Жасөспірімдер командасы жүлдемен оралды
Астана қаласындағы «Құтқарушы» жеңіл атлетика спорт кешенінде өткен «WorldSkills Kazakhstan 2025» республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты облыстың жас құтқарушылары үшін үлкен жеңіспен аяқталды.
Елдің түкпір-түкпірінен жиналған мықты командалар бақ сынаған айтулы додада Тараз мамандандырылған колледжінің жасөспірімдер командасы жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен табандылықты айқын көрсетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті аумағындағы спорттық алаңда тұрақты жаттығып жүрген жас спортшылар республикалық жарыста аймақтың абыройын асқақтатып, бірнеше бағыт бойынша топ жарды.
Атап айтқанда, команда оқу мұнарасының үшінші қабатына көтерілу сайысында, 100 метрлік кедергілері бар жолақпен жүгіруде, сондай-ақ жауынгерлік қанат жаю түрінен бірінші орынды иеленді. Бұған қоса, бақылау тексеру сынағында да үздік нәтиже көрсетіп, жалпы командалық есеп бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Нәтижесінде Жамбыл облысының командасына «Шебер» атағы берілді.
Жеңімпаздардың бірі Ернұр Нұрмаш бұл жетістікті қажырлы еңбектің жемісі деп бағалайды. Команда сапындағы спортшы Вагнер Снежана да жарыстың әсерімен бөлісті.
Айта кету керек, бұл команда бұған дейін де жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Биылғы 23-24 қараша күндері Қызылорда облысында өткен чемпионатта да жамбылдық жасөспірімдер үздіктер қатарынан көрінді. Сол жарыста оқу мұнарасының екінші қабатына шабуылдық сатымен көтерілуден Ернұр Нұрмаш пен Вагнер Снежана бірінші орынды иеленсе, Ислам Тешебай екінші орынға, Жалғас Бүркітбай үшінші орынға тұрақтаған болатын.
Команданың аға жаттықтырушысы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау қызметкері Ескендір Әйділданың айтуынша, бұл жеңістер – жүйелі дайындық пен тәртіптің нәтижесі.
Жаттықтырушы Санжар Ибрагим де жас спортшылардың болашағына зор сенім артады. Осылайша, Тараз мамандандырылған колледжінің жасөспірімдер командасы жарыс жеңімпазы атанып қана қоймай, болашақта еліміздің қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек ететін білікті құтқарушылардың өсіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ