Жаңалықтар

Таразда «Байзақ батырдың ақырғы күндері» кітабының тұсаукесері өтті

Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Сәмен Құлбарақтың «Байзақ батырдың ақырғы күндері» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер кешінде автор жаңа еңбегінің жазылу тарихы мен негізгі идеясына тоқталып, шығармада қазақ халқының азаттық жолындағы күресінде ерекше орын алған Байзақ батырдың өмірінің соңғы кезеңі мен ерлігі көркем әрі тарихи деректер негізінде баяндалатынын атап өтті. Кітапта батырдың ел тағдыры үшін күресі, рухани болмысы мен қайсар мінезі терең ашылған.

Келелі кездесуде зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, кітапхана оқырмандары мен әдебиет сүйер қауым қатысты. Қатысушылар жаңа туындыға жоғары баға беріп, авторға шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылып, мазмұнды пікір алмасу өтті.