Заң

Прокуратура балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа жобаларды іске асыруда

Бұл туралы ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Жыл қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Отырыста облыс прокурорлары өңірлерде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық тәуекелдерді анықтау және азайтуға бағытталған «Қауіпсіз өңір» жобасын ұсынды. Жоба қауіпті учаскелерді абаттандыруды, көшелерді жарықтандыруды, инфрақұрылымды мониторингтеуді, сондай-ақ құқық бұзушылық деректерін талдау негізінде профилактикалық және патрульдік жұмысты күшейтуді көздейді.

Қазіргі таңда жоба аясында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, қауіп деңгейі төмендеп, балалардың мектепке баратын жолындағы инфрақұрылым жақсартылды, буллинг фактілері анықталып, жедел шаралар қабылданды.

Аталған жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен денсаулығын қорғау мемлекеттің басты басымдығы болуы тиіс деген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша барлық өңір прокурорларына балалар қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды. Қауіпті учаскелерді анықтау, жарықтандыру мен патрульдеуді күшейту, жергілікті атқарушы органдармен және полициямен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Сонымен қатар, Алматы облысының прокуратурасы Kundelik білім беру платформасымен меморандум жасап, қосымшаның басты бетінде прокуратураның арнайы блогын іске қосты. Бұл бастама балалардың құқықтық мәдениетін арттыруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Блог аясында фото, видео, мәтіндік материалдар мен вебинарлар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай әзірленіп, күрделі құқықтық мәселелер түсінікті тілде ұсынылады. Кері байланыс QR-кодтар мен мессенджерлер арқылы анонимді өтініш беру мүмкіндігімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда блог материалдарын 210 мыңнан астам оқушы мен ата-ана көрген.

Kundelik платформасымен ынтымақтастық тәуекел тобындағы балаларды және ата-аналық міндеттерін орындамайтын отбасыларды уақтылы анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 16 мыңнан астам бала медициналық қызметпен қамтылып, 4 мыңнан астам ата-анаға заңда көзделген әлеуметтік төлемдер тағайындалды.

Сондай-ақ қамқорлықсыз қалған үш жасар балаға жедел көмек көрсетілді. Анасы мәжбүрлі емдеуге жіберіліп, бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Бұл атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы прокурорлар жұмысын жүйелеу және балалар мен ата-аналарды ақпараттандыру тиімділігін арттыру мақсатында Kundelik платформасымен осындай интеграцияны барлық өңірлерде енгізу тапсырылды.

Аталған шаралар балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын профилактика, уақтылы көмек көрсету және әрбір баланың құқығын қорғау арқылы іске асыруға бағытталған.