Жастарды қолдау жалғасын табады
Кеше «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Көрме залында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Жұмысшы мамандықтар жылының» жабылу салтанаты өтті.
«Еңбегім – еліме: адал еңбек, айқын мақсат» атауымен өткен форумды өңір басшысы құттықтау сөзбен ашып, атаулы жыл аясында атқарылған ілкімді істерге тоқталды.

Атап айтқанда, «Инновация мен технологиядағы үздік серіктестік» номинациясы бойынша «Smart Light Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аян Мырза және «Үздік стратегиялық серіктестік» аталымында Тараз қаласындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытының директоры Қайрат Болатов үздік деп танылды. Ал «Үздік әлеуметтік серіктестік» марапаты «MoozTau» ЖШС директоры Қуандық Өтеғұловқа, «Студенттерді қолдаудағы үздік серіктестік» номинациясы «Мерагро» холдинг жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұркелді Абжапаровқа берілді.
Мұнан соң «WorldSkills» чемпионатының «Алтын медаль» иегерлеріне құрмет көрсетілді. Аталған сайыста «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзіреттілігі бойынша жеңімпаз атанған Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенті Асыл Батырхан мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша ойы озық жастардан оза шапқан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ақжан Тоқтыбай облыс әкімінің марапатына ие болды.
Марапаттау салтанатынан әріптестеріміз де олжалы қайтты. «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысының «Үздік жас ақын» номинациясы бойынша «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Жұматай Көксубай, «Үздік жас журналист» аталымында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есен Өтеулиев үздік деп танылды. Сонымен қатар «Үздік жас педагог», «Үздік жас спортшы» және өзге де аталымдар бойынша әр салада дара шыққан жастар өңір басшысының қолынан лайықты марапаттарын алды.
Айрықша атап өтерлігі, «Үздік жас құтқарушы» номинациясы бойынша үздік шыққан Бейбіт Ақылбай биыл жазда қызыл жалын шарпыған өрт ортасынан қарт кейуананы аман алып шығып, көзсіз ерлік көрсеткен болатын.
Салтанатты жиында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері де марапатталды. Аталған грантқа ие болған дарынды жастар ғылым, мәдениет, медиа, бизнес, жасанды интеллект, әлеуметтік жобалар мен жастар бастамаларын қолдау бағыттары бойынша іріктеліп, көрсетілген қаржылай қолдау арқылы өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Форум барысында тау-кен өндірісі саласында кәсіби біліктілігімен, еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен танылып жүрген «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» кен-байыту кешенінің техник-технолог маманы Әлібек Сатқанбаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамдарының мерейін өсіруге бағытталған бастамалардың маңызы зор болғанын атап өтті.
Сондай-ақ белсенді жас, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Айбек Коммунарбек жастар атынан сөз сөйледі.
Мазмұнды да мағыналы жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ