Әлеумет

Сленг сөздер «трендке» айналды

Тіл – ұлтымыздың тірегі, көп ғасырлық құндылықтардың қоймасы. Ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруде ана тіліміз басты қызмет атқарады.

Тіл бар жерде, сол тілдің иесі – ұлт та өмір сүреді. Сондықтан жастардың сөз саптауына мән беру – қазақ қоғамы үшін де, тіл білімі үшін де өзекті мәселе.

Жастар арасында көп қолданылатын, құлаққа жағымсыз естілетін тілдік элементтердің бірі – жаргон, сленг сөздер. Жанға бататыны – көпшілік жастар мұны дәреже көреді.

«LiveDune» әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметі «Instagram» және «Facebook» желілеріндегі жазбаларға жазылған 200 000-нан астам пікірді зерттей келе «Базар жоқ» сөз тіркесі жиі қолданылғанын айтады. Осылайша бұл сөз тіркесі жыл сленгі аталып отыр.

200 сленг сөзінен тұратын сөздікті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің докторанты Қымбат Тұрғанбаеваның көмегімен құрастырылған. Оның айтуынша, тізімдегі сөздердің бір бөлігі «Tik Tok» және «Telegram» арналары арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен енген гибридті интернет-сленгтер.

Қолданушылардың 80 пайызы сленгті ең көп «Instagram» желісінде қолданған, «Facebook»-те 18, ал «Telegram»-да 2 пайыз ғана. Бұл «Telegram» әлеуметтік желісінің елде енді ғана таныла бастағанымен байланысты болуы мүмкін.

Желі қолданушылары «Базар жоқ» – 45 пайыз, «Құрсын» – 15.3 пайыз, «Қасқа» – 8.3 пайыз, «Бро» – 8.3 пайыз – сөз тіркесі мен сөздерді көп қолданған.

Сондай-ақ «LiveDune» әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметінің PR бөлімінің жетекшісі Мария Чашникова сленг сән секілді жаңарып отыратынын айтады.

Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті Аружан Жалғасқызының айтуынша, сленг сөздер әңгімелесу барысында еркіндік, бейресмилік және ойды оңай жеткізуге көмектеседі екен.

Сленг сөздер жастардың өмір салты, қызығушылықтары және әңгімелесу барысындағы сөздік қорларына тығыз байланысты. Сленг арқылы жастар өз ортасына тән ерекшеліктерін көрсетіп, бір-бірімен жеңіл әрі үйреншікті тілде сөйлесе алады.

Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ақпараттар сленг тілдің тоқтаусыз дамып, жаңарып отыратынын айғақтайды. Әр дәуір өзіне тән сөздік қолданысты қалыптастырады. Бұл тілдің шектелуі емес, керісінше, бейімделіп, заман талабына сай өзгеріп отыруының бір көрінісі. Егер тіл тек кітаби және ресми шеңберде ғана қолданылса, ол жастардың сөйлеу тілін шектеп, қарым-қатынас еркіндігіне кедергі келтіруі мүмкін.

Жастардың жаргон сөздерді жиі қолдануы – тілді шектеу емес, оны жаңа мағынамен толықтырудың бір жолы. Тіл – тірі организм тәрізді, ол қоғаммен бірге өзгеріп, жаңарып отырады. Ең бастысы – ана тілімізді құрметтеп, оны байытып, түрлі стильдік деңгейде орнымен қолдана білу. Осы тұрғыдан алғанда, сленг – жастардың тілдік шығармашылығының, заманауи ойлау жүйесінің көрінісі ретінде қабылданады.

Әрбір ел келешегін жастармен байланыстырады. Жастардың тәрбиесіне, біліміне мән беріп, болашағына бағдар беру әрбір есі дұрыс, ақылы толық адамның міндеті. Жастардың көзқарасы өскен ортасынан қаланады.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай сөйлеп, қалай тәрбиеленуін бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс», – деген өміршең сөзін терең ұғынып, жастардың сөз қолданысына мән беру қоғамның басты міндеті.

Сымбат ҚУАНЫШ