Жас жауынгерлер әскери өмірге бейімделуде
Күзгі шақыру науқаны аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер жас сарбаздармен толығуда. Өткен айдың аяғына таман ақтөбелік жас жауынгерлер Тараз қаласының теміржол вокзалына табан тіреді. Оларды болашақта қызмет атқаратын байланыс полкінің офицерлері мен әскери оркестр музыканттары салтанатты марш әуенімен қарсы алды.
Бір айта кетерлігі, теміржол вокзалында жас сарбаздарды музыкамен қарсы алу – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында ежелден қалыптасқан игі дәстүр. Қолбасшылықта әскер қатарына жаңадан келгендерді ғана емес, мерзімді қызметін аяқтаған жауынгерлерді де осылай құрметпен шығарып салады.
Әскери бөлімге келген соң жас сарбаздарды байланыс полкінің командирі, подполковник Тахир Нартов қарсы алып, бөлімнің тарихы мен штабтың байланысын қамтамасыз етудегі маңызды міндеттері жайлы қысқаша мәлімет берді.
Сарбаздар үшін алғашқы күн дәстүр бойынша командалық құраммен танысудан басталды. Одан кейін жауынгерлер жаңа «мультикам» үлгісіндегі әскери формамен қамтамасыз етіліп, шаштарын алдырды. Рота сержанты, үшінші сыныпты сержант Әлібек Лесовтың айтуынша, бұл – әскери ортаға бейімделудің алғашқы талаптарының бірі.
Жас сарбаздар алғашқы күндерден бастап жалпы әскери жарғыларды оқып-үйренді. Сонымен қатар, сарбаздар Калашников автоматынның тактико-техникалық сипаттамаларын меңгерді. Кейін бұл білімдерін атыс дайындығы барысында полигонда тәжірибе жүзінде қолданды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық бөлімдерде сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қарқынды жүргізілгенін айта кетейік. Жақында Бауыржан Момышұлы атындағы бесінші механикаландырылған бригада сапын толықтырған жас сарбаздар алғашқы сынақ алаңында болды.
Биылғы күзгі шақыру науқанының ең айтулы сәттерінің бірі Луговской гарнизонындағы 03811 әскери бөлімінде өтті. Жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант қабылдау шарасының маңыздылығын Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың арнайы келуі арттыра түсті. Министр Отан алдындағы борышын өтеуге ресми түрде кіріскен жас жауынгерлерді құттықтап, жылы лебізін білдірді. Салтанатты рәсімде 60 сарбаз Отанға адал болуға ант берді. Генерал-лейтенант Даурен Қосанов жауынгерлерге рухтың беріктігін тілеп, ата-аналармен кездесуге ерекше көңіл бөлді. Қонақтар үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, олар казармалар мен асхананы аралады. Министр сарбаздармен бір дастарқанда мерекелік түскі ас ішіп, еркін форматта сұхбаттасты.

Ант қабылдау рәсіміне келген ата-аналар да жақсы әсер алып, көңілдері тоқ болып қайтып бара жатқанын жеткізді. Сарбаз Мейержан Шонбайдың анасы Айнагүл мен әжесі Күлсара әскери қызметкерлерге өз ризашылықтарын жеткізді.
Желтоқсан айының алғашқы аптасы ҚР Қарулы Күштері үшін әскери бөлімдерді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірумен ерекшеленді. Әскери қызметшілер күн сайын оқу дабылы бойынша көтерілді. Осылайша Қарулы Күштерде, оның ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімдерінде жаңа оқу кезеңі басталып, оның аясында кешенді тактикалық-саптық сабақтар өткізілуде.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімдердегідей, 28903 әскери бөлімінде де оқу дабылы белгі берді. Ол жеке құрамды санаулы минуттардың ішінде сапқа тұрғызды. Жауынгерлер жедел түрде орындарын иеленіп, жауынгерлік есептерін нақтылап, жедел жинақтау бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға кірісті. Іс-қимылдарды пысықтауға тәжірибелі әскери қызметшілермен қатар, небәрі бір ай бұрын ғана әскери форма киген жас сарбаздар да қатысты. Күзгі шақырылыммен келген мерзімді қызметтегі жас сарбаздар үшін бұл алғашқы маңызды сынақ болды. Қызмет ету мерзімі қысқа болғанына қарамастан, олар бөлімшелерді кенеттен жауынгерлік әзірлікке келтіру жағдайында сенімді әрі үйлесімді әрекет етуі тиіс.
Бөлімнің штаб бастығы, подполковник Нұрдәулет Күлпешов те жастардың ширақ қимылына оң баға берді.
Жаңа оқу кезеңінің қарсаңында мерзімді әскери қызметтегі жас сарбаздар әскери өмірге жай ғана бейімделіп қана қоймай, шыңдалған жауынгер ретінде жаңа белеске қадам басты. Бесінші механикаландырылған бригаданың жас толықтырулары үшін Айша-бибі полигонындағы ең жауапты сынақтардың бірі – бронетехникамен таптау арқылы өткізілетін дәстүрлі психологиялық жаттығу болды. Көп тонналы ұрыс машинасының астына жатып, ол үстінен өткен сәтте нысанды тыл жағынан гранатамен шартты түрде жою – он сегіз жасар бозбалалар үшін оңай сынақ емес. Бұдан бір ай бұрын ғана әскер туралы тек теледидардан көріп, үйінде отырған жастар бүгінде сол қайнаған оқиғалардың бел ортасында жүр. Бұл жаттығу алаңында шынайы қауіп те, шектен шыққан адреналин де, қорқынышты жеңгеннен кейінгі ерекше рух та бар.
Әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Өскен Әбілқақовтың айтуынша, жаттығудың басты мақсаты – психологиялық кедергіні жою. Жас сарбаздар қорқынышын басқаруды, өзіне де, ұрыс машинасының экипажына да сенуді үйренеді. Мұндай сынақтар – болашақтағы жауынгерлік қызметтің берік іргетасы. Өйткені нағыз шайқаста адамның психологиялық тұрақтылығы шешуші рөл атқарады.
Психологиялық дайындықтан кейін сарбаздарды «АРД жолағы» (атлетизм, батылдық және шешімділік) деп аталатын жан-жақты сынақ күтіп тұрды. Бұл кезеңде әр жауынгерден барынша күш-жігер мен табандылық талап етіледі. Сынақ жолағында шартты түрде жараланған жолдасын қауіпсіз жерге сүйреп шығару, сапер күрегімен жұмыс істеу, граната лақтыру, жер бауырлап жылжу, ауыр жүктерді көтеру және терең ордан өз бетінше шығу сияқты тапсырмалар қамтылған. Осындай қиындықтар арқылы жауынгердің бойында мақсатқа жетуге деген табандылық пен қиын сәтте шегінбеу қасиеті қалыптасады. Сынақтан сынаққа өткен сайын осылайша нағыз Отан қорғаушының тұлғасы шыңдалып келеді.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ