Жаңалықтар

Қазақстанда ауа райы күрт құбылады: қар, жаңбыр және көктайғақ күтіледі

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы тәуліктерде Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды arainfo.kz

Ел аумағында қар, жаңбыр және қар аралас жаңбыр жауады деп болжануда.

Синоптиктердің хабарлауынша, еліміздің солтүстігінде, батысында, орталық аймақтарында және оңтүстік-шығысында қар жауады. Маңғыстау мен Атырау облыстарында қар аралас жаңбыр, кей жерлерде мұзды жаңбыр мен көктайғақ болуы мүмкін. Ал Түркістан және Қызылорда облыстарында жаңбыр күтіледі.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетуі ықтимал.

Таңертең және кешкі уақытта Маңғыстау, Қарағанды, Жетісу, Жамбыл, Алматы, Абай, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында тұман түседі деп болжануда.

Мамандардың мәліметінше, түнгі, таңғы және кешкі мезгілде еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы нөлден төмен болады. Осыған байланысты тұрғындарға жолда абай болу және қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.