Әлеумет

Басқа бәле – банк картасынан

Технология дамыған сайын интернет-алаяқтық та асқынып барады. Қулығына құрық бойламайтын алаяқтар халықты алдап-арбау үшін түрлі тәсілдерді қолдануда. Сол тәсілдердің бірі – дропперлерді пайдалану.

Дроппер – интернет-алаяқтардың тапсырмасын орындап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны өз банк шоты арқылы шешіп беретін немесе жеке есепшотын, банк картасын бөгде адамдардың пайдалануына ұсынатын тұлға. Көп жағдайда олар «жеңіл табыс», «жылдам ақша» деген уәделерге сеніп, заң алдында жауап беретінін ескермей жатады.

Көп жағдайда дропперлер алаяқтыққа бейсаналы түрде тартылады. Олар қылмысқа қатысы барын кеш түсінуі де мүмкін. Дропперлерді алдау немесе тартудың бірнеше әдісі бар:

Бірінші – «Табысы жоғары, қашықтан істейтін жұмыс». Интернетте жұмыс туралы хабарландырулар жарияланады, яғни тек ақша қабылдап, әрі қарай аудару қажет деп айтылады.

Екінші – банк шотын ашу үшін сыйақы ұсыну. Жастарға банк картасын немесе электронды әмиян ашып, оны «жұмыс берушіге» тапсыруға ұсыныс жасалады.

Үшінші – «шетелге ақша аударуға көмектесу». Алаяқтар шетелдегі туыстарына немесе серіктестеріне ақша жіберуге көмектесу керек деп сендіреді, бірақ шын мәнінде бұл ақшаны жылыстату әрекеті болады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу барысында дроппердің алаяқтық әрекеттерді білгені дәлелденсе, ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігіне сәйкес қылмысқа көмектесуші ретінде жауапқа тартылады. Сонымен қатар 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді. Аталған бап банк шоттарына, төлем құралдарына және сәйкестендіру деректеріне заңсыз қол жеткізу, оларды беру, алу немесе заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыру әрекеттерін қылмыс деп таниды. Заң талаптарына сәйкес, істің ауырлығына және келтірілген залал көлеміне қарай кінәлі тұлғаның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Нариман Торабековтың айтуынша, дроппер жай делдал емес, ол заңсыз қаржылық операциялардың қатысушысы.

Ал облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетовтің мәліметінше, былтырғы жылы дропперлікке қатысты 165 дерек тіркеліпті. Ал биылғы жылдың 9 айында 526 іс тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан.

Жалпы дроппер болмас үшін не істеу керек? Ең бастысы ақша аударымдарына байланысты күмәнді ұсыныстарды қабылдамау керек. Өз банк картаңыз бен шот мәліметтерін бейтаныс адамдарға бермеңіз.

«Мен білмедім» деген жауап заңнан құтылудың оңай тәсілі емес. Тергеу амалдарының қорытындысы бойынша барлық істің анық-қанығы айқындалады. Сол себепті мұндай алаяқтық әдістерін байқаған кезде бірден құқық қорғау органдарына хабар берген жөн. Банк картасының деректерін ешкімге бермеу, бейтаныс сілтемелер мен файлдарды ашпау, «оңай табыс» ұсынған күмәнді жарнамаларға сенбеу өзіңізді қорғаудың ең тиімді жолы.. Себебі бір сәттік пайдаға қызығу, болашақта бостандықтан айырылып, өмір бойы өкініш арқалауға себеп болуы мүмкін.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ