқы мал ұстауға қажет. Алайда біз көшіп кеткен соң біздің жайылымға мал жаятындар бар. Оларға шара қолдану мүмкін болмай отыр. Егер қазірден бақылау күшеймесе, бірнеше жылдан кейін жайылымнан айырылып қалуымыз мүмкін. Мал басының өскені жақсы, бірақ ең алдымен бар жайылымды сақтап қалуымыз керек.
Ауыл маңындағы жайылымдар ортақ деп есептелгенімен, іс жүзінде оларды шағын шаруашылықтар пайдаланып отыр. Жері жоқ, бірақ белгілі мөлшерде малы бар азаматтар малын ауыл сыртындағы жерге не өзге шаруашылықтардың жеріне айдап апарып жаяды. Бұл мәселе жыл сайын көтерілгенімен, әлі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар кейбір ауылдық округтерде игерілмей жатқан жерлер жеткілікті. Іс жүзінде пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Мұндай жағдайлар бақылауға алынып, нақты шара қолданылуы тиіс», – дейді.
ҚР Фермерлар қауымдастығы Меркі ауданы бойынша филиалының төрағасы Тасқын Аташев жайылым жерлерінің жетіспеушілігі ел бойынша әлі де анық байқалып отырғанын айтады. Оның бірнеше себебі бар екен. Біріншіден, КСРО кезеңінде қалыптасқан жайылымдық жерлердің едәуір бөлігі бүгінде орман шаруашылығының қарауына өтіп кеткен. Қазір ол жерлерді орман шаруашылығы өз бетінше пайдаланады. Екіншіден, бұрын көптеген жайылымдық жерлердің ірі шаруашылықтардың жекеменшігіне беріліп кетуі де мәселені күрделендіріп отыр. Сол кезеңде біраз адамдар жерді жеке меншікке сатып алған. Соның салдарынан бүгінде жайылым тапшылығы туындауда.
Осы орайда біз Мойынқұм ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Надиргужинге хабарласып, Мойынқұм өңіріндегі шаруа қожалықтардың қаншауы малын қысы-жазы бір жерде тұрақты ұстайтынын, өзге аудандардан келіп, малын бағып отырғандар бар-жоғын сұрадық. Ол аудан аумағында Қылышбай, Мойынқұм, Жамбыл ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтар төрт түлікті қысы-жазы бір жайылымда тұрақты ұстайтынын, өзге аудандардан келіп мал бағатын шаруа қожалықтар жоқ екенін айтты.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қанатбек Серікбаевтың айтуынша, жалпы заңнама бойынша жайылымды тиімді пайдалану қағидаларында көрсетілген әр гектар жерге белгіленген жүктеме нормасынан мал саны асып кетсе, бұл жерді тиімсіз пайдалану болып есептеледі екен. Мұндай деректер анықталған жағдайда тиісті шаралар міндетті түрде қолданылады.
Біз бос жатқан жерді қайтаруда межені төмен орындаған аудандардағы жауапты мамандарға хабарласып көрдік. Мәселен, Талас ауданына 8 мың гектарды кері қайтару міндет етілсе, бүгінде оның 7 810 гектары қайтарып алыныпты. Жыл аяғына дейін жоспар толық орындалмақ. Сол секілді Т.Рысқұлов ауданында аталған жайылымдарды кері қайтарып алу жөнінде қаулы дайындалып жатыр екен. Меркіде де меже жоспардағы көрсеткіштен артығымен орындалған.
Облыс әкімідігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, облыс бойынша 2022-2025 жылдар аралығында пайдаланылмаған ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы алаңы 591,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткен. Оның ішінде жайылымы – 499,9 мың гектар болса, егістігі – 37,0 мың гектар, бөгде жерлер – 4,4 мың гектар.
Біздің пайымымызша жайылым мәселесін шешу үшін көшпелі малшаруашылығы дәстүрін қайта жандандыру керек. Көптің тілегі осы.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ