Өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешті
Қазақ өнерінің корифейі Асанəлі Əшімов дүние салғанда кең дала қоңыр мұңға боялып, түнеріп тұрып қалғандай күй кештік. Бұл мұң ұлы дала сахнасының саңлағына айналған халықтың сүйікті ұлының жоқтауына ұласты. Əрбір сөзі жүрекке жетіп, əрбір бейнесі халықтың жадында мəңгі сақталып қалған тұлға өз биігінде сөнбес алауға айналды. Өзгенің өмірінен сыр тартқан асқақ рухтың иесі енді өз тағдырын арқалап кете барды. Уақыт иірімінде елдің мұңы мен қуанышын үнсіз жеткізе білген тарпаң тұлғаның есімі ешқашан көмескі тартпайды.
Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті
КӨЗІ ТІРІСІНДЕ-АҚ АҢЫЗҒА АЙНАЛДЫ
Ардақты ағайын!
Ұлт руханиятының абыз ақсақалы, қазақ мәдениетінің алып тұлғасы Асанәлі Әшімов ағамыз келместің кемесіне мініп, бақиға аттанды. Барша Алаш жұртына, ағамыздың әулеті мен ағайын-бауырларына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтамын.
Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Асанәлі ағамызбен бірге тұтас бір дәуір өткендей. Ерек талантымен, кәсіби шеберлігімен қазақ өнерін бір биікке көтеріп, қалың қазақтың қадірлісіне айналды. Көпжылдық еселі еңбегі үшін Президентіміздің қолдауымен Қазақстанның Еңбек Ері атанды.
Мен де ағамызбен етене жақын араласып, сыйлас-сырлас болдым. Әкемнің көзін көріп, дәмдес болғанын жиі айтып отыратын. Айналасына қамқор, кісілігі мен кішілігін сақтаған, жүрегі кең жан еді.
Бар ғұмырын қазақ театры мен кино өнерінің өсіп-өркендеуіне арнап, соңында соны соқпақ, өшпес із қалдырды. Көптеген талантты жасқа қолдау көрсетіп, үлгі-өнеге болды.
Асылдардың көзіндей, алыптардың сөзіндей болған өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз.
Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын!
Аида БАЛАЕВА,
ҚР Премьер-министрдің
орынбасары,
Мәдениет және ақпарат министрі
РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ АБЫЗЫ ЕДІ
Қазақ киносы мен театрының асқақ шыңы, сахна мен экранда тұтас бір дәуірдің болмысын бедерлеген алып тұлға – Асанәлі Әшімовтің дүниеден өткені туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Аңызға айналған ағамыз тек жамбылдықтардың ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы, руханиятымыздың абызы еді.
Асанәлі Әшімұлы – өнерді өмірінің мәніне айналдырған, әр рөлі арқылы халықтың жандүниесіне терең үңіле білген шынайы шебері болды. Оның сомдаған бейнелері ұлт жадында мәңгі сақталып, көрермен жүрегінде өшпес із қалдырды. Ол қазақ руханиятының биік болмысын танытқан символ, өнерге адалдықтың өлшемі дер едік.
Тау тұлғаның жары Бағдат апайымызға, ұлы Асанәліге, туған-туыстарына, сондай-ақ барша қазақ халқына жамбылдықтар атынан қайғыра көңіл айтамын. Қазақ халқы барда Асанәлі Әшімовтің асыл есімі мен мол мұрасы ешқашан өшпейді.
Марқұмның иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпағына, туған-туыстарына сабыр мен ұзақ ғұмыр тілеймін.
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ,
облыс әкімі
БҮКІЛ ӨМІРІМІЗ БІРГЕ ӨТТІ
Егіздің сыңарындай болған Асанәлі... Асеке, сен қайда кеттің?! Мен қайда қалдым?!
Баяғыда Бекежанның рөлін ойнап жүргенде: «Ә, не десем екен мына дүниеге?» – деуші едің, бәтуәсіз, тұрақсыз, бейопа өмірдің опындырған мына ісіне мен де не дейін деп отырмын. Сенің жалындаған бар өмірің қас-қағым сәттік болғаны ма? Не десем екен? Әр нәрсеге икемді қызыл тілге не болған? Тілім күрмелді. Төңірегім қарауытып кетті. Жан-жағыма қарасам бір құйрықты жұлдыз ағып бара жатты. Сол жұлдыз сенсің бе, Асеке, құдай-ау?! Жә, сені іздеп соңғы деміміз біткенше осылай дей беретін шығармыз, амал жоқ...
Екеуіміз Байқадамның мектебінде 8-класта бірге оқыған түлек едік. Көп хикаяны айтып керегі не?! Бүкіл өміріміз бірге өтті ғой. Бәрі көз алдымда. Бәрі есімде. Сен қазақтың театр және кино өнерінде бір халықтың ғана ұлттық мақтанышы болған жоқсың, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың бір ғана емес бірегейі болдың. Көп айт, аз айт, сенің мына кетісің ұлы даланы тітіреткен ұлттық қайғыға айналды, қабырғамызды сөгіп...
Халқыңа сүйікті болғанға не жетсін, жалғыз мен ғана емес, елің жоқтап отыр. Тағы да не дейін, өкінішпен бітетін жазмыш ісіне дауа жоқ екен. Сені сағынышты көңілмен жоқтай жүрерміз, Асеке... Хош бол, бауырым! Алдыңнан пейіш нұры шалқысын!
Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
өнертанушы, композитор
БІР ДӘУІРДІҢ РУХЫН АРҚАЛАП ӨТКЕН АЛЫП ТҰЛҒА
Қазақ киносының мэтрі, ұлттық мәдениет пен өнердің асқар тауына айналып бір дәуірдің рухын арқалап өткен алып тұлға Асанәлі ағамыз да пәниден бақиға бет бұрды. Мыңдаған адамның жүрегінде із қалдырған ұлы актердің кетуі өлімнің ақиқат екенін түсінетін саналы жанның бәрін сең соққандай етті...
Мынау мазасыз дүниеде безгек тигендей селкілдеп қалдық. Жүрек сыздағанымен, жан мұздағанымен ажалға қарсы амалымыз жоқ. Қазақ киносының «Алтын қорына» өлмес рольдер мен шеберлік үлгісін қалдырған Асанәлі ағамыз өзінің өнері арқылы қазақ халқын әлемге танытты. Оның әрбір ролі – сахна мен экрандағы шынайы адам тағдыры, қазақ рухының биік бейнесі еді. Өзіне тән өнері мен шеберлігі арқылы ұлттық мәдениеттің қандай болатынын ұқтыра алды. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Асанәлі ағаның өнері – ұрпақтан-ұрпаққа жететін баға жетпес мұра. Өз дәуірін қапсыра «құшақтаған» күйі әрбір ойлы көрерменнің жүрегінің төрінде сақталады. Қайталанбас өнерімен, тағдыры тарту еткен теперішін көтере алғанымен қазақтың есінде қалады. «Көреміз» бағдарламасының түсірілімінде бір апта бұрын ғана болып едік. Сонда: «Ана «Жармақты» барлық жерде қоюың керек. Сен өзіңді дәлелдеп келесің ғой» – деген еді…
Мақтау сөзді орынсыз айта бермейтін ағаның ризашылық білдіргені деп қабылдағам. Бәлкім, аманаты...
Рухыңыз шат болсын, аға!
Бекжан ТҰРЫС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ЖҮРЕГІ ШУАҚТЫ КІСІ БОЛАТЫН
Суық хабар қабырғамызды қайыстырып отыр. 88 жасқа қараған шағында КСРО-ның және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов ағамыз бақиға озыпты. Бұл қаза барша қазақ даласына ауыр тиіп тұрғанын сеземін.
Асанәлі Әшімұлы бір қараған кісіге сұстылау көрінгенімен, жандүниесі сұлу, жүрегі шуақты кісі еді. Әсіресе, туған жері Сарысу ауданына жиі келіп, туған жерінің әр жетістігіне қуанатын. Әйгілі ағамыздың кино мен театр әлеміндегі өлшеусіз мол еңбегін осы салаға еңбегін сіңірген тұлғалар айтып жатқан болар. Мен өзім көрген, куә болған сәттерін ғана баяндайын.
2017 жылы Асанәлі Әшімов ағамыз 80 жасқа толды. Мен ол кезде Сарысу ауданының әкімі едім. Жайылма ауылында бірнеше киіз үй тігіп, республикалық ақындар айтысын ұйымдастырып, тойды лайықты атап өттік деп ойлаймын. Асанәлі ағамыз сол кезде сахнаға көтеріліп, елге үлкен алғысын айтқаны есімде. Сол тойдан соң аңыз ағамыз маған да үлкен алғысын айтып, батасын да берді. Көп ұзамай ағаны тағы да шақырып алып, кеудесіне «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» деген лентаны тағып, төсбелгі қададық. Ол кезде де өте риза болды. Асанәлі ағамыз әр келген сайын аталған ауданының, ауылдың бірқатар мәселелерін ескерте кететін. Біз ол шаруаны тез арада шешіп, реттейміз. Аға ол шешімнің барлығына риза болып жүретін.
Біз Асанәлі Әшімовтың есімін бала күнімізден естіп өстік. Ол кісі ойнаған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» фильмдерін көріп өскеніміз рас. Осындай аңыз адаммен кейінірек талай дастарқандас болып, алдында қызмет жасадық. Ақсақалдың мерейін асыруға, көңіліне қаяу салмауға күш салдық. Ол кісі әр келген сапарында Сарысу топырағынан үлкен қуаныш және қанағатпен аттанды деп ойлаймын.
Аңыз адам туралы қаралы хабарды есту оңай болмай отыр. Жазмыштан озмыш жоқ. Асанәлі ағаның отбасына, жақын туыс, бауырларына қайғырып көңіл айтамын. Барша қазақ еліне көңіл айтамын. Аңыз ағаның еңбегі, құбылысқа бағаланған рөлдері әрқашан ел есінде жүреді. Ағаның жарқын бейнесі жүрегімізде сақталады. Жаны жәннатта, топырағы торқа болғай!
Балабек НАРБАЕВ,
Тараз қаласының және
Сарысу ауданының Құрметті азаматы
ДАРА ТҰЛҒАНЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Еліміздің руханияты мен өнері қара жамылды. 89 жасқа қараған шағында КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, театр және кино саласының көрнекті өкілі Асанәлі Әшімов өмірден озды.
Асанәлі Әшімұлы ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, театр және кино өнерінің биік кәсіби мектебін қалыптастырған дара тұлға еді. Оның «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспрессі» және тағы басқа көптеген кинофильмдерде сомдаған басты рөлдері нағыз әртістік шеберліктің озық үлгісіне айналды. Бұл туындылардың барлығы жарық көргеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге көрерменін жоғалтпай, зор сұранысқа ие болып келеді. Көрнекті актердің театр сахнасында да айшықты өнегесі мен өрнекті ізі, өшпес қолтаңбасы қалды.
Өнер сүйер халқы барда Алаштың абызы атанған дара тұлғаның жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы ешқашан ұмытылмақ емес.
Асанәлі Әшімұлының отбасы мен ағайын-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі
ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ҚАРЫШТАП ДАМУЫНА ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС ҚОСТЫ
Қазақ өнері мен руханияты қара жамылды. Асанәлі ағаның да соңғы сағаты соғыпты. Ол Қазақстан киносы мен театр өнеріндегі тау тұлға еді. Суық хабарды естіп қабырғамыз қайысты.
Асанәлі Әшімов елдің ұлы, халқының сүйікті перзенті, біздің жамбылдық жерлесіміз. Ол кино және театр актері, режиссер, театр педагогі, профессор ретінде қазақ өнерінің қарыштап дамуына қомақты үлес қосты. Өнердің биік шыңын бағындырып, еселі еңбегі үшін мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанды. Қазақстанның Еңбек Ері (2017) атағын алды.
Асанәлі Әшімов 1958 жылы түсірілген әйгілі «Ботагөз» фильміне студент кезінде-ақ түсті. Ал көптің көзайымына айналған Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильміндегі рөлін ел ерекше ықыласпен қабылдады. Кинокартинаны 1972 жылдың өзінде 30 миллионға жуық көрермен тамашалады. Сондай-ақ «Транссібір экспрессі», «Маньчжур нұсқасы», «Қыз-Жібек» фильмдері халықтың жүрегінен орын алды.
Жалпы ол кино мен театрдың терезесін тең ұстады. Өнердегі өнегелі еңбек жолында 30-дан астам фильмге түсіп, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында 50-ге жуық рөлді сомдады, 1963 жылдан бастап актер және режиссер ретінде еңбек жолын бастады. Ол «әкемтеатр» сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» – Керім рөлін, «Еңлік-Кебегінде» – Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Айшуақты, «Таңғы жаңғырығында» – Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қодарды және өзге де кейіпкерлерді ерекше сомдап, актерлік шеберліктің шыңын танытты. Көрнекті артист басшылық қызметтерді де абыроймен атқарды. Ұзақ жылдар бедерінде Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті қызметін атқарды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болды.
Соңғы сапарына шыққан ағамыздың рухы шат болсын! Оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Жаныңыз жәнатта болсын, жақсы аға!
Гүлдара НҰРЫМОВА,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің депутаты
ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ҚАРЫШТАП ДАМУЫНА ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС ҚОСТЫ
Қазақ өнері мен руханияты қара жамылды. Асанәлі ағаның да соңғы сағаты соғыпты. Ол Қазақстан киносы мен театр өнеріндегі тау тұлға еді. Суық хабарды естіп қабырғамыз қайысты.
Асанәлі Әшімов елдің ұлы, халқының сүйікті перзенті, біздің жамбылдық жерлесіміз. Ол кино және театр актері, режиссер, театр педагогі, профессор ретінде қазақ өнерінің қарыштап дамуына қомақты үлес қосты. Өнердің биік шыңын бағындырып, еселі еңбегі үшін мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанды. Қазақстанның Еңбек Ері (2017) атағын алды.
Асанәлі Әшімов 1958 жылы түсірілген әйгілі «Ботагөз» фильміне студент кезінде-ақ түсті. Ал көптің көзайымына айналған Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильміндегі рөлін ел ерекше ықыласпен қабылдады. Кинокартинаны 1972 жылдың өзінде 30 миллионға жуық көрермен тамашалады. Сондай-ақ «Транссібір экспрессі», «Маньчжур нұсқасы», «Қыз-Жібек» фильмдері халықтың жүрегінен орын алды.
Жалпы ол кино мен театрдың терезесін тең ұстады. Өнердегі өнегелі еңбек жолында 30-дан астам фильмге түсіп, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында 50-ге жуық рөлді сомдады, 1963 жылдан бастап актер және режиссер ретінде еңбек жолын бастады. Ол «әкемтеатр» сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» – Керім рөлін, «Еңлік-Кебегінде» – Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Айшуақты, «Таңғы жаңғырығында» – Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қодарды және өзге де кейіпкерлерді ерекше сомдап, актерлік шеберліктің шыңын танытты. Көрнекті артист басшылық қызметтерді де абыроймен атқарды. Ұзақ жылдар бедерінде Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті қызметін атқарды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болды.
Соңғы сапарына шыққан ағамыздың рухы шат болсын! Оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Жаныңыз жәнатта болсын, жақсы аға!
Гүлдара НҰРЫМОВА,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің депутаты
ЕЛ АЛДЫНДА ЕР БЕКЕЖАН БОЛЫП ҚАЛДЫ…
Аты аңызға айналған алып өнер тарланы Асанəлі Əшімов ағамыз да өмірден өтті. Алла алдынан жарылқасын! Күрделі тұлға еді… Тағдырдың тартуын, салғанын да, салмағын да көтерді. Асыл жардан, қос ұлдан айырылу жауыңа тілемейтін ауыр қайғы еді... Өмірдің сын сағаттарында сыр білдіріп алғаны да рас. Екі дəуірде де айтқаны болды, айдағаны жүрді. Өнердің алтын дəуірінің аяғы, алыптардың соңғы тұяғы еді. Елдің көз алдында ер Бекежан болып қалды. Қайсар чекист Қасымхан Шадияров бейнесі көзден кетпейді...
Иə, «Қыз Жібек» киносы сəн-салтанатымен, даңқымен қазақ даласын дүбірлетіп жібергенде көшеде кездесіп қалған кемпірлер кинодағыдай Бекежанның бетіне түкіргені талай жазылды. Бұл нағыз образды ойып тұрып күшті сомдай білгеннің өмірдегі көркем көрінісі еді. Өз рөлін керемет шынайы орындағаны сонша, кейде маған Асекең Бекежан рөлін емес, өзін ойнағандай көрінеді…
2011 жылы болу керек, ұлы ақынымыз Мұқағалидың 80 жылдығына Қарасазға бардық. Сонда Асанəлі Əшім ағамызды отбасымен жəне белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Марат Тоқашбай үшеумізді қонуға бір үйге түсірді.
Сонда Бағдат жеңгеймен танысып, Асекеңе «Біздің үйдегі келініңіз де жазиралы Жаркент өңірінен» дегенімде: «Ой, жақсы болды ғой, жұмсайтын жас бажа табылды», – деп рақаттана күлген еді. Асекең сол күні түнімен өнер туралы, өзі қолына су құйған Шəкен Аймановтай алыптар жайлы, театр-кино саласындағы өз басынан өткен əңгімелерді айтып шыққан еді.
Соңғы рет осы жазда арынды ақын Бақыт Беделхан бауырымның 50 жасқа толған тойында көрдім. Бір үстелде отырдық. «Бажалар чатын ашайын деп жатырмыз, басында өзіңіз тұрасыз» деп əзілдегенімде, «Жарайды» деп күлген болатын.
Тоқсанға бір-екі жас жетпей кетіпті...
Отбасына, ұлына, Бағдат жеңгемізге, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Қазақ өнеріне көңіл айтамыз.
Пейіште рухы шалқи бергей.
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Мəжілісінің депутаты
ДӘУІР КӨШІП БАРАДЫ...
Қабырғамыз сөгілді. Көз жасымыз төгілді. Жүрегіміз езілді. Ел-жұрты егілді. Алаш аспаны бір сәтке аласарды. «Қараңғы түнде тау қалғыды»... Бұл қайғы – халықтың қайғысы болғанда басқаша қалай деуге болады? Дүниеден бір дәуір көшіп барады.
Көзі тірісінде аңыз-абызға айналған, танымалдылығы төрткүл дүниенің түпкіріне жеткен, Алаш атын аспандатқан, Аймановтардың аманатын алға апарып, арманын асыра орындаған Асанәлі Әшімұлы – Бекежан баһадүр бұ жалғанның есігін жылы жауып, өзі жиі жазып, жиі айтатын сағынышқа айналған самородок – сары алтындарына аттанды.
«Әлі талай мың өліп, мың тірілерсің» деуші еді жанындай жақсы көрген досы Оралхан. Күні кеше ғана жарық көріп, тұсауы кесілген «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кісілік кітабы соңғы аққу әніндей болған екен. Сәбит досы екеуі «біз айтып кетпегенде, кім айтады?» деп кітап жазудан жарысқа түсіп еді. Артында тағы да беті ашылмай қанша кітапқа арқау болар алты дәптер қалды.
Тәңірден оған талант берілді. Сан қырлы, көл-көсір талант. Оған ғана тән тартымдылық, тектілік көп кісінің бойынан кездеспейтін еді. Ол жұртты өзінің дарын қуатымен мойындата тұра, сол дарын атрибуттары былайғы өмірінде де сәтті жалғасып, тәнті етіп жататын. Ойынында бір фальш жоқ, оның қалжыңында да халтура болмайтын. Ол жағымпаз, жасанды емес, жасампаз ғұмыр кешті.
...«Егемен Қазақстанға» «Жаңа өзен оқиғасы туралы мақала беріңіз» деп қыштағанда: «Мен «маскүнем, нашақор» деп айыптағанға түп-тамырымен қарсымын, мен халық артисімін, қашанда халық жағындамын, халық өз құқын талап етті» – деумен шектелдім» деп жазды соңғы кітабында кинода да, сахнада да қайта тумас қаҺарман кейіпкерлерді сомдаған Асаға. Иә, ол шынында халық артисі еді. Ол отырған жердің бәрі жарқырап кететін. Ат шаптырым үлкен залдарға, ғимараттарға әкім-қаралар кіріп келе жатқанда селт етпейтін халық, оны тік тұрып қарсы алатын. Көшеге шыға қалса, жұрт кес-кестеп жүргізбейтін. Халықтың құшағында болған, шексіз сүйіспеншілігіне бөленген мұндай тұлғалар аз да емес, көп те емес. Солардың қатарындағы санаулы санаткердің бірі еді ол. Түнеу жылдары оның басына қара бұлттай қаптаған қайғыны еңсерген де сол халықтың өлшеусіз құрметі еді.
«Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деп өткен ол қашанда осы ұстанымынан айнымады. Басқасын былай қойғанда, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» – трилогиясы ұлт руханиятының тарихында мәңгілікке қалатыны алғаусыз ақиқат.
Асағаңның кластасы, досы Октябрь әкеміз «Асанәлінің төбесін көргеннен бар екенбіз ғой, бар екенбіз деп шүкіршілік етемін» дейтін еді. Бұл сөздің қазақ аманда әлі талай айтылатынына, айтыла беретініне шүбә жоқ.
...Ол енді биіктей береді.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
жазушы