Әлеумет

Еңбек адамдары ескерусіз қалмайды

Ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі саласында қызмет етіп жүрген кез келген маманның еңбегі елеуге тұрарлық. Себебі қырда шаруашылықтың малын баққан шопан және бақташылардың, ерте көктемнен қара күзге дейін егіс басында жүретін диқандардың, техниканың тізгінін ұстаған механизаторлардың күнделікті күйбең тіршілігінің арқасында ел азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіліп отыр.

Нарықтағы ауылшаруашылық өнімінің сапалы болуы да солардың төккен тері мен оны қайта өңдейтін, оның талапқа сай болуын қадағалайтын жауаптылардың жемісті жұмысының нәтижесі. Сондықтан аталған сала қызметкерлерінің еңбегіне қоғам тарапынан әркез лайықты баға берілуі тиіс. Апта басында осы салада еңбек етіп жүрген өңірдегі бірқатар мамандар, сала ардагерлері, шаруа қожалық басшылары мен еңбек адамдары лайықты құрметке ие болды. Тарқата айтсақ, Тараз қаласында «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне» арналған «Дала еңбегі – ел ырысы» атты мерекелік жиын ұйымдастырылған еді. Оған өңірдегі ауылшаруашылығы, орманшаруашылығы, ветеринария саласының қызметкерлері қатысып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ізгі тілегін арнады.

Жиында Ербол Шырақпайұлы әуелі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Аталған құттықтау хатта: «Құрметті Жамбыл өңірінің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері! Баршаңызды биылғы егін орағының табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрқашан отандық агроөнеркәсіп саласының дамуына ерекше мән беріп, ата кәсіпті ардақ тұтқан ауыл еңбеккерлерінің лайықты құрметке ие болуы керектігін атап көрсетіп келеді. Дихандарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында биыл күзгі жиын-терін науқаны берекелі болып, ел қамбасына 24 миллион тонна дәнді дақыл жиналды. Аграрлы өңірлердің ішінде Жамбыл облысы биыл 3 миллион тоннадан астам өнім жинап, еліміздің дамуына мол үлес қосты. Осы орайда ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі болған ауыл игілігі жолында, әсіресе егіншілік саласында толайым табыстарға қол жеткізген шаруалар қауымына ризашылығымды білдіремін. Қазіргі таңда отандық ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгені құрады. Ал еңбек өнімділігі соңғы үш жылда шамамен 40 пайызға артты. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты. Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекет тарапынан саланы дамытуға қолайлы жағдай жасау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Біздің алдымызда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2030 жылға дейін екі есе арттыру, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру және оны жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту міндеті тұр. Осы мақсаттардың барлығы сапалы іске асырылып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде сіздер адал еңбектеріңізбен үлес қосасыздар деп сенемін», – делінген.

Жиында облыс әкімі ауылшаруашылығы халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты сала екенін, биыл осы салаға 48,6 миллиард теңге бөлініп, 5 мыңнан астам шаруа мемлекеттік қолдауға ие болғанын тілге тиек етті. Соның нәтижесінде ауылшаруашылығында 485,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 39,6 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Егістік көлемі 640 мың гектарға жетіп, 3,3 миллион тонна өнім жиналған. Шаруалар 858 жаңа техника сатып алса, осы арқылы техника паркінің жаңару деңгейі 6,3 пайызға көтерілген. Малшаруашылығында ет өндіру 2,2 пайызға, сүт көлемі 1,7 пайызға артқан. Сонымен қатар 410 мың тонна пияз экспортталып, облыс республика бойынша алдыңғы орынға шыққан.

Жиын барысында аймақ басшысы Тараз қаласындағы «Шамахсутов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Шониер Шамахсутовтың кеудесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденін тақты. Ал Шу ауданындағы «Нұр» шаруашылығының басшысы Топар Жаманбалаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Сарысу ауданының тұрғыны,  ауылшаруашылығы саласының ардагері Еркін Байсалбаевқа  «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды.  Т.Рысқұлов ауданындағы «Бай Алғабас» шаруашылығының басшысы Арылбек Қораласбаевқа «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Жуалы ауданының тұрғыны,  ауылшаруашылығы саласының ардагері Әбдікерім Үркімбаев пен Талас ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ауданбек Ерубайға табыс етілді. Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне Тараз қаласындағы «Мырзахметов» шаруа қожалығының басшысы Әлімқұл Сырғабаев пен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Базарқұл Мырзағалиев ие болды. Сондай-ақ бірқатар азамат ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.

Жиын соңында материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында ветеринария және орман шаруашылығы қызметкерлеріне арнайы автокөліктер табыс етілді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ