Брифинг

Сапалы өнім – саулық кепілі

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаеваның қатысуымен «Өнімнің қауіпсіздігі – тұтынушылар саулығының кепілі» тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг барысында Салтанат Қордабайқызы өнімді бақылау жұмыстары мен сауда орындарындағы санитариялық талаптарға тоқталды. Оның айтуынша, өнімнің сапасы мен тазалық тәртібінің сақталуы бірінші орында тұруы тиіс.

Биылғы жылдың 11 айында өнімді бақылау мақсатында 2074 сынама алынып, оның 912-сі немесе 44 пайызы талапқа сай келмеген. Тамақ өнімдері бойынша 1325 сынаманың 403-і (30 пайыз) сәйкес келмесе, азық-түлік емес өнімдерден алынған 749 сынаманың 509-ы талапқа сай болмаған.

Сәйкес келмейтін өнімдерді кері қайтару шаралары аясында 15 тамақ өнімінен 657,3 келі, 9 азық-түлік емес өнімнен 187,5 келі қайтарылып алынған. Сонымен қатар 51 нысанда тергеп-тексеру жүргізіліп, 37 нысанда кемшіліктер анықталып, 33 нысанға жалпы сомасы 3 миллион 273 мың 390 теңге айыппұл салынған. Жеткізушіге қатысты 1 нысанға 88 470 теңге айыппұл қолданылған.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 14 тексеру жүргізіліп, 12 нысанда кемшіліктер анықталыпты. Бұл нысандарға жалпы сомасы 2 миллион 152 770 теңге айыппұл салынған.

Салтанат Қордабайқызы бей-берекет сауда орындарынан өнім сатып алмауға кеңес береді. Тағам өнімдерін таңдау кезінде жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, түрі, таңбалауына назар аудару маңызды.

Сондай-ақ дүкендер санитариялық ережелерді сақтауы керек. Мысалы, салаттар соуспен араластырылған күйде 3 сағаттан артық сақталмауы тиіс. Мұздатылған жартылай фабрикаттарды сатып аларда деформацияланған, жабысып қалған өнімдерді алмау маңызды. Мұздатылған өнімдердің сақтау температурасы минус 12 градустан төмен болмауы керек.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ