Әлеумет

Таразға мұзайдын керек

Балалығым өткен Қаратау қаласында арнайы сырғанақ немесе коньки тебетін орын, яғни жастардың көңіл көтеруіне арналған мұз айдыны атымен жоқ еді. Соған қарамастан қысты көңілді өткізудің жолын табатынбыз. Ойын баласы болған соң шанамызды құшақтап, ал шанасы жоқтар кәдімгі картон қорапты қолтықтап алып, орталық алаңға жақын маңдағы «Мәңгілік алау» ескерткіші тұрған сайға қарай ағылатынбыз. Сол жерде асыр салып, сырғанап, қаланы думанға бөлейтінбіз.

Үстіміз малмандай су болып, қанша тоңсақ та қас қараймайынша үйге қайтпайтынбыз. Ал келесі күні ата-анамыздың «қауіпті» деген ескертуіне қарамастан, роликті конькилерімізді киіп алып, мұз үстінде сырғанайтынбыз. Әрине, ол конькилер қысқы модель емес, талай мәрте тайып құлап, жарақат алған кездеріміз де аз болмады. Сонда да құмарымыз қанғанша сырғанаудан бас тартпайтынбыз.

Мектеп бітіргенімізге де 13 жылға жуықтады. Қазір облыс орталығына қоныс аударғанбыз. Алайда қазіргідей дамыған заманда Қаратау секілді моноқала тұрмақ, Тараздың өзінде мұз айдыны жоқтығы таңғалдырады. Тараз қаласының тұрғындары, әсіресе жастар, ғажайыпты баяғыша өз қолымен жасап, жабайы сырғанақтарды жағалап жүр. Ал мұз үстінде коньки тепкісі келгендер «MART» ойын-сауық орталығындағы аядай ғана мұз алаңында сырғанауға мәжбүр. Оның қауіпсіздігі өз алдына бөлек әңгіме.

Шынында да, қыстың сәні – қар мен мұз. Осындай қызығы мол мезгілде тұрғындардың уақытын көңілді әрі пайдалы өткізуіне арналған үлкен мұз айдынының болмауы көпшілікті алаңдатып отыр. Тараз қаласының тұрғыны Әмина Бұралхиева да мектеп жасындағы ұл-қыздарын апаратын қауіпсіз мұз алаңы жоқтығына қынжылды.

Тараз қаласына мұз айдынының қажеттілігі туралы әңгіме алғаш рет 2012 жылы көтеріле бастаған болатын. Сол кезеңде нысанның құрылысы «Жеңіс» саябағы аумағында жүргізіледі деп жоспарланып, арнайы жоба да әзірленген. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл жоба жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалып қойды.

Араға бірнеше жыл салып, 2018 жылдың күзінде «Таразда алғашқы мұз айдыны соғылады» деген жағымды ақпарат тарады. Жаңа жоба аясында қаланың орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ маңынан екі қабатты ғимараттың құрылысы басталған еді. Мұз айдынымен қатар, 500 көрерменге арналған трибунасы бар нысанның бас мердігері ретінде «НефтеХимПрибор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленді. Дегенмен бұл бастама да межесіне жетпей, жоба тағы да аяқсыз қалды.

Уақыт өте келе 2021 жылы «облыс орталығында мұз айдынының құрылысы қайта басталды» деген ақпарат тұрғындарға үміт сыйлады. Бұл жолы сол кездегі өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі салтанатты түрде капсула салу рәсіміне қатысып, мұз айдыны мен бокс орталығының құрылысын ресми түрде бастап берген болатын. Жаңа мұз айдыны 2 000 орынға есептеліп, мұнда әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу жоспарланған еді. Арена 2022 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілген. Алайда уақыт көрсеткендей, болашағы зор бұл жоба да толық аяқталмай қалды.

Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов жобаның сәтсіздікке ұшырауын өңірде қысқы спорт түрлерінің жеткілікті деңгейде дамымауымен байланыстырады.

Сала өкілдері Тараздың өз «Медеуінің» болмауын қысқы спорт түрлерінің дамымауымен байланыстырып жүргенімен, көрші өңірлердегі нақты тәжірибе бұл уәждің тек сылтау екенін айқын көрсетеді. Қысы біздің аймақтан әлдеқайда жылы, қар өте аз түсетін Қызылорда мен Шымкент қалаларында мұз айдындары әлдеқашан салынып, халық игілігіне табысты қызмет етіп келеді. Бұл нысандар климатқа қарамастан, ниет пен жүйелі жоспар болса, қысқы спортты кез келген өңірде дамытуға болатынын дәлелдейді.

Мәселен, 2013 жылы ашылған Қызылордадағы заманауи талаптарға толық сай келетін, көпфункциялы мұз айдыны хоккей, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей секілді қысқы спорт түрлерін дамытуға жаңа серпін беріп отыр. Ең бастысы, бұл кешен қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға қысқы спортпен тұрақты әрі жүйелі түрде айналысуға кең мүмкіндік ашты. Мұз айдынының негізгі миссиясы – аймақта қысқы спорт мәдениетін қалыптастыру, осы бағытта дарынды спортшыларды тәрбиелеу. Кешеннің инфрақұрылымы да жан-жақты ойластырылған. Мұнда кәсіби мұз алаңы, спортшылар мен әуесқойларға арналған арнайы бөлмелер, жаттығу залдары бар. Түрлі жаттығулар мен курстар, спорттық мектептер мен клубтардың жұмысы жолға қойылған. Білікті жаттықтырушылар мен мамандар балалар мен ересектерге арналған үйірмелер ұйымдастырып, спортқа деген қызығушылықты арттырып отыр.

Шымкент қаласында да дәл осындай мұз айдыны 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үшінші мегаполисте биыл тағы да ашық аспан астындағы екі мұз айдыны іске қосылып, қала тұрғындары мен қонақтарына конькиді тегін теуіп, қысқы демалысты белсенді өткізуге мүмкіндік берілді. Осылайша бұрын қысқы спорт түрлері дамымаған өңірде бүгінде арнайы секциялар жұмыс істеп, аймақтық әрі республикалық жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ең бастысы, бұл тәжірибе «қысқы спортқа климат қолайсыз» деген түсініктің негізсіз екенін көрсетіп отыр.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің денешынықтыру мен спорт теориясы кафедрасының аға оқытушысы, «Сұңқар» спорт клубы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дастан Жылысбаев Тараз қаласында мұз кешенін салу қала тұрғындары үшін маңызды әрі өзекті мәселе екенін айтады.

Дегенмен бұл бағытта сең қозғала бастағандай. Кеше Жаңа жылдық шыршаны жағу рәсімі аясында Тараз қаласы әкімдігі қолға алған жобалардың бірі – «Тараз» этно-мәдени кешеніндегі ашық мұз айдыны салтанатты түрде ашылды. «Climate Control» компаниясы жүзеге асырған бұл жоба биылғы қыстың ең тартымды демалыс орындарының біріне айналмақ. Мұнда келушілер үшін коньки жалға беру аймағы, кәсіби инструкторлардың қызметі, сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіз алаң қарастырылған.

Қысқы спортты баршаға қолжетімді ету – жобаның басты мақсаты. Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын мұзайдыны маусым бойы мыңдаған тараздыққа шаттық сыйлап, қысқы көңіл күйді көтеруге дайын.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ