«Академиялық мәртебе – жауапкершілік пен жаңа кезеңнің бастауы»
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры талай талантты түлетіп, талай көрерменнің жүрегіне жол тапты. Өңір руханиятынан тамыр тартқан мекеме бүгінде өнердің қара шаңырағына айналып отыр. Мәдениет ордасының ішкі шығармашылық үдерісі, қалыптасқан ұстанымы мен бағыт-бағдары әрдайым қызығушылық тудырады. Бүгінгі театрдың көрерменмен байланысы қандай деңгейде, уақыт талабына сай жаңашылдыққа қалай бет бұрып келеді деген сауалдар да өзекті. Сахнадағы әр қойылымның артында қандай еңбек пен ізденіс жатқанын білгісі келетіндер де аз емес. Театр ұжымының бүгінгі беталысы мен алдағы жоспары да назар аудартады. Осы және өзге де маңызды тақырыптар төңірегінде ой өрбіту мақсатында біз театр директоры, Мәдениет саласының үздігі Ақылдос Тәжиевпен сұхбаттасқан едік.
– Сіз бірнеше жыл орыс театрын басқардыңыз, бүгінде қазақ театрының тізгінін қолға алдыңыз. Осы екі театрдың шығармашылық бағыты мен жұмыс жүйесінде қандай да бір ерекшеліктер мен айырмашылықтар бар ма?
– Театр – өнер, руханият. Ал өнер ешқандай ұлтқа бөлінбейді. Жалғыз айырмашылығы бірі орыс, екіншісі қазақ тілді. Ал қалған бағыт-бағдар мен жұмыс жүйесінде ешқандай өзгеріс жоқ. Сондықтан екі ұжымды бір-бірінен бөліп қараудан аулақпын.
– Облыстық қазақ драма театрының қазіргі көрермендері кімдер? Сіз театр көрерменінің өзгергенін сезінесіз бе?
– Театрдың қазіргі аудиториясы орта жас, үлкен буын, жастар мен студенттерден, жасөспірім балалардан тұрады. Менің ойымша, орта жастағылар және үлкен буын көрермендер классикалық драматургияны жақсы көреді, дәстүрлі театр өнеріне қызығады. Олар театрды мәдени демалыс ретінде қабылдап, қойылымдардан рухани ләззат алады.
Ал жастар мен студенттерді театр ұжымының шығармашылығы мен жаңа режиссерлық жұмыстары, яғни премьералар, фестивальдар, танымал туындылардың сахналануы қызықтыруы мүмкін. Жасөспірімдер мен бүлдіршіндерге ертегі-қойылымдар қызық. Бұл аудитория аптаның демалыс күндері көбірек келеді. Одан өзге де жалпы мәдениетті қолдайтын, сүйетін көрермендер қауымы бар. Ал енді көрерменнің өзгергені туралы айтар болсақ, тұрақты «классикалық» аудитория сақталуда десек болады.
– Қазіргі қойылымдарда қоғамның ауыр тақырыптарын қозғау мен ұлттық құндылықтарды сақтау арасында тепе-теңдік бар ма? Бұл таңдауда сіз қандай ұстанымды басшылыққа аласыз?
– Соңғы уақытта ұсынылып жүрген туындыларда рухани жалғыздық, отбасылық дағдарыс, жастардың дұрыс бағытқа бейімделе алмауы, құндылықтардың өзгеруі сынды бүгінгі қоғамның ауыр тақырыптары батылырақ көтеріле бастады. Мұны бүгінгі көрерменнің ішкі сұранысы деп түсінген абзал. Шығармашылық құрам өмірден алшақтамай, қоғамның өзекті мәселелеріне, түйткілдеріне жауап іздеуге үнемі тырысады. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтар сахнадан жоғалып кеткен жоқ. Ана тіліміз, тарихи жәдігерлеріміз, салт-дәстүріміз, бәрі-бәрі бар. Бұл дүниелер көп қойылымдардың идеялық өзегінде жатыр. Әсіресе қазақ драматургиясына негізделген қойылымдарда бұл анық көрінеді, сезіледі.
Менің ойымша, заманның өзекті мәселелерін көтеру мен ұлттық құндылықтарды сақтау арасында қайшылық болмауы керек. Тепе-теңдік ұлттық болмыс тек сыртқы көріністе қалып қойғанда бұзылады. Ал егер қазіргі мәселелер қазақы дүниетаным, адамның шынайы тағдыры арқылы көрсетілсе, ол көрерменге әсер етеді. Сондықтан біз заман шындығын да, ұлттық негізді де қатар алып жүруге ұмтылуымыз керек.
– Аймақтық театрлардың басты мәселесі – қаржы, кадр немесе идея тапшылығы деп жиі айтылады. Сіздің тәжірибеңізде ең үлкен кедергі қайсысы?
– Иә, келісемін. Қаржы жетіспеушілігі қойылым сапасына, декорацияға, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, гастроль мен республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысуға тікелей әсер етеді. Алайда тәжірибемізде қаржы мардымсыз, аз болса да көркемдік идеясы мықты қойылымдар сахналанған жайттар бар. Демек, қаржының көптігі әрине үлкен мүмкіндік, бірақ бұл шығармашылықтың өлшемі емес.
Жасыратыны жоқ кадр тапшылығы – өзекті мәселе. Тіпті ең күрделі түйін десем болады. Жас актерлардың аймақта тұрақтамауы, режиссерлардың сирек келуі, техникалық мамандардың жетіспеушілігі театрдың дамуына әсер етеді, тежейді. Дегенмен мәселе кадрдың жоқтығында емес, жас мамандарды «ұстап» қалатын жағдайдың болмауында жатыр. Ал идея тапшылығы біржақты пікір. Көбіне батыл тақырыпқа бару керек. «Көрермен түсінбейді» деген үрейлі ой жақсы идеялардың жүзеге асуына кедергі келтіруі мүмкін. Мәселе идеяда емес, оны іске асыратын ортада.

Театр тұрақты аудиториямен ғана шектеліп қалмай, жаңа көрермендерді тарту жұмыстарын жүргізуі тиіс. Көрерменмен ашық диалог, заманауи тілдегі қоғаммен байланыс қажет. Бұл да қаржы мен кадрдан бөлек маңызды фактор. Егер бәрін қаржы мен кадрға сілтеп қойсақ, театр «театр» болмайды.
Сахна – ізденіс пен жаңа ой туғызатын кеңістік. Оған ең алдымен сенім, жүйелі қолдау және шығармашылық еркіндік керек.
– Режиссерлік еркіндік пен көркемдік кеңестің жауапкершілігі арасында қай шекарадан асуға болмайды деп есептейсіз?
– Бұл енді өте нәзік, алайда театрдың тағдырын айқындайтын мәселе. Себебі шекара деген тыйым салу емес, үлкен жауапкершілікті бөлісу арқылы анықталатын дүние. Режиссер еркін форма іздеуге, жаңа тіл, жаңа шешім ұсынуға, классиканы қайта жаңғыртуға құқылы. Бірақ ол еркіндік көрерменді алдап, тек «шок» үшін шоу жасау, жеке амбицияны спектакльдің идеясынан жоғары қою шекарасынан аспауы тиіс. Яғни, режиссерлік еркіндік спектакльге қызмет етуі қажет. Ал көркемдік кеңестің жауапкершілігі – театрдың бағытын, көрермен алдындағы міндеттерді, репертуардың идеялық деңгейін қадағалау.
Қандай да бір үрей немесе қорқынышпен жаңа форманы тұншықтыруға, эстетикалық талғамды әкімшілік шешіммен алмастыруға болмайды. Көркемдік кеңес цензура емес, серіктес болуы тиіс. Режиссердің өзіндік ой-пікірі көркемдік кеңеспен ашық талқыланғаны қажет. Еш қысымсыз көрерменге сапалы, деңгейі жоғары спектакль ұсынғанда ғана шекара бұзылмайды.
– Жас актерлар мен режиссерлерге театрда өзін табуға нақты қандай мүмкіндік беріліп отыр?
– Негізі жас актерлар мен режиссерлерге барынша мүмкіндік жасалуда. Әрине, актер рөлмен өседі. Жастарға алғашында шағын, екінші пландағы рөлдер беріліп, уақыт өте келе негізгі кейіпкерлерді сомдай бастайды. Әртүрлі жанрда өздерін сынап көру мүмкіндіктері қажетінше жолға қойылған. Сондай-ақ сахна тілі, пластика, ансамбль мәдениетін меңгеру, тәжірибелі актермен партнер болу, олармен тәжірибе алмасу жұмыстары ешқашан назарымыздан тыс қалған емес. Ал жас режиссерлерге камералық және ертегі-қойылымдарды қою, мерекелік думанды көріністерді дайындау, поэтикалық кештерді ұйымдастыру жұмыстары тапсырылады.
Биыл хор және ән дайындау жұмыстарын жүргізу үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлау кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғалымжан Берекешовті және белгілі театр актері, режиссер, педагог, EGO зертхана жетекшісі, өнертану магистрі Ерлан Кәрібайды арнайы шақырдық. Олар актерлік шеберліктен шеберлік сыныбын өткізді. Сонымен қатар, кәсіби хореограф маман Вадим Дубовикпен шығармашылық құрамға 1 ай бойы білгенін үйретті. Қыркүйек айында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, өнертану профессоры Дариха Тұранқұлова да сахна тілі шеберлік сыныбын өткізіп, арнайы сертификаттар тапсырды.
– Театр репертуары халықтың сұранысына сай болуы керек пе әлде халықты жаңа ойға жетелеуі тиіс пе? Сіз қай бағытты маңыздырақ деп санайсыз?
– Театр бір бағытты ғана таңдаса, өзінің табиғаты мен бағдарын жоғалтады. Егер театр тек халық сұранысы үшін жұмыс істесе – зал толады. Сонда ғана көрерменмен тұрақты байланыс сақталып, театр «тірі» организм ретінде дамиды. Жеңіл тақырыптарға үйреніп, көркемдік талап төмендеп кетсе, театр тек ойын-сауық деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Өнер – халықтың айнасы ғана емес, оның ар-намысы, айтар күші. Сондықтан, халық сұранысына жауап беріп қана қоймай, сол сұранысты өсіруге, тереңдетуге тиіспіз.
– Бүгінгі қазақ театрлары қоғамдағы ауыр шындықтарды жеткізуден қорқып жүрген жоқ па?
– Бұл сұраққа «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қиын. Дегенмен уайым мен қорқыныш әлі толық сейілген жоқ. Қойылым арқылы «қоғамның «жүрегін» жаралап аламыз ба?» деген сақтықпен кейде өткір шындықтан айналып өтеміз. Қысым көп жағдайда сырттан емес, іштен туады. «Көрермен қабылдамайды», «Дау туып кетеді» дегендей алаңдаушылық болады. Бұдан бөлек, залға көрермен толтыру да маңызды. Ауыр тақырыптар кейде коммерциялық тұрғыдан тәуекел болып көрінеді. Дегенмен бәрі қорқынышты деуге келмейді. Кей театрлар әлеуметтік ауыр тақырыптарды батыл көтеріп жүр. Жас режиссерлар мен драматургтер шындықты астарлап жеткізуде. «Өткір қойылым не береді?» деген сұрақ «Не жоғалтамыз?» деген сауалмен өлшенеді. Шындық айқаймен емес, көркем һәм тұщымды оймен беріліп, қаралау үшін емес, түсіну үшін айтылғанда ғана маңызды деп ойлаймын.
– Цифрлық дәуірде театрлардың болашағын қалай елестетесіз? Театр бұл өзгеріске бейімделуі керек пе?
– Қазіргі технология қарыштап дамыған заманда халықты, көрерменді таңғалдыру өте қиын. Цифрлық дәуір мен қысқа форматтар заманында театрдың болашағы жойылады деп емес, өз болмысын қайта анықтайды деп елестеткен дұрыс секілді. Себебі театрдың күш-жігері мен берері – дәл осы цифрлық әлемнің бере алмайтын қасиетінде ғой. Экран қанша дамыса да, тірі актердің тынысы, бір сәтте туған эмоция, көрермен мен сахна арасындағы көзге көрінбейтін байланыстың орнын ештеңе алмастыра алмайды. Болашақ театр осы «тірілікке» сүйенеді.
– Егер бүгін сізге толық шығармашылық еркіндік беріліп, бір ғана қойылым арқылы халыққа үн қату мумкіндігі туса – ол қандай тақырып болар еді?
– Толық шығармашылық еркіндік берілсе, қойылым арқылы қоғамдағы ең өзекті әрі өткір мәселелерді көтергім келер еді. Мұндай тақырып көрерменге кері әсер етпей, керісінше терең ой салуы маңызды. Отбасындағы түсінбеушілік, ұрпақтар арасындағы қақтығыс, қала мен ауыл өмірінің айырмашылығы секілді мәселелер арқылы адам мен қоғам арасындағы байланысты, бүгінгі болмысты тереңірек ұғындыруға болады. Жастардың басындағы түрлі қиындық, байлық пен кедейлік, дәстүр мен жаңа өмір салты арасындағы қақтығыс, тіл мен мәдениет, азаматтардың құқығы, экологиялық мәселелерді тақырып етіп алуға болады. Сонымен қатар классикалық құндылықтар мен қазіргі ой-пікір тепе-теңдігі – қоғамның мәдени сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық сананың дұрыс қалыптасуына жетелейді деп ойлаймын. Осы айтылғандарды қойылымдарға арналған нақты тақырып идеясы етіп, көрерменге символ, диалог, көркем тіл арқылы жеткізуге болады.
– Облыстық театрдың қандай атақ-дәрежесі бар? Біздің театр және ондағы актерлар туралы сөз болса, басқа өңірлер қандай ерекшелігіміз туралы сөз қозғар еді?
– Біздің орта – облысымыздың мәдени өміріндегі маңызды өнер ордасы. «Облыстық» деп аталуының өзі мемлекеттік қолдауға және мәдени бағдарламаларға қатысу құқығына ие екендігін білдіреді. Сонымен қатар жақында ғана иеленген «академиялық» мәртебесі – оның кәсіби деңгейі, қойылымдарының сапасы және шығармашылық құрамының кәсіби шеберлігін ресми түрде мойындағанын көрсетеді. Мұндай атақ тек белгілі бір сапалық критерийлерге сай болған театрларға ғана беріледі. Бұл театр тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы, ұлттық сахна өнері мен мәдениетімізді дамытуға қосқан елеулі еңбегінің нәтижесі.
Ал басқа өңірлердегі өнер саласындағы әріптестеріміз ең алдымен кәсіби актерлік құрам, әртістеріміздің шеберлігі мен сахнадағы тәжірибесі, жаңа буынды дайындаудағы жүйені айтатын шығар. Сахналық жаңашылдық пен көркемдік шешім, спектакльдердің сценографиясы, музыкасы және режиссуралық шешімдері ерекше назар аудартатын болуы мүмкін.
– Өз үздіктеріңіз туралы айтып өтіңізші және олар несімен үздік?
– Театр шымылдығын 1936 жылы 16 наурызда Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» және тұңғыш директоры Қасым Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір бөлімді комедиясымен ашқан.
Театрды әр жылдары Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедов, Сәдуақас Ерғалиев, Әбіл Төлебаев, Тұрар Дүйсебаев, Шопан Кәрібаев, Атахан Апсаматов, Әлібек Әмзеұлы, Құрманғазы Демешов, Асқарбек Сейілхан, Болат Бекжановтар басқарды. Тоқсан жылдық тарихында театрдан 3 Қазақстанның Халық әртісі, 25 – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 3 – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 12 – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, 13 – Мәдениет саласының үздігі, 10-нан аса халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреаттары, бірнеше Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаттары шыққан.
Театрдың негізін қалаған алғашқы труппасында Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Мұхаметқали Табанов, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды дарынды өнер иелері қызмет еткен. Бүгінгі таңда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсипат Салықова, Қазақстанның Халық артисі Мәкен Рахымжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Майра Әлімбетова мен Асқарбек Сейілхан, «Парасат» орденінің иегері Әтіркүл Дүйсекенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тінәлі мен Жүніс Әлімбековтер алғашқы алдыңғы буын өкілдерінің салған ізімен Жамбыл театрының өзіндік мектебін қалыптастырып, дамытып келеді. Мұны театр репертуарындағы әрбір қойылымнан, жаңарған тың ізденістерден көруге болады.
– Халықпен жақын әрі сұраныста болу және көрермен тарту үшін қандай ерекшелік енгізіп, жаңашылдыққа баруға болады?
– Көрерменмен тығыз байланыс орнатып, театрға деген қызығушылықты арттыру үшін заман талабына сай жаңашылдық қажет. Бүгінде көрерменнің талғамы кеңейіп, театрды қабылдау формасы өзгеріп келеді. Осыған сай жаңа форматтар, заманауи режиссерлік шешімдер мен интерактивті тәсілдерді енгізу арқылы халыққа жақын, сұранысқа ие қойылымдар жасауға болады. Сондықтан біз жаңашылдыққа барып, бұл бағытта қыруар шаруа тындырдық. Театрды заманауи мәдениетпен жақындастыру үшін қойылымдардағы жаңашылдықты – заманауи режиссуралық шешімдермен, жаңа сценографиялық технологиялар арқылы көрсетуге талпындық. Бұл көрерменге дәстүр мен қазіргі заман үйлесімін береді.
Спектакль алдында немесе соңында көрерменмен ашық сұхбат, актермен кездесу сынды тікелей байланыс орнаттық. Бұл аудиторияны театрға жақындатады. Сондай-ақ жастарға бағытталған жобалар, мектептер мен колледждерге арналған арнайы спектакльдер, жас бүлдіршіндерге арналған ертегі-қойылымдар ұсындық. Бұл жас көрермендердің мәдени құндылыққа деген қызығушылығын арттырады. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы спектакльдерді, актерлердің шығармашылық процесін және сахна сыртындағы сәттерін көрсетіп, көрерменмен тұрақты байланыс орнатып жүрміз.
– Театрдың биылғы жетістіктеріне де тоқталып өтсеңіз... Келесі жылдан не күтесіз? Жалпы жоспарларыңызға тоқталып өтіңізші...
– Осы жыл жарқын жетістіктерге толы болды. Өнер ордасының 90 жылдығы және Қазақстанның Халық әртісі Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойы аясында республикалық театр фестивалі ұйымдастырылды. Театрдың көркемдік кеңесімен ақылдаса отырып, 5 жаңа қойылым және Наурыз, Жаңа жыл мерекелеріне орай 2 театрландырылған қойылым қойылды.
Былтыр Ж.Шанин атындағы театр ұйымдастырған Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалінде Мемлекеттік «Учур» театрының «Бетпе-бет» спектаклі үшін «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алған қырғызстандық Шамиль Дыйканбаевқа М.Әуезовтің «Қараш-Қараш» шығармасының желісімен «Бақтығұл» драмасын қойдырдық. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрынан Айдын Салбанға М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» шығармасын сахналаттық. Сонымен қатар Түркия Республикасының Анталья қаласында өткен он жетінші «Халықаралық Ақ теңіз театр фестиваліне» арнайы ресми шақырту алып, театр репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» экспериментальді қойылымымен қатысып, өнер көрсеттік. Ғалымжан Берекешов, Ерлан Кәрібай, кәсіби хореограф маман Вадим Дубовик, өнертану профессоры Дариха Тұранқұловалар арнайы шақыртылып, шығармашылық құрамға шеберлік сыныбы өткізілді.
Биыл театрдың 90 жылдығы аясында сахна өнеріндегі жоғары кәсіби актерлік шеберліктері мен зор жетістіктері және театр қызметін ұйымдастырудағы белсенді жұмыстары үшін театрымыздың белді актері, композитор Әбиірбек Тінәлі «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» марапатын алды. Театрдың ардагер актрисасы Майра Әлімбетова ҚР Президентінің «Құрмет» орденімен, театрдың жарық беруші маманы Мұратбек Исаев, актерлар Жандар Қырықбаев пен Индира Мұстафаева Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды. Ал ҚР Үкіметінің 2025 жылдың №1032 қаулысымен киелі қара шаңырағымыздың «Академиялық» мәртебе алуы ең үлкен мақтаныш, қуанышты тарихи сәтке айналды.
2026 жылы Дулат Исабековтің «Әкпе», М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатынызшы», М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», И.Оразбаевтың «Қорқыт», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» сынды жаңа қойылымдарын сахналау міндеті тұр. Сондай-ақ Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Алматы қалаларына гастрольдік сапарға шығуды көздеп отырмыз. Сондай ақ республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысуға өтінім беріп, іріктеуден өткен жағдайда қатысу жұмыстары жоспарланған. Бұдан өзге, келесі жылы еліміздің алдыңғы қатарлы айтулы театрларымен ынтымақтастық қарым-қатынас және өнер адамдарымен шығармашылық байланыс орнату мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ