Әлеумет

Ауылын көркейтуді мақсат еткен кәсіпкер

Ел тіршілігінің тынысын кеңейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосып жүрген кәсіпкерлер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Олардың арасында тың бастамаларымен танылып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жас кәсіпкерлердің орны бөлек. Солардың бірі – Жандос Бейсен.

Ол қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мақсатында шағын дүкен мен дәмхана ашып, жергілікті халыққа қолайлы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, малшаруашылығын дамыту ісіне де белсене араласып, ауыл экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.

Жас кәсіпкер Сарысу ауданының тумасы. Ауыл тіршілігінің қыр-сырын бала күнінен бойына сіңіріп өскен ол еңбекке ерте араласып, маңдай термен табыс табудың қадірін жастайынан ұғынған.

Он сегіз жасқа толған шағында қатарластары секілді қалаға кетпей, туған ауылында қалып, малшаруашылығымен айналысуға бел буады. Алғашында шағын қадамдардан басталған бұл іс уақыт өте келе берекесі мен нәсібі мол кәсіпке ұласып, бүгінде ауыл экономикасына өз үлесін қосып отырған табысты шаруашылыққа айналған.

Әрбір жетістіктің артында маңдай тер мен тынымсыз еңбек тұратыны белгілі. Бұл жолда жас кәсіпкер де жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді мақсат етпеген.

Тәжірибенің аздығынан кей кездері нарықтың талабын дәл бағалай алмай, бағаны дұрыс қоюда қателіктерге де жол бергенін жасырмайды. Алайда әрбір қателік келешектегі нық қадамдарға негіз болып, кәсібінің берік қалыптасуына жол ашты.

Сонымен қатар жас кәсіпкер мал күтімі мен төрт түлікке тән аурулардың алдын алу жолдарымен де бөлісті. Оның айтуынша, мал ауруларының алдын алу малшаруашылығындағы ең маңызды әрі жауапты бағыттардың бірі.

Жандос Мелдебекұлы тек малшаруашылығымен шектеліп қалмай, «кәсіп түбі – нәсіп» деген қағиданы берік ұстанып кәсіпкерліктің өзге де бағыттарын қатар дамытуда. Бүгінде ол азық-түлік дүкені мен шағын дәмхана ашып, сауда мен қызмет көрсету саласында да мол тәжірибе жинақтауда.

«Туған жерге туыңды тік» дегендей, жас кәсіпкер барлық бастамасын өзі туып-өскен Тоғызкент ауылында жүзеге асыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың басым бөлігі пысықталып, жер мәселесі мен негізгі жоспарлар жергілікті басшылықпен толық келісіліпті.

Жастардың ауыл тіршілігін жандандыруға бағытталған игі бастамалары – ел дамуының берік іргетасы. Мұндай қадамдар туған жерге жан бітіріп, болашаққа деген сенімді күшейтеді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ