Әлеумет

Үздіктер марапатталды

Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Жастар балы – 2025» салтанатты кеші өтті. Жиында үздік деп танылған жастар марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.

Жиынның мақсаты – жастардың атқарған белсенді жұмыстары мен жетістіктерін бағалау, әр салада үздік деп танылған жас тұлғаларды көпшілікке таныту, жастарды еңбекке, білімге, шығармашылық пен патриоттыққа баулу.

Кеш шымылдығы 20 ұл мен 20 қыздан құралған жастар вальсімен ашылды. Бірыңғай түс пен біркелкі әрекетімен ерекшеленген бишілер келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал қызылды-жасылды киімдер мен түрлі сән үлгілеріне көмкерілген жастар кеш көркін қыздыра түсті. Салтанатты жиында алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы үздік деп танылған жастарға ыстық ықыласын білдіріп, өңірдің дамуына үлес қоса берулеріне тілектестік танытты.

Әрі қарай өңірдегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізген жастар марапатталды. Атап айтқанда жеңімпаздар «Үздік волонтерлік ұйым немесе топ», «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі», «Үздік жастар ресурстық орталығы», «Үздік жастар ресурстық орталығының маманы», «Үздік волонтер жас», «Үздік студент», «Үздік жастар ұйымы», «Үздік жайдарманшы» номинациялары бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды.

Кеш соңына қарай Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері ән шырқап, жастар би алаңынан табылып, келген қонақтар көңілді кеште естелік суретке түсіп, тарқасты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ