Бүгін қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының туған күні
Бүгін даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан Момышұлының (1910-1982) туған күні.
24 желтоқсан қазақтың перзенті, Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының туған күні. Ол 1910 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Бауыржан Момышұлы тәртіп пен тәрбиенің, қайсарлықтың эталонына айналған тұлға.
Бауыржан Момышұлы әу баста мұғалім, одан аудандық атқару комитеті хатшысы, қаржыгер, милиция бастығы болып қызмет атқарған. 1932 жылы міндетті әскери қызметін өтеген. 1933 жылы артиллерия училищесін бітіріп, запастағы офицер болып оралады. 1936 жылы әскер қатарына қайта шақырылды.
Бауыржан Момышұлы сол жылдары Кеңес одағының алғашқы бес маршалының бірі В.Блюхердің алдында ат спорты өнерін көрсеткен. Кейін, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде Бауыржан Момышлұлы әскери бөлімдердің командирі ретінде айырықша дарындылығымен танылды. Ол майданға батальон командирі ретінде аттанды. Кейін полк, дивизия басқарды. Бауыржан Момышұлы майданда 7 мәрте қоршауды бұзып шыққан қолбасшы. Ол кейін 9 гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болды. Баукеңе 1942 жылы Кеңес одағының батыры атағын беру туралы тиісті органдарға ұсыныс жасаған қолбасшылар да болған. Алайда, бұл атақ оған, батыр өмірден озған соң, 1990 жылдың 11 желтоқсанында берілді.
Қайраткер әскери тұлға ғана емес, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған жазушы. Ол қазақ әдебиетіндегі әскери жанрдың негізін салушы ретінде танылған.