Экологиялық мәдениетке баулитын ерекше туынды
Астана қаласындағы «ORTA Creative Hub» алаңында 12 жастағы қазақстандық жас автор Платон Нечаев жазған «Платонның сиқырлы әлемдері» атты экологиялық ертегілер топтамасының таныстырылымы өтті. Жоба балалар арасында экологиялық ойлау қабілетін дамытуға және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға бағытталған.
Іс-шараға балалар мен ата-аналар және мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ журналистер қатысты. Қонақтар қатарында – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, Сенат Төрағасының кеңесшісі Динара Садвакасова, Энергетика министрінің кеңесшісі Әсел Серікпаева, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілі және БАӘ Елшілігінің дипломаты Айша Альмесмари болды.
Басқосу барысында Платон Нечаев «EcoStories» жобасының дамуымен таныстырды. Жобаға кітаптар топтамасы, ойын түріндегі экотроптар мен білім беру мақсатындағы Telegram-бот кіреді. Балалар үшін экологиялық викторина мен PLATON 5D шығармашылық шеберлік сабағы ұйымдастырылып, эко-қаһармандар жасалды.
Кітап сатылымынан түскен қаражаттың бір бөлігі Астана қаласындағы Ботаникалық бақта алғашқы ойын форматындағы экомаршрутты іске қосуға және көктемгі ағаш отырғызу бағдарламаларына жұмсалмақ.
Жалпы «Платонның сиқырлы әлемдері» жобасы – бір жеткіншектің бастамасы қоғамды табиғатты аялауға және тұрақты болашаққа ұмтылуға шабыттандыра алатынының жарқын мысалы.
Сымбат ҚУАНЫШ