Бақыттың кілті – берекеде
Ондаған, тіпті жүздеген ерлі-зайыпты бір уақытта шаңырақ көтеріп, тіпті қанша жерден бір деңгейде отбасын құрса да бір-біріне қарама-қайшы, мүлде ұқсамайтын, түрлі ғұмыр кешеді. Бірінің қазаны оттан түспей, қонақ күтуден қолы босамай, қара шаңырағы қыз-қыз қайнап, дастарқаны қашанда жайнап тұрады. Отау құрған екі жас бір-біріне ізетпен қарап, бір бірінің сөзін тыңдап, «келісіп пішкен тонның келте болмайтынын» дәлелдей түседі. Әлдене дұрыс болмай қалса, олар бір-бірін кінәламай-ақ, әрқайсысы кемшілікті өзінен іздейді. Әрбір ісіне кешірім де сұрай салады. Кезектесіп бала қарап, қабаттасып тірлігін істеп жүре береді.
Мұндай берекелі отбасының тасы өрге домалайтыны сөзсіз. Сыйластықтары артып, сол арқылы ата-аналарының да мәртебесін биіктететіні анық. Бірі сүрінсе, екіншісі демеу болады. Бірі құласа, екіншісі алақанын тосады. Тек сүйген жарының жаны сау болса, басқасының барлығын құрап, жасап алуға болатынын біледі. Олар өзге үшін емес, өз балаларының бақыты үшін ренжіспеуге тырысады. Ондай үйдің балаларының да жүзі жарқын, көңілді, еркін һәм әңгімешіл болып келеді. Ойларын анық жеткізіп, сыпайы сөйлейді. Өйткені олардың отбасы, ошақ қасынан алған тәрбиесі дәл сондай болған. Қазақ мұндайға «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп баға берген.
Енді бір отбасы, керісінше, әлдекім қинап қосқандай, ит пен мысықтай ырылдасып ғұмыр кешеді. Өздері не екі жаққа кетіп тынбайды, не татуласып бітпейді. Бірақ бір қызығы, бір-бірінен ажырамайды. Сөйте тұра бір-бірін іздейді, сағынады. Бұл жағдайда олар өздерін ғана емес, жалпы өздеріне қатысы бар жандардың барлығын шаршатады. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, бір бірін айыптап, айтпағаны қалмайды. Бірақ әне-міне екі жаққа кетеді-ау дегенде жұп болып, жараса қалады.
Бірде Алматы қаласына сапар шектім. Онда сол ару Алматыдағы бір дөкейдің ұлына тұрмысқа шыққан сіңлім күтіп алды. Біз мінген көлік үш қабатты зәулім үйдің алдына тоқтады. Мәрмәр тастан жасалған баспалдақтың өзі бұл үйдің сән салтанаты жарасқан, бақуатты отбасы екенін білдіріп тұрды.
Күтушілердің бірі иіліп бас киіміңді алса, енді бірі асыңды тасып береді. Сіңлімнің қарны тоқ, көйлегі көк екеніне разы пейілде отырдым. Кенет іштен көзін уқалап, ұйқылы ояу күйеу бала сыртқа шықты да, өрекпіген пейілмен сәлем берместен бұрын бас-аяғымды тінтіп қарап шықты. Сосын барып саусағының ұшын созып, ернін жыбырлатып, сәлемдескен кейіп танытты.
Үш қабатты үйдің әр қабатында арнайы демалатын бөлмелер мен олардың өзіне тән асай-мүсейі көздің жауын алып жарқырап тұр. Үйде күйеу баланың бірінші некесінен тараған ұлы мен қызы жүр екен. Олар маған біртүрлі көңілсіз көрінді. Үлде мен бүлдеге оранған құдалардың да қабағынан қар жауып тұрғандай. Бөлмелерді аралап болған соң теледидар көрдік.
Кейін асүйге шақырды. Бәрі маңғаз, тәкаппар. Үйдің әрбір мүшесі оң қолына пышақ, сол қолына шанышқы алып, үстел үстіндегі асты шұқылап жей бастады. Бір түйір дәмді жеп болғанша тыныс алмай отырғандай күй кештік. Сәлден кейін күйеу бала сіңлімді шақырып алып кетті. Оған бүгінгі астың дәмі ұнамапты. Одан бөлек ақ көйлегін үтіктегенде оның етегінің қыртысы онша жазылмаған екен. Соны айтып, үй қызметкерлеріне ұрысты. Одан қалса, «Туысыңды қай бөлмеге жатқызамыз?» деген дауысты да құлағым шалды. Ас ішіп отырғанда құда да құдағиды жекумен болды. апатына түсіп, ауруханадан шықтым. Бізде бәрі жақсы. Ауыл-аймақ аман ба? – деп бастырмалата сөйлеп жатыр. – Әуре болдың-ау, – деймін мен ыңғайсызданып.
Алтынмен аптап, күміспен қаптаған үйде бір сәт те қалғым келмей құлазып отырғанда, бірге оқыған құрбымның күйеуі қоңырау шалып: «Бізге айтпай Алматыға келіпсің. Жания екеуміз сенің келгеніңді неге «Facebookтен» көреміз, неге «күтіп алыңдар» деп қоңырау шалмайсың? Саған осы қылығың үшін әбден ренжідік. Біз саған бөтен емес едік қой. Қайдасың, қазір алып кетеміз», – деп іштарта сөйледі.
Құрбымның үйіне жүргенінен тұрғаны көп ескі көлікпен біз жеткенше қас қарайды. Ені мен ұзындығы бірдей кішкентай ғана бір бөлмелі пәтерде тұрады екен. Бұрыштағы қос бірдей жұмсақ жиһаз бөлменің жартысынан көбін алып тұр. Бір шетте тұрған үстелге жайғастық. Бұл отбасындағы төрт қара домалақ мені айналшықтап, былайша айтқанда, бала-шаға улап шулап, «қонақ келді» деп алақайлап, мәре-сәре болып жүгіріп жүр. Құрбыма орындық жетпей қалып еді, күйеуі дымын білдірмей, көршінің үйінен орындық көтеріп келді. Күйеуіне қасық жетпей қалып еді, құрбым дүкенге жүгіріп барып келе қойды. Бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырған екеуіне сүйсіне қарап мәз болдым.
Жалдамалы үйдегі көзге түсер жалғыз жиһаз – төрдегі мамық диван. Соған түнде ерлі-зайыптылар бой бермей, маған арнап төсек салып берді. Түн ауа қыстыға жылаған дауыстан оянып кеттім. Сөйтсем, осы үйдің 4 жасар қызы екен. Аядай бөлменің бір бұрышында қысылып қымтырылып жатқан балалар шетінен қысылғанын айтып жылап жатты. «Ұят болады. Бұл кісі қонақ. Тыныш» деп әкесі мен шешесі бәйек болғанын естідім.
Сол күні таңертең балаларды ауылға алып кеттім. Үш ай қарап бердім. Тынбай тірлік істеген екеу сол уақытта жиған-тергенін қосып Алматының шетінен жер сатып алды. Қуаныштарында шек жоқ, сондай бақытты еді. Өйткені бұл үйге құт қонып, береке дарығанын ұқтым.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ