Аида Балаева архив қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Бүгін – ел тарихын сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра қалдыруға үлес қосып жүрген архив қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз құттықтауында архив ісінің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстанда 236 мемлекеттік архив жұмыс істейді, онда 27,8 млн сақтау бірлігін құрайтын 74 725 архив қоры сақталады. Соның ішінде 3 млн-нан астам іс электрондық форматқа көшіріліп, азаматтардың архив материалдарына қолжетімділігі артқан.
Биыл «Ұлттық цифрлық архив» порталы іске қосылып, архив, музей және кітапханалардағы құжаттық материалдар бір жүйеге келтіріледі. Сондай-ақ, «Архив – 2025» жобасы аясында 14 елдің архивтері мен ғылыми мекемелерінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құнды құжат ғылыми айналымға енгізілді.
Министр архив қызметкерлерін құжаттанушы, зерттеуші, IT-маман, реставратор және аналитик қабілеттерін үйлестірген әмбебап кәсіби маман ретінде бағалады.
2025 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен бірнеше архив қызметкері «Құрмет» ордені, «Еңбек ардагері» және мерейтойлық медальдармен марапатталса, сала бойынша 197 қызметкер ведомстволық наградалар алды. Биыл 265 маман біліктілігін арттырды, орташа жалақысы 29%-ға өсті.
Аида Балаева архив қызметкерлеріне денсаулық, отбасыларына амандық және кәсіби табыс тілеп, кәсіби мерекелерін құттықтады.